©
Маңғыстау түбегін қолтығына алған Каспий теңізі солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созылып жатыр. Қарымды ені – 435 шм, енсіз жері – 196 шм. Теңіз шарасы үш бөлікке – солтүстік, орта және оңтүстікке бөлінеді. Әр дәуірде Гиркан, Абескун, Дайтем, Колзум, Мазандаран, Дербент, Хвалы, Хазар тәрізді 70-тен астам әртүрлі атаулармен аталған. Биоресурс қоры – 500 млрд. АҚШ долларымен бағаланған, әлемдегі бекіре тұқымдас балықтың 90 пайызы өседі. Қазақ Елінің Каспийдегі үлесі – 29 пайыз. Деңгейі мұхиттан 28 метр төмен. Ең терең жері – 980 метр. Географиялық түзілімде оны «әлемдегі ең ірі көл» деп қарастырғанымен, жергілікті халық үшін ол теңдесі жоқ теңіз. Аумағы мұхитқа шектесіп жататын Балтық теңізінен, Адрият теңізінен, Ақ теңізден едәуір үлкен.
Жарқабақтан құлап кетердей теңізге үңіліп қарап тұратын Ақтау – шын мәнінде аққу мүсінді қала. Әсем биік үйлер көз алдыңа тынық күнде теңіз бетінде бір-бірін аймалай жүзіп жүрген аққуларды немесе ақ желкенді парустарды елестетеді.
«Сұлулығына қарай алмайсың толғанбай,
терезесінен теңізге секіріп кетсең болғандай» деп Төлеген ақын тамсана жырлағандай, қала орналасқан теңіз жағалауын қыста құс төресі – аққулар мекендейді. Тұрғындар аққуларға жем апарып шашып тамашаласа, ол жемді таласа-тармаса шағалалар қағып кетіп жатады. Көктем шыға ұшып кетіп, күзде оралатын құс төресін сәл кешіксе:
Аққуларым, неге келмей кеттіңдер, Күтуменен өтіп жатыр көп күндер. Жағалауды лай басып кетті ме, Әлде, әлде мұнай басып кетті ме? Арман қуып бір қиялға берілсек, Саған ынтық сезімді ала келуші ек. Аққу болып ұшты дейтін кезінде, Бекет атам көзіндей бір көруші ек... – деп шыдамсыздана күтіп жүретін болдық.
Қала 1959 жылы Ақтау поселкесі атанып, 1963 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ақтау қаласы мәртебесін алып, ал жарты жылдан кейін 1964 жылдың 1 шілдесінде осы өңірде 1850–1857 жылдары айдауда болған украин халқының ұлы ақыны Т.Г.Шевченконың туғанына 150 жыл толу құрметіне Шевченко болып өзгертілген еді. 1991 жылы қалаға бұрынғы өз атауы – Ақтау есімі қайтарылды.
1985 жылы Шевченко қаласында «Где зимуют лебеди...» атты телефильм түсіріліп, премьерасы Мәскеуден орталық теледидардан көрсетілді. Маңғыстаудың өзге өңірге ұқсамайтын ерекше табиғатын бейнелейтін бұл көрсетілімнің авторлары – Қазақ телевидениесінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Август Гусинский мен «Қазақфильм» студиясының режиссер-операторы Айтмұхан Карабалин еді. Ал оның алдында 1984 жылы Латвияның Юрмала қаласында «Человек и море» аталатын 11-халықаралық телефильмдер фестивалында Маңғыстауда түсірілген деректі «Каспийский тюлень» түсірілімі арнайы дипломмен марапатталған еді.
Дүниеден ертелеу өткен ақындардың бірі Меңдекеш Сатыбалдиев:
«Ақжарма» күй ең Абылша ешкім шертпеген, Айықпай кеткен Асанқайғының да дерттері ең. Ақбөбек біткен маңдайыңа Қайран көл бітпей, Жалғанда сені аққулар мекен етпеген, – деп назырқанса, табиғаттың адам қолымен қалай өзгергенін қараңыз, қолайлы жағдай туғаннан кейін ару қала осылайша аққулар мекеніне айналды.
