Қазыналы түбектің қойнауынан «қара алтынның» тынысы ашылып, Жетібайда алғашқы мұнай бұрқағы атқылаған 55 жылдан бері өндірістің өрлеу үрдісі үздіксіз жалғасып келеді. Ел экономикасының еңсе тіктеуіне дем берген «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы 50 жылдық белесінде келешегі келісті, өндірісі өрісті қанат жайған қуатты кен орнына айналды. Жарты ғасырдың биігінен жаңа көкжиекке көз салған өндірістік басқарма мерейлі датаны мерекелеуге дайындықты бастап кетті. Кенорнының кешегісінен бүгінге жеткен жетістігін бағамдап, тарихи оқиғаның қалай тойланатынын білмекке «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының бастығы Жолдасбек ЕШМАНОВПЕН сұхбаттасқан едік. – Жолдасбек Жұмабекұлы, сұхбатымызды мұнай өнеркәсібі көшбасшыларының қатарынан көрінген кенорнының қалыптасу, өсіп-өркендеу кезеңінен бастасақ...
–Биыл жер жүзіне атағы жайылған Жетібай мұнайының ашылғанына 55 жыл, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының құрылғанына 50 жыл толады. Яғни, қазыналы түбек «қара алтынының» қайнар бұлағы болған қасиетті Жетібай жері бір емес, екі бірдей даңқты датаны атап өткелі отыр. Тарихи деректерге тоқталсақ, Маңғыстау мұнай эпопеясының бұлақ бастауы болған Жетібай мұнай-газ конденсат кені ашылған соң, 1965 жылдың 13 ақпанында КСРО Мемлекеттік қор комитеті Жетібай кенорнындағы мұнай қорын ресми түрде бекітті. Ол бойынша кенорнының геологиялық қоры 375 млн. 653 мың тонна деп есептелді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 11 мамырдағы №750-Р қаулысына орай шығарылған «Қазақстанмұнай» бірлестігінің 1966 жылғы 27 мамыр күнгі №183/П бұйрығымен «Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды. Сол кезде басқарма бастығы – Сағидолла Нұржанов, бас инженері – Сусын Қалжанов, бас геологы – Бекен Әлиев болды.Осы жылдың 30 желтоқсанында Жетібай кенорнындағы үш ұңғы мұнай өндіруді бастады да, кеніш өнеркәсіптік пайдалануға берілді. 1967 жылы 1 қаңтарда Жетібай кенорнында ең бірінші болып салынған 14 ұңғыдан тұратын №8 топтық қондырғы түгел пайдалануға берілді. Бұл – Қапыш Қалиев, Ұзақбай Ғабдолов, Қожағали Тәжіғұлов, Сарбас Таласбаев, Мария Тюрина, Владимир Пылан, Люся Пылан, механик Кәрім Өтебаев, электрлі газбен пісіруші Н.Батаев, темір пісіруші Валерий Горбатов, слесарь Б.Козлов, шебер Сәлім Меңдіғазиев сынды адамдардың еңбек даңқы. Осы жылы кен алаңынан 139 мың тонна мұнай өндіріліп, мемлекетке тапсырылды.
1969 жылы Жетібай кенорнынан өндірілген мұнайдың көлемі 1 млн., ал 1970 жылы 1 млн. 500 мың тоннаға жетті. Осы жылы «Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасының атауы Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасы болып өзгертілді. Басқарма бастығы болып Кеңес Дүйсенғалиұлы Жоламанов тағайындалды. 1971 жылы Жетібай кенорнынан 5 млн.тонна мұнай өндірілді. 1972 жылы Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында екпінді еңбек тынысын толастатпай, кенорнында өндірістің қазанын бұрқ-сарқ қайнатып жүрген мұнайшылар тәулігіне 10 мың тонна «қара алтын» өндіріп, ел ырыздығын еселеді. 1982 жылы Жетібай кен орнынан кәсіпорын құрылғаннан бергі уақыт ішінде 40 миллионыншы тонна, ал 1988 жылы 50 миллионыншы тонна мұнай өндірілді.
