Бейсенбі күні Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мен «Вагенборг Қазақстан Б.В» компаниясы арасында келісім-шартқа қол қойылды. Салтанатты рәсімге қатысқан ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері, Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшісі, Иран Ислам және Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Консулдығы, облыс әкімі А.Айдарбаев және оның орынбасарлары, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰҚ» АҚ, теңіз және мұнай компаниясының мамандары және БАҚ өкілдері аталмыш кәсіпорын жоғары оқу орнына сыйға тартқан жаттығу кешенінің жұмысымен танысты.
2014 жылы наурызда Елбасы Н.Назарбаев Голландияға жұмыс сапары барысында екі ел арасындағы ынтымақтасты дамыту мақсатында меморандумға қол қойылды. Осы құжатты іске асыру барысында «Вагенборг» компаниясы алты ай бұрын университетке 536 мың АҚШ долларын құрайтын «Кемені басқару» және «Машина бөлімі» жаттығу кешендерін әкеліп орнатқан.
- «Теңіз және жерүсті көлігі» кафедрасының оқытушылары «Polaris», «Neptune» навигациялық кешендерімен жұмыс істеуді толығымен меңгеріп алды. Озық үлгідегі құрылғының қызметін меңгерген мамандарымыз білікті теңіз кадрларын дайындайтын болады. Кафедраның кеңейтілген материалдық- техникалық базасы арқылы студенттеріміз мол тәжірибе жинақтайды. Мәселен, бұл құрылғылар Ақтау портынан бастап Бакуге дейінгі жолды, жағалаулардан өту, порттарға тоқтауды үйренуге мүмкіндік береді. Кез келген кеменің машиналық бөлімін студенттерге көрсете де аламыз. Шәкірттеріміз Баутин және Ақтау теңіз портына тәжірибеге барғанға дейін теориялық біліммен қатар тәжірибені де меңгереді. Аталған құрал-жабдықтар теңіз мамандарын халықаралық теңіз ұйымының талаптарына сәйкес даярлауға мүмкіндік береді. Демек, түлектеріміз Каспий аймағында ғана емес, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті маман болады. Болашақта осы компаниямен бірлесе жаңа жобаларды жүзеге асыратын боламыз,-деді Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дың ректоры Әділбек Ботабеков.
Көпшілікті «Вагенборг Қазақстан Б.В» компаниясының тарихымен таныстырған кәсіпорын директоры Фабио Джиурато Қазақстанда теңіз кадрларын даярлауға ден қойылғанын жеткізді. Оның айтуынша, студенттердің игілігіне берілген көпфункциялы құрылғылар әлемдегі ең соңғы үлгідегі жаңа технологиялар санатында. -Теңіз мамандарымыз соңғы үлгідегі құралдармен инновациялық әлдіспен оқуға мүмкіндік алып отыр. Қазіргі таңда «Нұрлы жол», «Үдемелі индустриалды- инновациялық даму» бағдарламалары жемісті жүзеге асуының нәтижесінде теңіз кадрларының қажеттілігі артып отыр. Бірнеше ай бұрын «Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытқа кеңейту жобасының» алғашқы кезеңі пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Құрық портында паром кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын кеңейтуге зор үлес қосқан компанияға алғыс айтамын. Құрал-жабдықтар еліміздің теңіз әлеуетін арттыруға және білікті кадрлар дайындауға мүмкіндік береді деген сенімдемін,-деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мен «Вагенборг Қазақстан Б.В» компаниясы арасында қол қойылған келісім-шарт теңіз саласының мамандарын дайындауға жол ашпақ.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