Аққулар демекші, 1968 жылы теңізге жақын жатқан Қаракөл атты сорға Шевченко қаласының энергокомбинатынан пайдаланудан шыққан жылы су ағызылады. Уақыт өте әлгі сор тым тәуір көл болады да, жағасына құрақ өсіп, ол қамысты қопа болып, бірте-бірте үйрек, қаздар тәрізді құстардың мекені болады. Маңғышлақ облыстық аң инспекциясының қызметкері Петр Миронович Ланкиннің журналист Валерий Буренковқа айтуынша аққулар алғаш рет Қаракөлге 1974-75 жылдардың қысында ұшып келіпті де, келер жылы олардың саны он мыңнан асып жығылыпты. Содан бері Ақтау қаласының теңіз жағалауы – қыс кезіндегі аққулардың үйреншікті үйі. Олардың адамдар қамқорлығына үйреніп, сенгендіктері соншалық, тіпті жемді тура қолдан алады.
Мүйістің атауы Қолтық болатын
Қаланың бүгінгі орналасқан жері бұрын Қолтық деп аталған. Қолтықтан 15-50 шақырым аралығындағы қашықтықтарда орналасқан өңірлер: Ақшұқыр, Қошқар ата, Қараманды, Сығынды, Илі, Жамбауыл, Ащыбас, Доңға, Әлмұрат, Жабағы, Кебіркөл, Торты, Темірше, Соркөл деп аталатын. Бұл атаулардың қазір ұмытылып бара жатқаны өкінішті.
Қолтық (Аққолтық) деп Ақтау қаласының қазіргі 1-шағынауданының тұсындағы теңізге сұғынып жатқан тұмсықтан Ақтау теңіз портына дейінгі доғаша иілген ойыс жиекті атаған. Қолтық десе қолтық. Бұл жердің суы тайыз, желі баяу, ықтасын, балықшылар үшін аса қолайлы жер болған. Теңіз бетінде толқынға тап болған талай балықшылардың қайықтары осы мүйіске ығып келіп аман қалады екен. Мұнда келген геологиялық-барлау, іздестіру партиялары өздерінше «Мыс Меловая» деген атау берген.
Жалпы топономикалық ежелгі жер атауларын картаға түсірген кезде, оған көбіне өзгеріс енгізетіндер осындай партиялар, ресми тұрғыда солардың мәліметтері ғана негізге алынады. Қаланың ішінде де, сыртында да тарихи ескерткіштер үшін мәні зор бірнеше қорымдар жатыр. Соның бірі – 13-шағынауданға шектес «Алтықұлаш әулие».
Жазушы Айтмағанбет Құдайбергеновтің «Аққолтық» атты әңгімесіне (Форт-Шевченко қаласы орналасқан жер бұрын Ақкетік аталғаны секілді Ақтау қаласы тұрған жер Аққолтық атанғанын жоғарыда айттық қой) дәл осы жерде болған балықшы отбасының трагедиялық оқиғасы арқау болған. Өкінішке орай, қалалықтар оны біле бермейді. Шіркін, осы оқиға жайлы кинофильм түсірілсе ғой. Айтмағанбеттің «Мұнаралы өлкем» атты әңгімесі де Маңғыстаудан алғаш шыққан өз мұнай-газ барлаушысының тұлғасын сомдайды.
Ақтау қаласының іргетасының қалай қаланғаны жөнінде сол кезде осы өңірде туып, балалық шағын өткізіп, көп нәрселерді көзімен көрген ҚР Жер қойнауларының құрметті барлаушысы, ардагер геолог-мұнайшы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бұрынғы бас директоры Сағын Қырымқұлов өз естелігінде былай жазады: «Біз көргенде бұл жерде тарап кеткен Ералиев атындағы колхоздан қалған 4-5 қана үй болатын. Олар – төрт кластық бастауыш мектеп үйі, колхоз кеңсесі, механикалық шеберхана ғимараты және колхоз басқарма төрағасының отырған үйі еді.
1957 жылдың наурыз айының ішінде Ақшұқыр ауылындағы дүкеннің алдына бір УАЗ жеңіл машинасы келіп тоқтайды, ішінен 4-5 адам түседі. Жиналған жұрттан бір нәрселерді сұраса, олардың орысша сұрағына түсініп, жауап беретін адам табыла қоймапты. Сонда көпшіліктің ішінен біреу: «Жақында әскерден оралған, орысшаны тәуір білетін Қырымқұлов Төлек деген жігіт бар. Қазір апасы Мәдемханның үйінде, сол жігітпен кездестірелік» дейді. Шынында да Төлек орысшаны жақсы білетін болуы керек, әлгілер онымен сөйлескеніне мәз болысып, машинасына қайтадан отырып жүріп кетіпті. Төлек жиналып, ауыздарын ашып, аңырып тұрған жұртқа орыстардың жүрістерінің мән-жайын түсіндірсе, олар су іздеуші гидрогеологтар екен. Қолтықты сілтетіп алып: «сол жерге базамызды жасақтап, одан әрі іздестіру жұмыстарына кіріссек...» депті. Төлекті жұмысқа шақырыпты.