Сол жылдары Жетібайда еңбек жолын бастап, кейін Қазақстан мұнай саласының дамуына үлкен үлес қосқан майталман мамандардың қатарында Нұрлан Балғымбаев, ЛәззатҚиынов, Төлеген Хасанов, Ұзақбай Құтжанов, Сисенғали Өтеғалиев, Сағидолла Бижанов, Бақтыгерей Серікбаев, Жеңіс Жалғасов, Тілектес Ізтілеуов, Таңбай Алпысбаев, Қуанбай Жарылғасов, Сәлімжан Әбішев және т.б. болды. Кейін 1980 жылдары өндіріске Тимур Бимағамбетов, Алик Айдарбаев, Абат Нұрсейітов сияқты жас мамандардың жаңа толқыны келді. Бұлардың бәрі де кейін Қазақстан мұнай өнеркәсібінің ірі басшылары болды. 1973-1977 жылдары «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінде «Жетібаймұнай» мұнай-газ өндіру басқармасында оператор, шебер, ауысым бастығы, аға инженерліктен ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясының президенті, Қазақстан Республикасы Премьер-министріне дейін көтерілген белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Нұрлан Балғынбаевтың өмір жолы бәрімізге үлгі.
Жетібай кенорны 50 жылда кадрларды, өндіріс командирлерін баулитын, шыңдайтын үлкен мектепке айналды. «Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасының алғашқы бастығы Сағидолла Нұржановтан бастап бұл басқармаға әр жылдары Александр Дергачев, Кеңес Жоламанов, Мұрат Саламатов, Дмитрий Горюнов, Әнес Бүркітбаев, Табын Оржанов, Мақсат Борамбаев, Жақсылық Жанғазиев, Оспан Еңсегенов, Максим Сабуғалиев, Хожалепес Елеусінов, Абай Куванов, Бақыт Иманбаев, Сағидолла Бижанов, Болат Сейітмағанбетов басшылық етті.
–Жарты ғасырлық белеске аяқ басып, өндірісті өрлеуді бетке алған Жетібай кенорны осы күнге дейін қандай еңбек тартуын әзірледі? Жаңа технологияны жатсынбай, өндіріске батыл енгізудің өрісті қадамдары қалай жүзеге асуда?
–Майталман мұнайшылар қазына байлығын халық игілігіне жаратуда табанды, тынымсыз еңбек ету арқылы ауыртпашылық мен кедергілерді еңсеріп, өндірісте өзіндік із қалдырды. Солардың жолын жалғаған жетібайлық мұнайшылар ұжымның еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып келеді. Бүгінгі таңда «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында 2200-дей адам жұмыс істейді. Бірлігі жарасқан тату ұжым, білікті мамандар мен өз ісінің шеберлері, кәсіби қызметкерлер еңбек ететін кен орны мұнай өндіру көлемін жылдан-жылға арттырып келеді. 2015 жылы өндірістік алаңда 2 млн., 111 мың 214 тонна, ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында 909 мың тонна «қара алтын» өндірілді.
Кәсіпорын басшылығы ең озық заманауи технологияларды қолдана отырып, жер астынан мұнай өндірудің тиімділігін арттыру үшін жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу арқылы өндірістің өрісін кеңейтуге басымдық берді. Бұл – өндіріс барысында тұрақты түрде жалғасып отыратын үрдіс. Мысалы, даттану процесін тежейтін протекторлық-анодтық қорғау, көлбеу насостық кешен, көп сатылы газдық перфорация әдістері өндіріс тиімділігіне оңтайлы жоба екендігіне көзіміз жетіп отыр.
–Жолдасбек Жұмабекұлы, өткенсіз бүгін жоқ. Маңғыстау мұнайының бастау алған сонау 1961, 1966 жылдардағы жарқын оқиғалар қандай мерекелермен өрнектеледі?
–Бұл тарихи оқиға маңғыстаулықтар үшін, соның ішінде өлкедегі мұнай өндірісінің қарашаңырағы саналатын «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы үшін үлкен маңызға ие. Сондықтан да қос мерекенің жоғарғы дәрежеде ұйымдастырылуы - басты назарда. Жоспарға сәйкес атаулы мереке мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орайластырылып, қыркүйек айының 2-5 күндері өтеді. Жуырда осы мәселе бойынша компания басшылығы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі еңбек ардагерлерінің басын қосып, кеңес өткізді. Кеңесте «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы бас директорының әкімшілік мәселелері жөніндегі орынбасары Ж.Төлеғожаев мерекенің өткізілу тұжырымдамасын ақсақалдар алқасына салды. Ардагерлер еңбек сіңірген мұнайшылардың атыелеусіз қалмай марапатталуын, қамқорлық шараларының алынуын, Жетібай кентінде еңбек даңқы мұражайының ашылу қажеттігін айтты. Сондай-ақ Жетібай кенорнының еліміздің экономикалық дамуында алатын орны, мұнай саласын ғылыми-зерттеу жұмысындағы рөліне баса мән беру ұсынылды.
