№2 Ақтау қалалық емханасының балалар бөлімінде иммундау аптасына орай шара өтті. Халықаралық деңгейде жүргізіліп отырған иммундау аптасының аясында тұрғындарға жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарының маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
- Жыл сайын өткізілетін акцияның мақсаты - иммундау қажеттілігінің маңызы туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыру және егулермен толық қамту үшін насихаттау жұмыстарын жүргізу. Егуден бас тартқан ата-аналарды жинап, мамандармен кездестіріп, олардың кеңестерін тыңдауына мүмкіндік жасау. Нәтижелі жұмыстың қорытындысында екпеден бас тартқан 120 ата-ананың 90-ы балаларына екпе егуге келісім берді. Енді қалған 30 ата-анамен жұмыстар жүргізілуде. Екпеден бас тартадан ата-аналардың басым көпшілігі діни ағымның жетегінде жүрген ата-аналар екенін айта кеткім келеді. Жалпы иммундау аптасы елімізде 24-30 сәуір аралығында жүргізілді-деген №2 Ақтау қалалық емханасы директорының балалар жөніндегі орынбасары Жанна Шаңытбаева қалада полимилит екпесін 1 мен 5 жас аралығындағы 2355 бала алғанын атап өтті.
Мерекеге орай емхана іші әсем безендіріліп, ертегі кейіпкерлерінің киімдерін киген медицина қызметкерлері ата-аналарға ақпараттандыру құралдарын таратып, балаларға естелікке сыйлықтар табыстады.