Сөйтіп, Қолтықта «Кольцовская – 45» партиясының базасы орналасып, оған Пятигорскіден, Минеральные водыдан, Ставропольден жұмысшылар құрал-жабдық, бұрғылау техникаларымен ағылып келе бастайды. Ақтау қаласының осы күнгі 3-шағынауданының орнында олардың палаткалы шағын қалашығы тұрады. Жұмысқа тартылған жергілікті қазақтар жертөле қазып алып қоныстанады. Алғашқы қоныстанушылардың қатарында Рахов Төлесін мен Төлеубайдың, Беков Бердіханның, Келдібаев Бәшейдің, Қырымқұлов Төлектің отбасылары, т.б. болады. Бұлар болашақ Ақтау қаласының алғашқы тұрғындары еді. 1959 жылы ресми Ақтау (Гурьев-20) аталған поселкеде 14 мың адам тұрды...» (С.Қырымқұлов. «Информ-А», 2010).
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кісіні таны ісіненАқтау қаласының тарихын бес саусағындай білетін ардагер Жабағы Құрмашев «Маңғыстау» газетінде жарияланған«Тарихтың тарам жолдары» атты естелік-мақаласында (№63-64, 17.04.2003) былай дейді: «КСРО-ның Орта машина жасау министрлігінің нысаны болғандықтан бұл жер құпия атпен аталды. Алғашқыда «Мысь Меловая», сосын «Строительные объекты», «Гурьев – 20» деп аталды. Аумақтық бөлініс жағынан сол кездері Шевченко ауданына (орталығы Форт-Шевченко) қарасты болды.
1959 жылы қыркүйек айында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төралқасының жарлығымен «Гурьев-20» деген құпия атау Ақтау поселкесі деп өзгертілді. Ақтау поселкелік кеңесі атқару комитетінің алғашқы төрағасы Игібай Қалдыгетов, хатшысы Іңірбай Қазанбаев, ал кейінгі төрағалар Қойлыбай Нұралиев, Шахан Азбенов болды. Ақтау поселкесі жабық елді мекен еді. Мемлекеттік құрылымдар арнаулы милиция бөлімшесі (бастығы Кенжеғұл Қашақов), арнаулы сот (судья Ғизатолла Ахметов), арнаулы прокурор (Мақат Айтбаев), банк бөлімшесі (бастығы Батырғожа Есбосынов) құрылды...
Ақтауға өндірістік кәсіпорындар шоғырлана бастады. «№7 почта жәшігі» (бастығы Хетагуров Герлсан Василевич) – кейін Каспий аймақтық тау кен комбинаты, «№475 почта жәшігі» (бастығы полковник И.К.Захаров) – кейін Каспий аймақтық құрылыс басқармасы, «№19 почта жәшігі» (бастығы И.Н.Каресов) – кейін №26 монтаж-құрылыс басқармасы, «№2 почта жәшігі» (бастығы М.М.Михайлов) – кейін гидрогеология экспедициясы, т.б. жұмыс істеді. Ақтау поселкесіне қажетті құрылыс материалдары мен техникалар жедел түрде Махашқала мен Астрахань арқылы Баутин бортына түсіріліп, одан автокөлікпен Ақтауға жеткізіліп тұрды. Азық-түлік Минводыдан самолетпен тасылды. Құрылыс қарқынының орасан кең көлемде жүруіне байланысты бірнеше әскери құрылыс батальонын құрайтын дивизия (ВСО-военстройотряд, командирі А.Ш.Петросов), 3-4 еңбек түзеу лагерін құрайтын ОИТУ (отдел исправительно-трудовых учреждений, бастығы Абилдинов Құдайберген) құрылды. Жоғарыда аталған төрт түрлі «почта жәшігінің» КСРО Орта машина жасау министрлігінде әрқайсысының тікелей бағынатын бас басқармалары болды. Әскери құрылыс батальондары мен еңбек түзеу лагерлері №475 почта жәшігінің бағынысында болды. Өйткені ол бас құрылысшы – мердігер болатын».
Уран кені қалай ашылды?
