Маңғыстау өңіріне арнайы іс-сапармен келген бас мүфти Ержан қажы Маямеров және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Маңғыстау облыстық орталық мешітінде өңірдегі имам - молдалармен кездесу өткізді.
Бүгін елімізде қаралы күн болуына байланысты жиын бір минут үнсіздікпен басталды. Отырысты жүргізген облыс әкімі Алик Айдарбаев мұсылмандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, елдегі соңғы болған жайсыз жағдай - Ақтөбе оқиғасының барша қазақстандықтарға ауыр тигенін айтты.
Өз кезегінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл - Мұхаммед: «Жазықсыз қаза болған отандастарымызды ұлтына, дініне қарап бөлмейміз. Басқа дін өкілдерін кітап иелері деп айтамыз. Үш кітап - Тәурат, Інжіл, Құранды ұстанған әрбір дін өкілі Ибрахим пайғамбардан тараған ұрпақтар. Олардың барлығы біздің бауырларымыз болып есептеледі. Жер бетіндегі кез келген пендені сынайтын да, уақыты келгенде жанын да алатын ол - Құдай. Алланың ісіне араласып, Алла сыйлаған өмірді үзген адам – адамзаттың азғыны. Кісі өлтіру - Құдай Тағалаға қарсы келумен тең. Осыны біз түсіндіруіміз керек. Дін - өте қуатты, адамды нұрландыратын, адамға ғылым -білім сыйлайтын, тәлім- тәрбие беретін күш. Қазақ даласында мазхабқа бөліну болмаған, тіпті төрт Мазхаб мектебінің негізін салушылардың өзі бір – біріне қарсы шықпаған. Орта Азия еліне кең тараған Ханафи мазхабы халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескерген. Осы өңірдің өзінен ханафи мектебін ұстанған қаншама әулие –әнбиелер шыққан. Бүлік шығарушылардың, теріс дін ағымдарының ең жек көретіні , дұшпаны – Бекет ата. Бекет бабамыз Ислам дінін жайған, шәкірт тәрбиелеген, өнегелі өмір сүрген жан. Біз өз өткенімізді қастерлеуіміз керек» -, деді Мұхтар Абрарұлы.
Маңғыстау өңірінің имам - молдаларымен кездесу үшін келген бас мүфти Ержан қажы Маямеров дін қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершіліктің үлкен екенін айтты.
«Қазіргі таңда дінді дұрыс түсінбей, шектен шығып жүрген әсіредіншілдер бар. Олар өз отбасыларын тастап, ахирет үшін өмір сүріп жүргенін айтады. Бұл қате түсінік. Пайғамбар (са.с) хадистерінде әрбір мұсылман өз отбасын асырап бағуға міндетті екендігі айтылған. Мынау радикалды топтардың, лаңкестердің Ислам дініне қаншалықты қауіп төндіріп отырғанын сезінуіміз керек. Ағымдардың зиянын халыққа жеткізіп, жастармен көп жұмыс жасау керек. Маңғыстау өңірінде біршама істер атқарылуда. Өкіл имамның жұмыстануы нәтижесінде көптеген адасып жүрген бауырларымыз тура жолға түсті», - деді еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы.
Бас мүфтидің сөзінен соң ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейтбеков өңірдегі діни ахуал жайында баяндама жасады. Облыс имамының айтуынша қазір Маңғыстау аймағында 6 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде Жаңаөзен қаласындағы мешіт пен Сайын ауылындағы мешіт биыл күзде ашылады деп жоспарлануда.
Өкіл имам өңірде діни білімді маманның тапшы екенін айтты. Сондықтан өңірдегі мешіттердің барлығында діни сауат ашу курстары қарқын алып, еліміздегі медреселерге,діни оқу орындарына талапкерлер жіберу жұмыстары жасалуда екенін жеткізді.
«Бүгінгі күні Маңғыстау облысынан Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінде 31 студент оқуда. Оның 22-і ер бала, 9-ы қыз бала. 31 студенттің 11-і ақылы бөлімде оқиды. Ақылы бөлімде оқитын студенттердің оқу ақыларын демеушілер арқылы төлеп келеміз.Биылғы оқу жылына аталмыш университетке 20 талапкер ұсынуды жоспарлап отырмыз.Діни басқармаға қарасты орта арнаулы діни білім беретін медреселерде 17 студент білім алуда»,- деді өкіл имам С.Сейтбеков.
Жиын соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыстағы дінге қатысты атқарылып жатқан шараларға оң бағасын берді. «Шала сауатты имам -молдалардың уақыты өтті. Оның орнын діни сауатты, білімді мамандар басты. Ендігі жұмыс – халықты үгіт-насихатпен ұйытып, күдік - күмәнді сейілту – сіздердің қолдарыңызда», - деді сөзін маңғыстаулық имам –молдаларға қарата айтқан «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