Кеше Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Маңғыстау ауданына жұмыс сапары кезінде Шетпе ауылының ақсақалдарымен жүзбе-жүз кездесіп, жер мәселесін талқылады.
Алғаш боп сөз алған Маңғыстау ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жалғас Жапақов:
- Елбасымыз Н.Назарбаев жер шетелдіктерге сатылмайтынын қадап айтты. Бұрыннан жалға алған жерді сатылап-сатылап сатып алуға болады. Жартылай сатып алып, кейін 10 жылға дейін біртіндеп төлеуге болады. Жеке меншіксіз болмайды. Жекешелендіруге оң көзқараспен қараймыз. Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 35-қадамында ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу, Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгеріс енгізу жөнінде, 36-қадамда жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгеруте рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету және ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу, барлық пайданылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру туралы айтылған болатын, - дейді.
Ауыл тұрғындарының атынан сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманқос Ертілеуов мырза:
- Біздің қоятын басты талабымыз – жер шетелдіктерге сатылмасын. Президентіміз жердің шет ел азаматтарына сатылмайтынын түсіндіріп айтты. Елбасының саясатына қарсы емеспіз, қолдаймыз. Шамамыз жеткенше, түсінігі таяз жастарымыздың тәртіпсіздікке бой алдырып, жөнсіздікке баруына жол бермейміз, - деді. Сөз жоқ, қазір қоғамда жер мәселесі өткір қозғалуда. Ауыл тұрғындары бұл мәселе туралы қандай пікірде? Елді қалай сабырлыққа шақыру керек. Міне, осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіді.
- Жуырда Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Елбасы Н.Назарбаев жер мәселесіне қатысты халыққа кеңінен түсініктеме берді. Жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын да қаперге салды. Елді сабырлыққа шақырайық. Той-жиында, кеңесте жақсы әңгімелерімізді айтып, халықты ауызбіршілікке, татулыққа, бітімгершілікке үндеп жүрейік,- деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов.
Осылайша, көз көрген қариялар бүгінгі қоғамның ой-пікірін ортаға салды. Ақсақалдың датын тыңдап, солар жүрген соқпақпен жүру – өңір басшысының міндеті. Әңгіме соңында сөз алған облыс әкімі Алик Айдарбаев:
- Жер мәселесіне қатысты пікірлеріңізді білдім. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мәселеге қатысты бірнеше рет түсіндіріп, нүктесін қойды деп есептеймін. Қазіргі таңда интернетте, әлеуметтік желілерде алып-қашпа әңгіме көп. Қит етсе, еріп кететін жастарымыз да бар. Жастар мәселенің анық-қанығын түсінбей жүр. Әлеуметтік желілердің пайдасы да, зияны да бар. Шетелде болып жатқан түрлі жағдайлар интернет арқылы ұйымдастырылған. Елбасымыз Н.Назарбаев қай шешімді шығарса да, халықтың мүддесін, халыққа пайдасына қарай шешуді көздеп отыр. Осы уақытқа дейін жалға беру туралы заң болды. Неліктен бұл мәселе қайта қаралып отыр? Жалға алынған жерге салынатын инвестицияны 10 жылда қайтару мүмкін болмағандықтан, мерзім 25 жылға ұзартылып отыр. Алып-қашпа әңгімелер пен пікірлер арандатушылардың әрекеті деп санаймын. Жер мәселесі қазақ үшін өте маңызды. Президенттің тапсырмасына сай, өңірімізде арнайы топтар құрылып, түсінік жұмыстарын жүргізетін болады. Барша маңғыстаулықтарды сабырлылыққа шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деп халықты сабырлыққа шақырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік Майемеров