©
Бүгінде бүкіл ел көз тігіп отырған ірі жобалардың қатарында «Боржақты – Ерсай» темір жолы мен «Құрық порты» жобасының маңыздылығы басым. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасынан бағыт алған бұл жобалар ел өңірлерін дамытып, сайын далаға жан бітіруде. Маңғыстаудан шығып, Боржақты – Ерсай – Құрық бағытымен жүріп өткен біз осыған көз жеткіздік...
Боржақты
«Боржақты – Ерсай» темір жолының құрылысы бір ғана Қарағия ауданында қаншама адамға жұмыс беріп, қанша кәсіпорынның өз кәсібін дөңгелетуіне сеп болып отыр. Теңіз жағалауын қақырата қазып, дүрілдеген дүниені көрген жергілікті тұрғындардың көздерінде үміт оты жанады. Өйткені ауыл жанындағы порт, оған әкелетін темір жолдың тартылуы, әсіресе ауыл жастарының ертеңгі күндеріне сенім сыйлайды. Темір жол үстінде жүйткіген локомотивті көріп машинист болам деп, теңіз бетіндегі жылжыған жүк кемесін көріп моряк болам деп өздерінің болашақ мамандықтарын таңдап қойған балалар көп. Мұны Құрыққа барған сапарымызда ауыл тұрғындарының аузынан естідік. Құрық енді құрымақ емес, керісінше алдағы болашақта ел экономикасын алға тартар ең серпінді аудан болатындығына сенім бар. Өйткені толағай жұмыстар атқарылып жатқанын көз көрді. Боржақтыға қарай бағыт алған біз биылғы жаңбырдың мол түскенінен дала бейнесі көз тартардай жасыл шөпке оранғанын көрдік. Жаңбыр суынан жиналған көлшіктен су ішіп, әрқайысы өз үйірін қорғап, ауыл жылқылары қаперсіз жайылып жүр. Бір кездері бұл иен дала жергілікті халықтың мал ұстап қоныстанған қыстауы, ойындағы сорынан тұз алып, қырындағы өрісіне төрт түлігін жусатқан жері еді. Бір беткейі адыраспан мен жусаны араласып шығатын сары топырақ, бір жағы бетіне ақшаңқан тұзы шығып жатқан дала келбеті расымен де бор жағып тастағандай ағал-жағал болатын. Осы бір бейнесі бір ауыз сөзбен түйінделген бұл мекеннің бүгінде кеудесін қақ жарып қос рельс орнатылып, гүрілдеген үлкен машиналар мен тынымсыз қозғалған адам аяғы ендігі болашақтың қамына кіріскен. Ақтаудан 70 шақырым жерде орналасқан Боржақты станциясына 1 сағатта жеттік. Станцияның ЭО постында екі кезекші ауысымдарын аяқтап, келесі кезекшілерді күтіп отыр екен. Бекет кезекшісі, 22 жастағы Ысқақ Аяуұлы Құрық ауылында туып өскен, темір жол саласы бойынша білім алып, алғашқы еңбек жолын осы Боржақты станциясынан бастапты. Жас теміржолшы жаңа станцияға қондырылған соңғы заманауи құрылғылар МПЦ Эбилок-950 жүйесі бойынша жұмыс жасап отыр. Бұрма мен бағдаршамдардың релелік орталықтандырылуын жүзеге асыратын құрылғылардың тілін біліп, пойыздарды қабылдап-жөнелту жолдарын және бұрма жолдардың жағдайын бақылап отыратын ол өз міндетін мүлтіксіз орындайды. Кабинетте ДХ-500 аппаратурасы да қондырылған. Ол арқылы сынық жолдық, бекет аралық, пойыздық радиобайланыс, энергодиспетчерлік байланыс және электромеханиктердің қызметтік байланысын жүзеге асыруда. Кезекшілер қосынының жанында үш бөлмелі 2 пәтердің де құрылысы аяқталғанымен әлі пайдалануға берілмепті. Өйткені «Боржақты – Ерсай» біртұтас жоба болғандықтан, Ерсай станциясы басындағы жұмыстар толық аяқталғаннан соң ғана арнайы комиссия шешімімен станция басшылары тағайындалып, жұмысшыларға қоныстануға рұқсат беріледі екен. Боржақты бекетінің кезекшісі Ысқақ Аяудың айтуы бойынша, күніне екі пойыз қабылданып, жөнелтіліп отыр. Олардың бірі Өзен – Түркіменстанға бағыт алса, бірі Құрық портына құрылыс материалдарын тиеген жүк пойыздары екен. Боржақты – Ерсайдың пайдалануға берілуі – Құрықтың Сарша деген теңіз жағалауында іргетасы құйылып, құрылысы жүріп жатқан паромдық кешеннің бойын тіктеуіне пайдасын тигізуде. Паром салу жеңіл шаруа емес. Қаншама тонна құм, топырақ, темір-бетондар, плиталар тиеген жүк пойыздары Боржақты станциясының басында бірер сағат аялдап, ары қарай Ерсай станциясына жеткізіледі. Одан әрі арнаулы техникалардың көмегімен үлкен көліктерге тиеліп, порт салынып жатқан алаңға апарылады. Болашақта тоғыз жолдың торабына айналатын Боржақты станциясы бір қауым ел мекен ететін елді-мекен болары анық. Осындай оймен Боржақтыдан шығып, Ерсай станциясына бет алдық.
