«Ел іші өнер кеніші». Қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған мың қыстаулы Маңғыстау мекені шетінен шебері көп өлке. Бүгінде бұл өңірде көшпелі қазақ тұрмысында қолдануға ыңғайлы, төзімді, әрі жеңіл деп ескерілген ағаштан бұйым жасаушы қолөнер шеберлері де аз емес. Солардың бірі - біз әңгімелегелі отырған ағашшы жаңаөзендік Нұрлан Назарұлы. Теңге ауылында тұратын қарапайым қолөнер шебері аталмыш кәсіптің арқасында көптің алғысына бөленуде. Себебі ол жасаған дүниелер сапалы болуымен байланысты.
«Жиырма бес жасыма дейін ағаштан бұйым жасамақ түгілі, шегені түзу қағып көрген адам емеспін», деп бастады әңгімесін Нұрлан Төкенов. Шыны керек, ағаштың қадір-қасиетін түсініп, одан бұйым шығарып отырған ұстаның бұл сөздері әркімнің-ақ таңданысын тударары сөзсіз. Кез келгеннің қолынан келіп, маңдайына жазыла бермейтін өнерді соншалықты игеруге қалайша мүмкін екенін шебердің арғы толғанысынан түсіндік. «Жаңаөзенге көшіп келген жылы №2 орта мектепке технологиядан оқытушы болып жұмысқа орналастым. Сол кездері теорияға қанық менің, практикалық тәжірибем мүлде жоқ еді. Ағаш жонып отырған әріптестерімнің істеріне қызығып кетіп, сол сәтте алғаш рет қолға ағаш ұстадым. Жонған ағаштарым нағыз ұстаның қолынан шыққандай ерекше әдемі бола берді. Осылайша менің қызығушылығымды өзінше пішін берген ағаштарым оятты». Бірақ, шеберге қалыпты адамдардан өзгешелік қасиет қонуына негізгі себеп бұл емес еді. Жиырма үш жасқа келген жас Нұрлан жанын қинаған ауруға шалдығады. Әркез демікпесі ұстап, дертіне ем таппай жүрген бүгінгі шеберге «Өнер жолы –өмір жолы» демекші, ұлттық аспап жасаушы Қуаныш Руханов ағасы «Қолыңа кәсіп ал» деп кеңес беріп, бағыт көрсетеді. Алланың қалауымен бойына өнер дарыған ағашшы ендігі жерде Қуаныш ағасының қасында жүріп, ағаштың жай-жапсарын үйренеді, шеберлікке шыңдалады.
Он саусағынан өнер тамған шебер бүгінде ағаштан кез-келген тұрмыстық қажеттілік бұйымдарға, кәдесыйларға тапсырыс алады. Ол іс жасауда қайың, шырша, қара ағаш, терек, қарағай ағашының бірнеше, яғни майлы, сібір, ақ, ангор, кедір т.б түрлерін қолданады. Шебердің есебінше ағаштың 9800 түрі кезедеседі екен. Сондықтан да, ағаш таңдаудың өзі бір асқан шеберлікпен іске асатын көрінеді. «Бітірген ісіңнің әсемдік - көркемдік жағымен қатар, сапалық жағы да аса маңызды болғандықтан ағаш талдай білу ең маңызды шаруалардың бірі. Себебі, әр ағаш адам секілді өзіндік бір қасиетке ие. Адамның ішінде қырсығы, қыңыры, не айтқаныңа көнгіш жандары бар болады дегендей ағаштың да сипаттамасы дәл сондай. Мысалы, кейбір ағаштарды ортасынан бір тесіп, қайта желімдемесең арасында күш қалып, бұратылып кетеді. Ал, біреулерін тіптен бес-алтыға бөлшектеп, қайта құрастыруға тура келіп жатады. Оған қоса, ағаштарда көздің иірімі бар жерлері алдайды, жонуға иекемі болғанмен, істеуге икемі болмайтын ағаштар да кездеседі. Сол себепті, ағаштың табиғи сызбасын сақтап қалу үшін онымен бірге үндесіп жұмыс істеу керек».
Жақсы бұйым жасау үшін мықты материал, уақыт және ең бастысы шабыт керек деп білетін шебер қажетті ағашты тауып, таңдай білгеннен кейін оны кептіруге қояды. Оның айтуынша, ағашты күн көзіне емес, көлеңке, құрғақ жерде кептіру қажет. Құрғатуға да бірнеше ай уақыт кетеді. Одан кейін, іс жасауға дайын ағашты жонып сүрлеу, кесу, тесу, өңдеу, дайын болған соң, оюлау, бедер салу сияқты істер жасалады. « Мен үшін дайын бұйымда ағаш өз текстурасын сақтап, аппақ әдемі болып өң беріп тұрғаны маңызды. Сол себепті оны бояу, әдімілеу, лактау секілді жұмыстар жасалмайды. Тек арнайы жақпа майларды қолданамын. Өзіңіз де көріп отырғандай, мына бітіп тұрған істерім түкте боялмаған. Бірақ, дизайн жағына келер болсақ, мысалы бесік, әткеншек, ыдыс-аяқтар, кәдесыйлар, ас үй тақтайлары, мұрындық, үстел аяқтары, сандық т.б.секілді бұйымдардың кескін келбеті арнайы ойластырамын». Әрине, бүгінде ел арасында ағаш бұйымдарына деген қызығушылық күн санап артып келеді. Сондықтан, сұранысқа ие болып тұрған өнімді халықтың көңілінен шығатындай етіп жасау шебер ұстанатын басты қағидалардың бірі.
Ағаштан түйін түйген Нұрлан Назарұлы қазіргі күні қалалық мектеп-лицейінде технология пәнінің педагогы, әрі жастар кәсіпке бала жасынан жақын болсын деп мектепте арнайы үйірмеде шеберлік сыныбымен бөліседі. Шәкірт тәрбиелеу ісінде ағашшы осыған дейін Ермұхан атты жігітті ісмерлікке үйретіп, қанат қақтырған. Ал, бүгінгі ісіне Спандияр және Бектау есімді шәкірттері қолғабыстық етеді. Шебердің жары Хамира да егін егудің қыр-сырына әбден қанық жан. Олар отбасында екі қыз, бір ұл бала тәрбиелеуде. Екінші қызы 10 сыныпта оқитын Әйгерім болашақта жақсы білім алып, әке өнеріне көмегім тиер маман болсам екен деп қалайды. Ал, «Сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың ендігі арманы – шеберханасын үлкейтіп, қазақтың колөнер дәстүрін дәріптеу. Алдағы уақытта шебер ағашпен ғана емес, біздің өлкеде мүмкіндігі зор жұмыс көзін ашуды жоспарлайды. Бірақ, ойлаған идеяларына қаражат тапшылығы ғана кедергі болып отыр.
Әрбір ісіңіз сәттілікке толы болсын!
Жазира АҚБЕРГЕНОВА