Боржақты мекені ертеректе жергілікті халықтың мал ұстап қоныстанған қыстауы, ойындағы сорынан тұз алып, қырындағы өрісіне төрт түлігін жусатқан жері. Бір беткейі адыраспан мен жусаны араласып шығатын сары топырақ, бір жағы бетіне ақшаңқан тұзы шығып жатқан дала келбеті расымен де бор жағып тастағандай ағал жағал. Осы бір бейнесі бір ауыз сөзбен түйінделген бұл мекеннің бүгінде кеудесін қақ жарып қос рельс орнатылып, гүрілдеген үлкен машиналар мен тынымсыз қозғалған адам аяғы ендігі болашақтың қамына кіріскен.
Маңғыстау станциясынан бағыт алатын «Р» бекеті мен Ералы станциясы теміржолының бойында жаңа Боржақты станциясының орны белгіленіп, ол жерге Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі алғашқы рельсін төсетіп, тұсауын кескен «Боржақты-Ерсай» теміржолының құрылысының бүгінгі қарқынын көзбен көрмекке шықтық.
Ералы станциясына бет түзейтін теміржолдың Боржақты бекетінен Ерсайға қарай бұрып әкетілген шойын жол 14 км- ді құрайды. Болашақта Қазақстанның ең қуатты халықаралық портына айналатын Құрық портын дамытудың ауқымды жоспарындағы ең маңызды жоба- теміржол салу ісі болатын. Небәрі 14 шақырымды құраса да экономикалық тиімділігі жоғары бағаланып отырған республикалық маңызды жол арқылы жүк құрамдары өтуде. Яғни жаңа жолмен бүгінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан паромды кешенге қажетті құрылыс материалдары жеткізілуде.
Мамандар әуел бастағы жоба бойынша алдымен теміржол тартылып, порт құрлысына қажетті материалдарды темір жолмен тасымалдау идеясы жүзеге асып, бүгінде өз жемісін беріп жатқанын айтады.
Бұған дейін "Өзен -Түркменстан" , "Бейнеу-Шалқар" теміржолдар құрылысын жүргізген "Теміржол Жөндеу" мекемесінің кезекті магистралі былтырғы жылдың маусым айында мемлекет басшысының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында пайдалануға берілген болатын. Жол табаны сынақтан өткен. Жаңа жанама жолдардың сыйымдылығы 70 вагонға дейін, әрқайсысының ұзындығы 1050 метрден кем емес, жалпы ұзындығы 2 км 100 метрді құрайды. Боржақты басында ЭО посты жұмыс жасап тұр. Оның құрамына кіретін релелік аппаратура , қоректендіру көздері , бұрмалық электрлі жетектері, бағдаршамдар, электрлі РТ, кабельді желілер де өз қызметін бастап кеткен.
"Бомбардье" фирмасының құрылғысы орнатылған станцияда пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі жоғары деңгейде жасақталған. Бағдаршам ашылмай қалған жағдайда бұрма тұйықталуын қамтамасыз ету үшін электрлік орталықтандыру құрылғылары енгізілген.
Жаңа станцияның диспетчерлік бөлмесінде 4 бекет кезекшісі ауысыммен жұмыс жасайды. Олар пойыздарды қабылдап- жөнелту жолдарын және бұрма жолдардың жағдайын бақылап отырады. Кабинетте ДХ-500 аппаратурасы қондырылған. Ол арқылы сынық жолдық, бекет аралық, пойыздық радиобайланыс, энергодиспетчерлік байланыс және электромеханиктердің қызметтік байланысын жүзеге асырып отыр.
Жапсарлай орналасқан келесі бөлмеде Маңғыстау байланыс және белгі беру мекемесінің мамандары қызмет етеді. Релелік орынды айына 2 рет Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының ревизоры Серікқали Өтеген келіп, кезекті тексерістен өткізіп, электромеханиктерге техникалық пайдалану ережелерін түсіндіреді.
Станцияға МПЦ Эбилок- 950 жүйесі енгізілген. Бұрма мен бағдаршамдардың релелік орталықтандырылуын жүзеге асыратын құрылғылардың қалай жұмыс жасап тұрғандығы мен уақытылы күтімнің қалай жасалып жатқандығын бақылайтын арнайы мамандар бар. Сондай- ақ, пойыз жүруі кезінде тежелген дөңгелектерді автоматты табатын КТСМ -02 қондырғыларымен жабдықталған.
Боржақтыдағы 3 бөлмелі 2 пәтердің де құрылысы аяқталып, пайдалануға дайын тұр. Бұйырса алдағы уақытта басшылықтың шешімімен теміржолшылардың игілігіне берілмек.
Боржақтыдан Ерсайға бағыт алар тұста автокөлік өтетін ұзындығы 960 метр жаңа асфальт көпірдің де құрылысы толықтай аяқталған.
Ал Ерсай бекетінен Құрық портына және Ерсай мекемесіне тартылып жатқан жолдың жартысы аяқталып, қалған бөлігіне жер құмы төселіп жатыр. "Боржақты -Ерсай" жобасы бойынша барлық жолдардың ұзындығы бекеттерді қосып есептегенде 23,8 км-ді құрайды.
Ерсай станциясының басында да ЭО посты салынған. Мұнда 2 маман қызмет етеді. Станциядан Қашағанға құбыр монтаждап дайындайтын "Ерсай Каспиан Контрактр" компаниясы өздеріне қарай 3 км кірме жол тартып жатыр. Аталған компанияның өз қаражатына салынып жатқан темір жол желісі Боржақты арқылы болашақта кәсіпорын өнімдерін тасымалдауға арналған.
Аңызақ желі соққан дала төсіндегі жаңа жол Боржақты-Ерсай телімінің пайдалануға берілуі - жаңа жұмыс көздерін ашып қана қоймай, Құрық портының бой түзеуіне ат салысып, болашақтың игілігіне қызмет етуде.
Қазақстан үшін екінші теңіз қақпасы Құрық порты бой көтерсе, Боржақты- Ерсай бойымен Еуропа жүктері жеткізіліп, көк теңіз арқылы әлем елдерінің тауарлары тасымалданады. Осылайша Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып, Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырады. Әзірше бүгінгі қайнаған қызу еңбек мұның бастамасы ғана!
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="50515,50510,50512,50511,50513,50509"]