Қазақстанға келген шетелдік туристердің Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің пікір кітабына «Әуезов. Байқоңыр. Маңғыстау.» деп үш ауыз сөз жазып Қазақстанның кереметтерін ақ жүрекпен мойындағандары да сол кез болатын.
Маңғыстауда мұнай мен газ кендерінің бар екені ертеден белгілі болғаны, саяхат шылардың жазбаларында айтудай-ақ айтылған. Ал тағы бір байлығы уранның қалай табылғаны жайлы айтылмайды да, жазыла да бермейді. Геологтардың өз араларындағы пайымдаулар ғана бар. МНГР геологтарының бірі Ақборық Сүлейменқызы кезінде бас геолог В.П.Токаревтен естіген әңгімесін бізге былайша жеткізген: «Маңғыстауға пайдалы қазбалар кенін іздеген ВНИГРИ-дің отряд, экспедициялары келіп, кетіп жатады. Олар болған жерлерінің маршруттарын, топырақ үлгілерін қай жерден алғандарын қағазға түсіріп отыруы, кейін институтқа тапсыруы тиіс. Сондай экспедицияның салақтау бір геологі адасып кетіп, жолда кездескен үлгілерді қапшығына сала жүріп, сыртына «Мангышлак» деп жаза салады да, тапсырып жібереді.
Маңғыстау кең ғой, дәл қай жерден алынғаны жазылуы тиіс болатын. Ол үлгілер жоғалмайды, біреу назар аударғанша жата береді. Руданы айыратын радиометр шыққаннан кейін, институт геологтары қоймада үйіліп жатқан үлгілерді радиометрмен тексергілері келеді. Бір қапшыққа келгенде аппарат дыбыс беріп «зың» ете түседі. Мамандар қапшықты қолдарына алса сыртында «Мангышлак» деген жазу тұрады. Ал ішінде уран белгісі. Содан Маңғыстауға экспедиция қаптап кетеді де, зерттеу нәтижесінде әлгі үлгі Қарақияның топырағы болып шығады...».
КСРО-да уран рудасына бетбұрыс 1944 жылы басталады. 1947 жылы Кольцовская (Ессентуки), Октябрьская (Ленинград), Волковская (Алматы), Шабровская (Свердловск), т.б. мамандандырылған территориялық экспедициялар құрылады. 1956 жылғы 1 наурыздағы КСРО Геология министрлігінің бірінші геологиялық барлау басқармасының тапсырмасы бойынша Колцовская экспедициясы 1954-55 жылдары Бүкілодақтық минералдық шикізат институтының аэропартиясымен белгілі болған Қарақия ойпатындағы уран-фосфат рудасын геологиялық барлаумен айналысады. Екі жыл бойы Кольцовская экспедициясы мен партия-45 геологтары Маңғышлақтың таулы Ақтау, Қаратау өңірлерінде барлау жүргізіп, табысқа жете алмағанымен кейін Маңғыстау бұларға құпиясын ашқан. Құйрығына арқан шұбатқан «кукурузник» самолеттер жиі ұшып, олардың аппараттары Қарақия ойында жұмыс істемей қалып, Жетібайдың дөңіне шыққан да қайта жұмыс істейді екен. Экспедиция бастығы Б.Шведенко, партия жетекшісі Анатолий Иванович Кореневский болды. 1959 жылы Меловое кенорны базасында №1 комбинаттың құрылысы басталады. 1966 жылы №1 комбинат (№7 пошта жәшігі) Прикаспий кен-металлургия комбинаты (ПГМК) деп аталды. 1989 жылы ПГМК өндірістік бірлестігі, 1992 жылы ол «Каскор» акционерлік қоғамы болады да, 2006 жылы таратылады.
Ақтау қаласының «әкесі» кім?
Ақтау қаласының дүниеге келуіне кезінде «Құпия министрлік» атанған КСРО Орта салмақты машиналар жасау министрі Ефим Павлович Славскийдің еңбегі ерен, оны «Ақтау қаласының әкесі» дейді. Ефим ата Маңғыстау жарты аралында жаңа қала салынар кезде 60-тан асқан болатын, ол 93 жасында дүниеден өткенше Ақтаумен тығыз байланыста болды. Жасы сексенге толғанда Славский Брежневтен зейнетке жіберуін сұрапты дейді. Сонда Леонид Ильич: «Такие люди, как мы с вами, умирают на посту» деп жібермеген екен.
