Қазақстан халықтарының бірлігі күнін зор ықыласпен қарсы алатындардың бірі ақтаулық Самира Абдуллаева. Қазақстанды екінші Отаны санайтын ол «Бұл мерекеде отбасымда және қазақ, орыс, үндіс достарыммен бірге болғанды ұнатамын. Еліміздің ең басты ерекшелігі мен құндылығы көпұлттылығы мен татулығы» деп санайды.
Әзірбайжан Республикасының Генжа қаласында өмірге келген Самира Сабирқызының отбасы Ақтауға 1998 жылы қоныс аударған. 17 жастағы қыз жоғары оқу орнында білім алу үшін қазақ елін таңдаған. Сөйтіп, әзірбайжан отбасының Қазақстандағы қиын да қызықты күндері басталады.
"Ол кезде мен бір ауыз қазақша білмейтінмін. Аса қонақжай да ақжарқын қазақ халқы бізді қуана қарсы алғандай көрінді. Бірден «Меридиан» медициналық колледжіне оқуға түсіп, қазақ достар тауып, тіл үйренуге кірісіп кеттім. Алғашында қазақ тілі қиын көрінді. Бірақ, мен еш ерінген жоқпын, қазақша радио тыңдадым, кітаптар оқыдым, сөйлесе бердім. Соның нәтижесінде, қазір қазақ тілінде еркін сөйлей аламын. Ана тілім қандай болса, қазақ тілі де маған сондай ыстық", - дейді С. Абдуллаева.
Отбасындағы үш баланың үлкені ол колледжді фельдшерлік және акушерлік емдеу ісі бойынша қызыл дипломмен тәмамдайды. Бірден Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетіне 9 айлық дайындық курсына түсіп, сосын халықаралық қарым-қатынастар факультетіне қабылданады. Жоғары оқу орнын бітіргесін, медицина саласында еңбек жолын бастап кетеді. Ақтаудағы жеке медициналық клиникада абыройлы еңбек ете жүріп, көп достар табады. Қазақша еркін сөйлеп, халқымыздың салт-дәстүрлеріне қызығады. Ізденіс пен еңбектің арқасында Самира бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Қазір билік саласында қызмет етеді.
"Мен әзірбайжан болсам да, кейде өзімді қазақтың қызы сезініп кетемін. Өйткені, Қазақстан қонақжай ел. Мені мұнда ешкім кемсіткен жоқ, қайта бауырына басты. Сол үшін қазақ еліне шексіз ризамын. Шынымды айтсам, мен енді қазақ жерінен тысқарыда өмір сүре алмайтын сияқтымын. Сәл алыстасам, Ақтауға асығам. Арманым достарымды Әзірбайжанға апарып, қонақ ету, олардың салт-дәстүрін таныстырып, әсем табиғатын көрсету. Лайым еліміз аман болып, татулық пен достық жасай бергей!" - дейді облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» қазыналық-мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы С.Абдуллаева.
Абдуллаевтар отбасының жалғыз ұлы Самирд фото Самира Абдуллаеваның жұбайы қазақ қызы Гүлстан. Келіндерін қызындай көретін олар «Қазақтың салт-дәстүрлері мен рәсімдеріне зор мән береміз» дейді. Ас қайыру, жеті шелпек тарату әдетке айналған. «Бұрын үйді-үйге халва апаратын едік, қазір шелпек таратамыз» дейді олар. Міне, осылайша әзірбайжан қызы Самираның отбасы қазақ жерінен бақ тауып, береке көріп отыр.
Анар ШАМШАДИНОВА