Бос сөзден нақты іске көшетін кез келді
Облыс әкімдігінің кіші залында Маңғыстау экономикалық кеңестің «Аймақты дамытудың негізгі бағыттары мен басты мақсаттары» тақырыбында отырысы болып өтті. Кезекті мәжіліске облыс әкімі Алик Айдарбаев, оның орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұқанбетованың айтуынша, экономикалық кеңестің алғашқы отырысында жалпы тұжырымдама қабылданған болатын. Атқарылған жұмыстың экономикалық негізгі көрсеткіштері бүгінгі әлемді дағдартқан дағдарысқа қарамастан, төмен емес.
Маңғыстау облысы – еліміздің маңызды экономикалық орталығы саналады. Тұрғындар тұрмысы деңгейінің тұрақты түрде өсуі өндіріс пен әлеуметтік-мәдени саланың дамуымен қамтамасыз етіледі. Аймақтың даму барысы тұрғындар, мемлекет және жеке сектормен байланыстырылады. Өңіріміздің экономикалық дамуы деңгейінің өлшемін нақты көлем индексі, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің деңгейі, негізгі капиталға инвестицияның өсу қарқыны, негізгі салалардағы өнім шығарудың нақты көлем индексі және қазына қорына салықтық және салықтық емес түсімдердің өсуімен қарастырылады. Ал, тұрғындар тұрмысының жақсы-жаманын жұмыссыздық пен ең төменгі күнкөріс деңгейінен және адамдар өмір сүру ұзақтығынан көруге болады. Маңғыстау экономикалық кеңесінің аймақты дамытудың негізгі мақсаттарын жүзеге асырып, экономика салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, ҚР бюджетіне түсімдердің өсуіне ықпал ету және тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс деңгейін көтеруді көздейді.
- Облыс халқы ағымдағы жылдың басынан бері 0,78 пайызға өскен. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға артық. Бұл – еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Жаңа жұмыс орындарының құрылуы да 20 пайызға өскен. Алайда, жұмыссыздық та өсіп, ел аймақтарының ішінде халқы көп Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысынан кейінгі 3-нші орындамыз. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі бойынша 99,8 пайызды көрсетіп, 10-ншы орыннан көрінсек, соңғы кезде 556,6 млрд.теңгенің өнеркәсіптік өнім өндіріп, еліміз бойынша Атыраудан кейінгі 2-нші орын межесінен көріндік,-дейді облыс әкімінің орынбасары Ш.Илмұқанбетова.
Өңірімізді дамыту жобаларын жүзеге асыруда кедергілер мен қиындықтар да жоқ емес. Облыс әкімдігінде жеке сектордың атқарып жатқан істері жайлы ақпарат жоқтың қасы. Жобаларды басқару олардың санының көптігі, маңыздылығы мен басымдығына сараптаманың жоқтығына байланысты қиындық тудырып отыр.
- Бізде өнімнің нақты индексі де, жалақының көлемі де жоғары саналады. Бірақ, бизнестің деңгейі жоғары деп кім айта алады? Бұл пародокс емес пе? Тұрғындарды медицина, білім беру салаларының, ауыз судың жағдайы алаңдатады. Дәрігерлердің біліктілігі төмен, көбісі дөрекі, науқастармен дұрыс сөйлесе алмайды. Емханаларда кезек ұзақ-сонар. Бұл саланы дамытудың жолы – аурухана салу немесе қымбат бағалы құрал-жабдық алуда емес шығар. Ең бастысы – дәрігерлердің өз жұмыстарын көрсете білуінде болуы мүмкін ғой? Біздің қолға алған жобаларымызды жүзеге асырудағы қиындық – Қазақстан рыногының кішкентайлығы мен экспорттық бағамдаудың жоқтығында деп санаймын. Дегенмен, ештеңені күтудің қажеті жоқ. Мәселе өздігінен шешілмейді. Жаңа заңның шығуы мен қазына қаржысының бөлінуін талап етпей-ақ жұмысты үйлестіріп, жобаларды жүзеге асыруды тапсырамын,-деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
Кеңес отырысының күн тәртібі бойынша, облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев сөз алып, жоспарға сәйкес жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты. Осы орайда, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік логистикасы, мұнай –газ секторы, энергетика және аймақты дамыту бойынша жұмыс топтарының құрылған.
- Қазір облыс әкімі мен Ел үкіметінің басшысы аймақты дамыту меморандумына қол қояды. Жіті назарда тұр. Облысымыздағы «Қаражамбасмұнайдан» басқа ірі компаниялар межеленген жоспарды орындап келеді. Ал, кішігірім компанияларда жағдай қиындау, олар жоспарды орындай алмай отыр. Ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіштер төмен, жоспар мүлдем орындалмайды. Өйткені, көп жағдайда статистика жүргізбейді, ақпарат берілмейді. Жоспарды бекіттің бе, оны орындау қажет. Бүгінгі жағдайда қаржыны жұмыс орындарына айырбастау керек. Мекеме жұмыссыздарды жұмысқа алса, субсидия беру керек. Ал, жұмысқа алмаса, қаражат та жоқ. Осы бағытта жұмыстану керек,-деді облыс әкімі.
Осыдан соң облыстық құрылыс басқармасының басшысы Орақ Аяпов мінбеге көтеріліп, аталмыш саланың даму барысымен таныстырды. Құрылыс нарығында үш мақсат – өндірістік, тұрғын үй және әкімшілік-әлеуметтік нысандар құрылысын дамыту алға қойылған. 2015 жылы 175 млрд.теңге қаражатқа құрылыс жұмыстары жүргізілсе, биылғы жылы 184 млрд.теңге жұмсалмақ. Жылдың алғашқы төрт айының ішінде 28 млрд.теңгеге құрылыс салынған. Осындай жағымды көрсеткіштерді назарға ұсынған басқарма басшысының баяндамасын Алик Серікұлы бөлді.
- Бұл бізге байланысты емес. Құрылыс қазына қаражатына жүргізілуде. Бұл туралы айтудың қажеті шамалы. Не істеу керек сонда? Құрылыс материалдарын шығаруды қолға алу керек. Құрылыс комбинаттарын іске қосу керек. Жерге байланысты да сұрақтар көп. Аймағымызда тұрғын үй салуға болатын жердің көлемі қандай? Инфрақұрылымның болашағы қандай? Бас жоспар бойынша қанша жер бар? Оған инфрақұрылым тарту үшін қанша қаражат керек? Осындай мәлімет кімде бар? Кім сұраққа жауап бере алады?-деді өңір басшысы.
Алик Серікұлы ел сенім артқан әкімдер мен басқарма басшыларын бос сөзден нақты іске көшуді тапсырды. Екі сағатқа созылған отырыс мұнымен аяқталған жоқ. Экономикалық кеңестің жалғасы келесі аптада өтетін болды.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