Бүгінгі таңда кеңесте айтылған ой-пікірлерді ескеріп, аталмыш тарихи оқиғаны жоғары дәрежеде өткізу бағытында іс-шаралар жоспары жасақталып, бекітілді. Қыркүйектің 2-5-і күндері Ақтау қаласында, №6 ұңғы басында, сондай-ақ кенорындарында салтанатты жиындар, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылмақ. Атқарылатын істердің ең маңыздысы – кенорнының алғашқы күндерінен бастап, барлық кезеңдерде жұмыс жасаған жетібайлық мұнайшыларды мерекеге толықтай қатыстыру. Әсіресе, алғашқы мұнай бұрқағын атқан бригада мүшелері, 50 жыл бойғы өндірісті басқарған басшылар, қызмет көрсету саласының мамандарын іздестіру, шақыру, марапатқа ұсыну бағытында тізім жасақталуда. Ешкім де бұл тарихи оқиғадан ұмыт қалмауы тиіс.
Мәдени-көпшілік, қоғамдық-саяси шараларға жас мұнайшылар кеңінен тартылады. Жыл басында компанияда жас мамандар кеңесінің бастамасымен көптеген тәрбиелік мәні бар шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылады. Жоспарда Маңғыстаудың тарихи-мәдени орындарымен таныстыруды көздейтін «Өлкетану» жобасы, «брейн-ринг» зерде сайысы, сенбіліктер, әр түрлі жағдайларға душар болған жандарға көмек ретіндегі «Донор-50» акциясы, «Сәттілі кформуласы», «Мұнай тарихы – жас суретшінің көзімен» мұнайшылардың балаларының сурет көрмесі, «флеш- моб», вахталық поселкелерде еңбек етіп жатқан мұнайшылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатындағы «Домбырапати» кештері, абаттандыру сенбіліктері, жүрмелі көрме, «Алау» балаларды сауықтыру орталығына мүжәлсіз отбасының балаларын жіберу, баспасөз туры, жас мамандардың жазғы ағарту лагері, спорттық жарыстар, сайыстар өткізу жоспарланып отыр. Биылғы шілде айында өтетін мұнайшылардың ІІ жазғы спартакиадасы Жетібай кенорнында мұнай көзі ашылған тарихи оқиғаға 55 жылдығына және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығына арналады.
Мұнан басқа тарихи мұрағатты қамтитын деректі фильм, кітапша, арнаулы хабарлар түсірілімі арқылы республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек даңқы, майталман мұнайшылар тұрақты насихатталмақ. Жетібай кенорнының, «Жетбаймұнайгаз» өндірістік басқармасының даңқты тарихына үлес қосқан мұнайшылардың өнегесі том-том кітапқа жүк болады, олардың әрқайсысын ел жадында жаңғырту жолында жүйелі жұмыстар жасалады.
Сан мың ғалам уақыт бойы сырын ішіне бүккен Маңғыстауды игерген жанқиярлық еңбектің жанкешті қаһармандарын еске алып, ел болып ерліктеріне тағзым етер сәт те таяп келеді. Кемеңгер Әбіш аға Кекілбаевша айтқанда, ұйқысынан оянған арудай бой түзеген кәрі түбектің кәдімгі жас балаша қайтадан түлеген жұлдызды сәті тек жарты арал тарихындағы жасампаз жайт қана болып қалмай, Қазақ елі, қала берді, сол кездегі күллі Кеңестер Одағының, тіпті бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген ең басты елеулі оқиға болғаны өткен ғасырдың орта шенінде осынау ұлы істің басы-қасында жүргендердің барлығының да жадында. «Маңғыстау майданының» бастауы болған Жетібай мұнай бұрқағының жарты ғасырдан астам жарқын шежіресіне үңіліп, өткеннің өнегесін бүгінгіге үлгі ету – басты міндетіміз.
Сұхбаттасқан Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