©
Өткен аптаның жұмасында аудан орталығында кәсіп істеймін деген адамға пайдасы көп бір жиын болды. «Даму» кәсіпкерлерлікеті дамыту қорының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының, «ҚазАгроқаржы» акционерлік қоғамының, Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының, бірқатар 2-деңгейдегі банктердің өкілдерінің қатысуымен болған бұл жиынға ауданның барлық елді мекендерінен кәсіпкерлер келді.
- Бұл – дәстүрге айналған басқосу десек те болады, - дейді аудандық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі бастығының міндетін атқарушы Дариға Шалабаева. – Жыл сайын осындай жиындар ұйымдастырылып жүр. Ондағы мақсат – өз ісін бастаған адамдарға кәсібін дамыту, қаржыландыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев ашып, жүргізіп отырды. Маңғыстау облыстық «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директоры Берік Нұрғалиев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ өңірлік менеджері Маржан Бурханова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Дәулет Өтебалиев осы салаға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың қыр-сырын, дамыту, қаржыландыру жолдарын, ішкі және сыртқы нарыққа шығу әдістерін қарапайым тілмен ұғынықты қылып айтып, мол мағлұмат берді.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер тарапынан сұрақ көп қойылды. Оларға аты аталған жауапты мамандармен қоса банк өкілдері жауап беріп, көп нәрсе талқыға түсті. Жиын соңынан кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелер бойынша менеджерлермен жеке кездесіп, пікір, көмек, кеңес алуға мүмкіндік болды.
- Ауданымызда кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Бірақ, одан әрі өрістетіп, сапалық жаңа деңгейге көтеруге, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Кәсіпкерлік дамыған сайын, әлеуметтік мәселелер оңай шешілетін болады. Осы жиын да, бұрынғыларындай, пайдалы жиын болғаны сөзсіз, - деді Талғат Алтынғалиев.
Айсағали ҚЫДЫР
Суреттерді түсірген автор