Е.П.Славскийдің қазақстандық достары көп болған, солардың бірі – Қазақстан ғылым академиясының президенті, көрнекті ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев. Ғалымның ғұмырнамасын толық зерттеген жазушы Медеу Сәрсекеев үш рет Социалистік Еңбек Ері атанған Ефим шалды Мәскеу қаласына арнайы іздеп барып, қабылдауына жазылып кездескендегі әңгімелерінен үзінді келтірелік: «...Мынау омырауымдағы үш алтын жұлдыздың біреуін мен Маңғыстау түбегінде тың өндіріс ашып, сол өңірдің экономикасына түбірлі өзгеріс жасаған еңбектерім үшін алдым. Шындығында бұл жұлдыздың түп иесі – академик Сәтбаев! Ол мені осы іске жекпесе, түбектің қойнындағы қазына көздеріне сендірмесе, тарихи жазбаларда «өлі қолтық», кейде «барсакелмес аралы» аталған яки құдай қарғаған дерлік сусыз, нусыз, жері тұзды, қылтанақсыз тап-тақыр қу медиенге теміржол тартып нем бар? Өндіріске қажет жабдықты теңіз арқылы жеткізіп, дайын өнімді ұшақпен-ақ әкетер едік. Бірақ Қаныш Имантайұлы бұл шаруаға біздің бәрімізден де тереңірек мән беріп, өзгеше пиғылмен қарады да, өзінің айтқанына көндірді. Ал ол кісі өзі сенген іске кімді болсын иландыра білетін. Ақыр аяғында оның болжамы дұрысқа шығып, түбектің, күллі Маңғыстау өңірінің жер астындағы қисапсыз мол қазынасының тезірек ашылуы на дәнекер болды...». Жазушы М.Сәрсекеев Қаныштың Маңғыстау мұнайын барлау, өндіру ісін өзге республикаларға бермей Қазақстан игілігіне сақтап қалған ерлігінің өзі бір романға жүк екенін жазады.
Жабағы Құрмашевтің «Тарихтың тарам жолдары» естелігіне тағы жүгінелік: «...1960 жылы күзде Шевченко аудандық партия конференциясы болып, сол жылы Алматыдағы төрт жылдық жоғары партия мектебін бітіріп келген Ибаш Жанболатова бірінші хатшылыққа, Алым Жаңбыршин екінші хатшы болып сайланды. Конференцияда бірінші хатшылықтан босаған Қапизолла Қуанышбаев Ақтау поселкесінде орналасқан КСРО Орта машина жасау министрлігінің мекемелерінде жұмыс жасайтын коммунистер санының үнемі өсу сипатына байланысты Гурьев облыстық партия комитеті бюросының шешімімен пайымдастырылып, соның хатшылығына ұсынылған болатын. Ашық жиналыста дауыс беруден сүрінбей өткен Қ.Қуанышбаев жабық-жасырын дауыс беруде әдейі ұйымдастырылған шовинистік топтың кесірінен партком хатшылығына сайланбай қалады.
Бұл келеңсіз әрекеттер Гурьев облыстық партия комитетінің басшылығы (бірінші хатшысы Н.Д.Оңдасынов), облыстық кеңестің басшылығы (атком төрағасы С.Құбашев) тарапынан, тағы басқа жұртшылықтың наразылығын тудырады. Ақыры осындай келеңсіз материалдар, орталықтан келген Орта машина жасау министрлігінің лауазым иелерінің жергілікті тұрғындарға ұнамсыз көзқарастарын білдіретін неше түрлі деректер жинақталып, Гурьев облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, тиісті партиялық баға беріліп, И.К.Захаровқа, Г.В.Хетагуровке есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіс беріліп, КСРО Орта машина жасау министрі Е.П.Славскийден аталған мекемелердің басшылығын бұдан былай қалдыру мәселесі және бұл мекемелерді партиялық, интернационалдық, идеологиялық тұрғыдан саяси іскер кадрлармен қамтамасыз ету сұралған. Осыған байланысты сол жылы министр Славскийдің бұйрығымен аталған мекемелердің бірінші және өкілетті басшысы болып адами қасиеті мен іскерлік ұйымдастырушылық қабілеті жеткілікті, талапкер Рубен Арамаисович Григорян тағайындалды...».
Маңғышлақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев Е.П.Славскийге деген құрметiн, ыстық ықыласын өзiнiң естелiк кiтаптарында еш жасырмайды. Ол «құпия министрмен» бiр кездесуiн былай суреттейдi:
« - Мына жанып тұрған жүздеген шырақтарды сөндiретiн амал бар ма? – деп сұрады Ефим Павлович.
