©
Қазақстанның арнайы экономикалық аймағына айналып отырған Ақтау халықаралық теңіз сауда порты халықаралық тасымал жолы арқылы ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қосып отырған Қазақстанның бірден - бір теңіз қақпасы. Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан порт бүгінде дамудың жаңа сатысына аяқ басып, солтүстік бағытта кеңейту жобасы нәтижесінде толағай жұмыстар атқарылуда.
Өткен аптада теңіз айлағына саяхат жасап, солтүстік бағыттағы кеңейту жобасының қалай жүзеге асып жатқанын және өткен жылдан бастап жүзеге асып жатқан астық тасымалы операциясын көзбен көріп қайттық. Жалпы құрылыс басында қанық болған мәліметке сүйенсек, солтүстік жобасы толық жүзеге асқан кезде порт өз қуатын жылына екі жарым млн тонна құрғақ жүк тиеуге жеткізбек. Өткен жылы теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту жобасы аясында теңіз түбін тереңдету жұмыстары атқарылып, ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Терминалды салу бойынша құрылыстың негізгі жұмыстары орындалған. Яғни астық терминалының сүрлемдері орнатылып, контейнер алаңдары мен айлақтың қабырғасы салынған. Бүгінгі күні қызметтік және өндірістік ғимараттарды салу жалғасуда. Құрылысты салу кезінде 1120 адамға жұмыс көзі ұсынылса, пайдалану кезеңінде 173 адам жұмыспен қамтылмақ.
Ақтау теңіз портының солтүстік бағытта кеңейту жобасының бірінші кезеңі 2015 жылдың шілде айында басталған болатын. Жалпы құны 38 млрд теңгені құрайтын жаңа жоба телекөпір арқылы Елбасыға таныстырылып, атқарылып жатқан жұмыстар барысы көрсетілген еді. Бүгінге дейін портты кеңейту бойынша атқарылған жұмыстар ніәтижесінде астық, контейнерлік және негізгі жүкке арналған айлақ теңіз операциялары үшін өз жұмысын мінсіз атқарып жатыр. Әрқайсысы он мың тонна болатын алты астық қоймасына отандық өнім үздіксіз келіп, арпа, бидай секілді қазақстандық дәнді- дақылдар шет елдерге теңіз жолымен шығарылуда.
Ақтау теңіз айлағының солтүстік терминалы арқылы астық тасымалы күн өткен сайын қарқын алып келеді. Өткен жылдың соңында тек желтоқсан айында Иранға 18 мың тонна астық жөнелтілсе, қаңтар айында бұл көрсеткіш 35 мың тоннаны құраған, ал ақпанда 42 мың тонна астық өнімдері су жолы арқылы шекара асыпты.
Ескі порттағы терминал шағын, түсіру-тиеу қызметтері де қарадүрсін болғандықтан, әлі толық қуатында пайдалануға берілмесе де, жұмыс істеп тұрған жаңа терминалдың мінсіз қызметі еріксіз таңдай қақтырады.
Күні түні бір сәт тынбастан күрделі техникалардың көмегімен жүк кемелеріне тиеліп жатқан порттағы қызу еңбекке куә болған бізді "Ақтау теңіз солтүстік терминалының " өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Ермек Молдабеков айлақтағы әрбір нысанның өзіндік атқаратын рөлімен таныстырып, кемелерге жүк тиелу процессін көзбен көріп, бақылауымызға мүмкіндік туғызды.
Терминал маңында алты темір жол рельсі бар. Оның екеуі астықты арнайы жер астындағы бункерге түсіретін контейнерлерге арналса, қалған жолдармен өзге жүк түрлері тиеп, түсіріледі. Жалпы көлемі 450 шаршы метрді құрайтын айлақтың жылына 2,5 млн тонна құрғақ жүк тиеп, тасымалдайтын қауқары бар, негізінен астық тасымалы жүзеге асырылып отыр. Жылына 1 млн тонна құрғақ жүктер өңделіп, сақталатын арнайы контейнерлік алаң да талапқа сай. Контейнерлермен келген астық алдымен теміржол үстінде тұрып, оның астындағы бункерлерге құйылып, сонан соң конвейерлік лента арқылы жоғары көтеріліп, арнайы ұяшық қоймада өлшенеді екен де, астықтың сорттарына қарай алты қоймаға бөлініп, жіберіледі. Ол жердегі мамандардың тілімен қуаттылығы алпыс тонна болатын алты бункер "Silos" деп аталады.
- Осы бункерге өзінің сапасына қарай құйылады да, сонан соң жиналатын астықты экспорттау үдерісі де түрлі автоматтық режимнен тұрады. Алып қоймадағы дақылдар арнайы шұңқырмен конвейерге түсіп, оның лентасы арқылы 270 метр жол жүріп барып, айлақ жағасында тұрған арнайы жүк кемесі трюмына құйылады, - деп түсіндірді жұмыс процессін бақылап тұрған бізге өндірістік-техникалық бөлім бастығы.
Біз жағадлауға барғанда отандық "Бекет ата" жүк кемесіне астық тиеліп жатты. Қуаты бес мың тонналық, үш трюмнан тұратын жүк кемесінде Қазақстан туы көтерілген. Онда он адамнан тұратын экипаж ауыр кемені Иранға жеткізіп, қайтар жолда өзге де жүк түрлерін тиеп келеді.
24 жасар Илья Ахундов жүктерді салуды және есептеуді жүргізіп, палуба құрылғыларын, зәкір, арқандап байлау жұмыстарын атқарады. Ол Маңғыстаудың төл тумасы. Бейнеу ауданында туып өскен. Әкесі -әзірбайжан, анасы- орыс. Ш.Есенов атындағы КМТжИ университетін кеме механигі мамандығы бойынша тәмамдап, сонан соң әскери борышын өтеп келген ол бүгінде "Бекет ата" кемесінде матрос.
- Бұл жолы біз Иранның Әмірабад портына жол тартпақпыз. Экспорттық тауарды межелі жерге жеткізіп, қайтып оралу үшін бір апта уақыт кетеді. 4800 тонна астық тиеліп, кеменің астыңғы бөлігі суға батқан кезде сапарға аттанамыз, - дейді Илья. Бір ауысымда 3 ай еңбек ететін теңізшілер осы кезге дейін өздерінің нағыз маман екендіктерін дәлелдеген.
Біз "Қазақстандық жүк - қазақстандық порт-қазақстандық флот" тәртібімен жүріп, құрғақ жүкті тасымалдайтын "Бекет атаның" кезекті сапарына ақ жол тілеп, қоштастық. Әрі қарай айлақтағы қызу жұмыстар жүргізіліп жатқан құрылыс алаңына бардық. Онда әкімшілік ғимараттар мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет көрсету пунктері, көлікжай орындарының құрылысы жүріп жатыр екен.
Астық қоймаларындағы тиеу-түсіру жұмыстарын атқаратын компьютерлік автоматтық орталыққа бас сұғып, әрбір бункерге қанша астық құйылуда, қанша астық тиелуде екенін, астық сүрлейтін шұңқырдың ашылып-жабылуын компьютерлік техникалармен бақылап, қадағалап отырған мамандар жұмысымен таныстық.
Айлақтың бір бұрышында австриялық әлемдік бренд боп саналатын мобильді порттық краннды құрастыру жұмыстары жүзеге асып жатыр. Біреуі 84 тонналық, екіншісі 62 тонналық крандар портқа келген металл және басқа да ауыр көлемді жүктерді тиеп-түсіруге арналған.
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