Ерсай
Ерсай станциясының басында ЭО посты салынған. 4 кезекші ауысыммен отырады. Боржақтыдағыдай байланыс тетіктері, Эбилок-950 қондырғысы мұнда да тұр. Ерсайдың басы қайнаған жұмыс. Ерсайдан Құрыққа дейінгі 12,8 км жолды салу ісі қарқынды жүруде. «Жол жөндеуші» мекемесіне жүктелген міндет еш кедергісіз орындалып жатыр. Маусымға дейін 500 метр жол төселген. «Жол жөндеуші» ЖШС Батыс аймақтық филиалы бастығының орынбасары Сұлтанбек Тәшкенбаев Ерсайдан әрі қарай темір жол желісін тарту жобасы үшке бөлінетіндігін айтты. Бірі Ерсай – Құрық темір жолы болса, екінші бөлігі Құрық портының батыс жақ бетіндегі бірінші темір жол бойы, жобаның үшінші бөлігі паром кешеніндегі шығыс беткейдегі екінші темір жол желісі. Үшінші бөлік 2017 жылы қолға алынады екен. – «Жол жөндеуші» компаниясы темір жол салу және жөндеу саласына маманданған көшбасшы компания екені баршаға мәлім. «ҚТЖ» компаниясының бас мердігері болып табыламыз. Біздің қазіргі жұмыс Ерсайдан Құрық портына дейін, порт аумағынан паромға тиелетін жерге дейін темір жол төсеу. Сол темір жол арқылы пойыз өз вагондарымен келіп тұрған паромға кіріп, сол күйінше келесі елге жеткізілетін болады, – деп түсіндірді С.Тәшенбаев. Бүгінде Ерсай станциясының басында 6 км жол төсеуге арналған шпалдар мен рельстер тұр. Автокөлік жоғарыдан төменге бірден түсіп кете алғанымен, пойыздың қауіпсіздік ережелеріне мұндай бірден ылдиға қарай құлдилау сәйкес келмейтіні белгілі. Сондықтан теңіз жақ беттен қарағанда ақшаңқан тау боп көрінетін дөңес биіктік теңіз деңгейіне теңестіріліп жатыр екен. Жерді қазу жұмыстарын «Концерн Найза Құрылыс» мекемесі жасап беріп, жолдың жоғары қабаты, рельс төсеу істерін «Жол жөндеуші» компаниясы атқарады. С.Тәшенбаев жер рельефінің күрделі екендігін, кедір-бұдырды жойып, тегістеу қыруар жұмыс екендігін айтады. «Егер жер бедерінің қиындығы болмағанда бір күнде 70 км салып тастауға мүмкіндігіміз мол", – дейді ол. Темір жол желісін төсеп жатқан «Жол жөндеуші» мекемесінің 50 жұмысшысы мен 27 арнаулы техникасының қимылы шынында да өз ісіне маманданған майталмандар тірлігін танытады. Қазақстан нарығындағы темір жол салатын іргелі компания «Жол жөндеушінің» ел аймақтарында орналасқан 40 шақты өндірістік базалары бар. Жол салушылар қатарында Бейнеу ауданының тұрғындары да бар екен. Құрылыс материалдарының барлығы отандық өнімдер, рельстер Ақтөбе рельс зауытынан болса, шпалдар Қарағандының Нұра зауытынан жеткізілуде деп ақпар берді. 867 млн теңге қаражатқа жолдың жоғары қабатын төсеу және рельс пен шпал қою жұмыстарын жасап жатқан мекеме бұл жобаны қараша айына дейін аяқтаймыз деп отыр. Ерсай – Құрық темір жолына барлығы 18 км рельс, 21 бағыттама бұрмасы пайдаланылған. Ал қосалқы салынатын байланыс құрылғылары, бағдаршамдар, электрлік желілер 2017 жылдың еншісінде болмақ. Теңіз операцияларына қолдау көрсететін қызметін атқаруға Боржақты – Ерсай дайын тұр. Ерсайдан Құрыққа дейінгі темір жол салу ісі де қызу жүріп жатыр. Ендігі меже – Құрық паром кешеніндегі жасалып жатқан шараларды көзбен көру болып, әрі қарай аттандық...