- Мұнаймен араласа шығатын газды бөлiп алып, құбырмен не пойызбен тасып ел мұқтажына пайдалану үшiн оны айыратын завод салу керек, – дедiк.
- Егер жобасы дайын болса, қажеттi құралдармен жабдықтасаңдар тез тұрғызып берелiк, – деп кейiгендей кесiп айтты.
- Бұл жоспарда жоқ нәрсе ғой, заңсыз емес пе? – деп қатысушының бiрi дүңк ете қалды.
- Немене алтынды отқа өртеу заңды ма, мүмкiн Госплан оны жоспарлаған да шығар, –деп зекiп тастады.
Екi жылдан кейiн Жаңаөзен қаласынан газ айыратын заводтың бiрiншi кезегi салынып та бiттi...
1980 жылы осы заводта күштi апат болып Славскийден жәрдем сұрауға мәжбүр болдық. Телефон арқылы жағдайды толық түсiндiрдiм.
- Материалдары тез дайын бола ма?
- Әңгiме материалдың тапшылығында болып тұр, әйтпесе құрылысшыларға өзiмiз де тәртiп бере аламыз ғой.
- Сенiң өтiнiшiңдi орындамаған кезiм болды ма?
- Рахмет, Ефим Павлович, Сiзге өкпем жоқ, болашақта да достығымыз жалғаса берсiн деп тiлеймін.
- Қулығыңды асырдың, шалдың жай сөйлейтiнiн пайдаланып, алдымды орап кеттiң, жарайды менiмен келiстiм – деп есепте. Шындықты мойындау керек, облыстағы күрделiде қиын iстердiң бәрiносы министрлiктiң мекемелерiне жүктейтiнбiз.» (С.Мұқашев, «Өткендi оймен шолғанда», 138-бет, Алматы, «Өлке», 1996.)
60-шы жылдардың басында руда кенінің және ірі мұнай мен газ кенорындарының ашылуына орай Маңғыстау өндірістік территориялық кешенінің даму қарқыны артып, қаланың маштабы өсті. Қала жарты аралдағы пайдалы қазбаларды игерудің тірек пунктіне, яғни мұнайшылардың астанасына айналды.
Бірінші қалалық партия конференциясы
1964 жылғы 13 қаңтарда Ақтау қаласында 265 делегат қатысқан бірінші қалалық партия конференциясы өтіп, онда Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Мұхамбет Айтуұлы Исенов баяндама жасады. Конференцияда қалалық партия комитеті, ал ұйымдастыру пленумында бірінші хатшы болып Виктор Кузьмич Захаров, екінші хатшы болып Закаш Камалиденов, бюро мүшелері болып: Рубен Арамайсович Григориян – таукен-химия комбинаты бастығы, Григорий Степанович Дряпак – №10 пошта жәшігі парт ком хатшысы, Арысбай Қуанышев – Ақтау қалалық атқару комитеті төрағасы, Рахмет Өтесінов – «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі партком хатшысы, С.Ф.Чеплаков – «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігі бастығы, Қосай Доржығұлов – тепловоз машинисі, Мұстафа Өтегенов – қалалық халықтық бақылау комитеті төрағасы сайланды.
Осы жылы Форт-Шевченко ауданы таратылды да, оның екінші хатшысы болған Алым Жаңбыршин (өнеркәсіп-транспорт бөлімі меңгерушілігіне) бастаған бір топ аппарат қызметкерлері (Жабағы Құрмашев, Егізбай Сатыбалдиев нұсқаушылыққа, Сүйеу Теңізбаев есеп секторының меңгерушілігіне, Н.И.Кошкина жалпы бөлім меңгерушілігіне) жаңадан құрылып жатқан Ақтау қалалық партия комитетінің аппаратына жіберіледі.
В.К.Захаров Ақтөбе қалалық атқару комитетінің төрағасы, З.Камалиденов Гурьев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, А.Қуанышев Гурев облыстық геологиялық басқармасы бастығының орынбасары болатын. Виктор Кузмич 1917 жылы Орынбор облысының Орск қаласында дүниеге келген. Харковтың теміржол институтын бітірген. Машинистің көмекшісі, инженер, депо бастығы, Ақтөбе қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған. В.К.Захаров 1971 жылғы 13 қаңтарда жүрек талмасынан қайтыс болады. Қалалық партия комитеті және атқару комитетінің бірлескен комиссиясының шешімімен ол 4 және 5-шағынаудан аралығындағы скверге жерленеді. Закаш Камалиденов кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хатшысы, ҚКП Орталық комитетінің хатшысы, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы болды.
