©
Мемлекеттік рәміздер күні еліміз үшін мерейлі мерекеге айналды. Төбемізде көк Ту көтеріліп, Елтаңбамыз орныққан, егемен ел аспанында Әнұран әуені асқақтаған сәттен бастап елдігімізді мойындаушылар қатары көбейді. Осы қастерлі күннің құрметіне 4 маусымда ауданымызда вело, автошеру ұйымдастырылып, ол «Ел рәміздері – ел рухы» атты мерекелік шараға ұласты.
Айтулы күнге арнайы дайындалған көліктерде көк байрақты желбіреткен белсенді жастар, жасөспірім велошабандоздар аудан ауылдарына тәуелсіздік нышандарын насихаттады.
Маңғыстау селосындағы №5 орта мектепте өткізілген шара мемлекеттік рәміздердің салтанатты түрде ортаға шығарылуымен, көк байрағымыз биікке көтеріліп, еңселі әнұранымыздың орындалуымен ашылды.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев құттықтау сөз сөйлеп, 16 жасқа толған бір топ жастарға жеке төлқұжат табыстады. Одан кейін сахна төріне тәуелсіздік құрдастары шақырылып, тілектері тыңдалды.
Мерекелік концерт ел мен жер турасындағы әсем әндерге толып, мың бұралған билермен мәресіне жетті.