Құрық порты
Алдымыздан мұнартып Сарша көрінді. Сарша – паром кешені салынып жатқан теңіз жағалауының аты. Көк теңізді жағалай жатқан елді мекен Құрық деп аталады. Құрық атауы – нағыз білгіштікпен керемет қойылған жер аты. Ақтау портына қарағанда Құрық портының болашағы зор екендігі де осы атауына байланысты екен. «Шторм» болған кезде Ақтау портының жағасына жүк тиелген кемелер келе алмайды. Құрық порты Ақтау портына қарағанда жайлылырақ. Қатты толқын болғанда Ақтау портындағы кемелердің бәрі қашып, зәкірлерін тастап, Құрыққа барып тұрады екен. «Қазақ» деген ат қойғыш халық кемелердің барлығы құрықталатын жер болғасын «Құрық» деп атаған. Өйткені Құрықтың жағалауы басқаша. Кеме қайырлап қалмайтын өзегі бар. Жағасы 23 метрге дейін терең. Жағалауы мейлінше терең болған сайын үлкен салмақты кеме жағалауға жақын келе алады. Шет елдерге кететін жүк те, келетін жүк те табиғат құбылыстары үшін бөгелмей, еш қолайсыздыққа қарамай, портқа емін-еркін келе алады. Міне, Құрық портын дамытамыз деп жұмыстанып жатқандағы негізгі мақсат осы. Ерсайдан Құрыққа баратын жол абыр-сабыр тіршілік, тас пен құм тиеген арнайы техникаларға толы, қазылған жердің ақ шаңы аспанға көтеріліп жатыр. Гүрілдей қозғалған ауыр техникалар жерді қақ жарып, тасы мен топырағын қотаруда, үлкен тісті техникалар жақпар тастарды үңгіп қазып жатыр. Теңіз жағалауындағы тынымсыз қозғалысты қызыға бақыладық. Жұмысты жүргізіп жатқан «Концерн Найза Құрылыс» ЖШС-і. Кешен салу ісіне 134 арнаулы техника мен 220 жұмысшы жұмылдырылған. Мекеменің бас инженері Мұрат Дүйсенбаевтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін 1,6 млрд теңге игерілген, яғни жерді ою, жағалауды бекіту, ВЛ-10 кВт тоқ тарту, темір жол үшін үстіңгі қабат төсеу (ВСП), жерді биіктетіп көтеріп тегістету және батыс толқын тосқы салу істері осы қаржы аясында жүзеге асып жатыр. Портқа кіре беріс жолдар біршама тегістелген. Сонда да тегістеудің қосымша жұмыстары жетіп артылады. Тынымсыз қозғалған техникалар мен адам күші десберместен жанталаса еңбек етуде. Паром кешеніне енген кезде ұзындығы 11,5 км екі темір жол желісі салынады екен. Осы жолмен жүріп келетін жүк тиеген локомотив темір жол рельсі орнатылған үш секциялы жиналмалы көпір үстіне келеді де, бірден паром ішіне енеді. Құрық портының ең маңызды тұсы да – осы. Ақтау портында жүк паромға контейнер арқылы тиелетін болса, Құрықта тепловоз бірден кеме ішіне енеді. Теңіз жолымен жүріп өтіп, арғы беттегі діттеген еліне жеткен соң вагондар бірден тепловоз арқылы шығарылып, рельс бойымен қалаған жеріне жеткізіледі. Жаңа кешен күніне әрқайсысының ішінде 50 вагоннан астам болатын 4-5 паром қабылдап-жөнелтетін қауқарды иемденбек. Бірінші темір жол оң жақтағы паромға бағытталса, екінші темір жол сол жақтағы паромға тиесілі. Екі паромның ортасындағы бөгет «ПИРС» деп аталады. Құны 2,5 млрд теңгені құрайтын айлақ пен ПИРС құрылысын салу маусым айының 15-де басталады. Жұмысшылар