Екінші шақырылған еңбекшілер депутаттары Шевченко қалалық кеңесінің бірінші сессиясында (1965 жыл) атқару комитеті төрайымы болып Ибаш Жанболатова, хатшысы болып Жабағы Құрмашев сайланады. 1967 жылы №7 кәсіпорын – «Прикаспий кен-металлургия комбинаты» (ПГМК), ал №475 пошта жәшігі – ПГМК құрылыс басқармасы болып атауларын өзгертеді.
Теңіз суын ішетін қала
Ақтау қаласына даңқ әкелген уран, мұнай мен газ ғана емес, сонымен бірге теңіз суын тұшытатын қондырғы. Ақтау шөл далада орналасып, теңіздің тұзды суын тұшытып ішетін ТМД елдеріндегі жалғыз қала болып келді. Ертерек те мұнда ауызсуды Махачқаладан танкермен тасыған.
«Айтпаса сөздің атасы өледі». Осы жерде Сәтбаев пен Славскийдің биік мақсат иелері екендігіне бас имеуге болмайды. 1964 жылдың қаңтар айында Қаныш аға Москвада, Кунцеводағы Кремль ауруханасында жатқанда көңілін сұрауға Ефим Павлович келеді. Осы кездесуде өлім аузында жатқанына қарамай Қаныш аға досынан Ақтауға су тұшытатын қондырғы орнатып беруді өтініп, досы «иә» деп уәде бергенше қайталай беріп уәдесін алып, дүниеден өтіпті. Енді осыны жазушы М.Сәрсекеев арқылы Славскийдің өз ауызынан естілік: «...Миза (Қаныштың қызы) бізден рактың зиянды әсерін тежейтін шетелдік дәрі сұраған. Соны ФРГ-дан ұшақпен алдырып, өзімнің геология жөніндегі орынбасарым, ғалымның ескі досы Петр Яковлевич Антропов екеуміз ауруханаға келдік. Бізді көрген соң Қаныш Имантаевич ерекше көңілденіп, сырқатын бір мезет ұмытқандай болып, өзара қызу әңгімеге кірістік. Неден шыққанын білмеймін Маңғыстау жайында сөз болды. «Маңғыстаудың жер қойнауындағы байлығы бірнеше ұрпаққа, ғасырға жетеді. Тек соны төкпей-шашпай, текке рәсуаламай, орайлы әдіспен алу керек», – деп бастап сырқат досымыз сыр шертті де, кенет біздің министрлік Ақтау айлағында салмақ болған атомдық қондырғыны тезірек жүзеге асыруды, өйткені ондағы жұрттың ауызсудан шөлдеп отырғанын қайта-қайта айтып, біз оған істейміз деп уәде бергенше сөзінен танбады... Сіз осы уәжге мән беріп ойланыңыз: өзінің татар дәмі таусылуға жақындағанын сезіп жатып, не өзіне, не үйішіне байланысты бірдебір тілек, өтініш білдірген жоқ. Жо-жоқ, академик Сәтбаев өмірінің ақтық сағатына дейін туған халқының тағдырын ойлап, бізге де соны аманат етіп, ықтияттап тапсырып кетті. Біз, әрине, досымызға уәде берген соң тұщы су беретін қондырғының тезірек іске қосылуына қолдан келген амалдың бәрін жасадық... ».
1973 жылы техника ғылымының докторы Виталий Абрамович Клячко бастаған жас инженерлер тобы бұл тиімді әдісті жүзеге асырғаннан бері мұнда БН-350 атом реакторымен жұмыс істейтін энергокомбинат дүниеге келді. «БН» – аббревиатура (қысқартылған атаулар), шапшаң нейтронды дегенді білдіреді. 350 саны станция ішінде өндіріп шығара алатын электр қуатының (мың киловатт) шартты мөлшерін анықтайды. Маңғыстау энергокомбинатын «түбектің жүрегі» деп атайды. Ол энергия, жылу және тұшытылған су береді.