құрылысқа қажет материалдарды күтіп отыр екен. Келесі жасалып жатқан жұмыс, ол – жағалау қорғаны, яғни толқын тосқылар (мол). Ұзындығы 1 км батыс толқын тосқысы және 550 м шығыс толқын тосқысы жағалауды айнала қоршайтын болады. Бүгінде батыс толқын тосқысының 320 метрі салынған. Мұнан соң осы жағалау қорғанының ішін 6-8 метр тереңдікте ұңғылау жұмыстары басталады. Бұл кеме кіргенде жағалаудың терең болуы міндетті. Акваторияны тереңдету жұмысын бельгиялық «Ян Де Нул» компаниясы жүзеге асыратын болады. Ал, құны 1,9 млрд теңге болатын көтермелі-өтпелі көпір салу ісін маусым айынан қыркүйек айына дейін «ТюменьСтальМост» компаниясы атқарады. Бас инженер Мұрат Дүйсенбаев паром кешенін салу жобасында бірқатар түйткілдер орын алып отырғанын айтты. Мәселен 2016 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс жобада шығыс толқын тосқысы енгізілмеген. Сондай-ақ, толқын тосқауылының сыртын қаптайтын бетон өнімі тетрапот жасатуға қаржы қарастырылмаған. Бұл жағдай жобалаушылар арасында келісім туғызбай жатқан көрінеді. Олардың мәлімдеуінше, тетрапот болмаса толқын қысымына тастар шыдамауы мүмкін және шығыс толқын тосқауылы салынбаса паром кешені өз функциясын дұрыс атқара алмайды. Шығыс жақтан толқын соқса, тіпті кемелердің кіре алмау ықтималдығы жоғары. «Әзірге бұл сұрақтар бойынша басшылық орындар айналысуда. Толқын тосқыларды салуға 1,4 млрд қаржы кетеді, ал оның сыртын қаптайтын тетрапот салуға 1,8 млрд қаржы қажет. Сондықтан 3,2 млрд теңге қаражатты қосымша сұрап отырмыз", – дейді «КонцернНайзаҚұрылыс» ЖШС бас инженері. Паром кешенін аяқтау желтоқсан айына жоспарланған. Яғни, 2016 жылдың соңында Құрық паром кешені алғашқы жүк кемесін қабылдай бастайды. Алайда тек бірінші темір жол желісімен ғана ПИРС-тың оң жағынан келетін паромды күтіп алады. Екінші темір жол желісі мен ПИРС-тың сол жағындағы паромды қабылдау 2017 жылдың жобасына қалдырылған. Р.S. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы жаңару мен жасаруды мақсат етіп, жасампаз тәуекелге белді буғызған еді. Ғасыр жобасына баланатын, бұйырса келешек ұрпақ игілігін молынан көретін Құрық портын салуға мемлекет 32 млрд 106 млн теңге қаражат бөлді. Ендігі міндет – ел болып жұмылып, батыл қадамға итермелеген Елбасы саясатына сенім арту. Көк теңіздің үстінен паромдар қос портқа – Құрық пен Ақтау портына кезектесе келіп, ел экономикасын еселер тұс та алыс емес. Ауыл жанындағы тіршілікті дүр сілкінтіп жатқан алып құрылыс асқар таудай армандарға жетелейді. Елу жылда ел жаңа демекші, ендігі ширек ғасырда Каспийдің тұзды суында жүзіп, жағасындағы топырағына аунап өскен Құрықтың балдырғандары бірі кеме капитаны, бірі теміржолшы болып қызмет етері анық.
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙ Ақтау – Боржақты – Ерсай – Құрық Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="4529,4528,4527,4526,4525,4524,4523,4522,4518,4517,4516,4515,4513,4506,4505,4494,4492,4490,4486,4485"]