Энергокомбинатта суды екі кезеңде жасайды. Ең әуелі оң тұшыту процесінен өтеді. Алынған тазартылған су (дистиллятты) хлорланып, құрамындағы артық темірі алдын ала кетірілген артезиандық минералды сумен араластырылады. Осы «өзен» сүзгілер арқылы өткізіліп, дәмі және исі бар органикалық заттардан тазартылады. Кейін су мәрмар ұнтақтары салынған сүзгілерден өткізіледі. Бұл суды кальцийлендіреді. Сонан соң ол аммондандырылады, хлорландырылып, фторландырылады және осыдан кейін ғана қолдануға жарайды деп есептелінеді.
Қала – халықаралық архитекторлар одағының алтын медалі мен Патрик Амброкромби атындағы сыйлық (1975) иегері. Бұл награданы Дүнижүзілік архитекторлар одағы үш жылда бір рет қоршаған ортаны аялаған, яғни қолайсыз табиғатта адамдардың өмір сүруіне жағдай жасаған қалаға береді екен. Сол жылы бұл наградаға әлемнің 53 қаласы таласыпты. Сондайақ қаланың ансамблін жасаушы архитекторлар мен құрылысшылар тобына Лениндік (1966), КСРО мемлекеттік (1977) сыйлықтары да берілген.
ҚР Үкіметі 2012 жылы Ақтау қаласының бас жоспарын бекітті. Теңіз жағалауы, жағажайлар демалуға сай жабдықталып, көркем безендірілген. Таяудағы 10-15 жылдың ішінде қаланың солтүстік-батыс бөлігінде 20 жаңа шағынаудан бой көтереді. Қала салынғанынан бастап индустриялық-инновациялық жетістіктердің бастамашысы болып келеді деуге толық негіз бар. Алдағы мезгілде Каспийдің көліктік-логистикалық жүйесі одан әрі дами түседі. Қазақстандағы теңіз жағалауына ерекше орналасқан бірден-бір мәдени орталық және ең көрікті қалалардың бірі ретінде әлем туристерін өзіне тартатын болады. Ақтау қаласы әсемдігі мен сымбаты Кавказдың Қара теңіз жағалауындағы курортты орындарынан кем түпейді.
Дерек пен дәйек
1959 жылы КСРО Орта машина жасау министрлігіне қарайтын Прикаспий кен байыту комбинатының құрылысы бастап салына бастады. Комбинатпен бірге оның көмекші кәсіпорындары – жөндеу механика және машина жасау, күкірт қышқылы, химиялықгидрометаллургия азот-тук зауыттары, энергокомбинат, Прикаспий құрылыс басқармасы дүниеге келді. Олармен бірге құрылысшылар поселкесі салынды.
1959 жылы ресми Ақтау (Гурьев20) аталған поселкеде 14 мың адам тұрды. Ақтау поселкесі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1963 жылғы 10 желтоқсандағы Жарлығымен Ақтау қаласы атанды. Еңбекшілер депутаттары Ақтау қалалық кеңесі құрамына поселкелік кеңестері құрылған Ералиев, Жетібай, Өзен қала типті поселкелер енді. Жарты жылдан кейін 1964 жылдың 1 шілдесінде осы өңірде 1850–1857 жылдары айдауда болған украин халқының ұлы ақыны Т.Г.Шевченконың туғанына 150 жыл толу құрметіне қаланың аты Шевченко болып өзгертілді.
60-шы жылдардың басында ірі мұнай мен газ кенорындарының ашылуына орай Маңғыстаудың даму қарқыны артып, қаланың маштабы өсті. Қала жарты аралдағы пайдалы қазбаларды игерудің тірек пунктіне, яғни мұнайшылардың астанасына айналды.
70-ші жылдардың ортасында Шевченко қаласы жергілікті шикізат – уранды пайдаланып дүниежүзінде жылдам нейтронды атом реакторымен электр энергиясын және теңіз суын тұшытып ауызсу өндіретін, оны пайдаланатын тұңғыш қала ретінде белгілі болды. Халықаралық архитекторлар одағы қаланың жобасын жасаған авторлар ұжымына күрделі табиғат жағдайында комплексті қала ансамблін жасағандары үшін Патрик Аберкромби атындағы сыйлығын берді. Алтын медальмен марапатталды. 1991 жылы қалаға бұрынғы өз атауы Ақтау есімі қайтарылды. Қаланың Ақтау есімінің қайтарылуына облыста құрылған «Парасат» қоғамдық ұйымы (жетекшісі Сайын Шапағатов) ерекше еңбек сіңірді.
1964 жыл. Қаңтар. Ақтау қаласында 265 делегат қатысқан бірінші қалалық партия конференциясы өтіп, онда қалалық партия комитеті, ал ұйымдастыру пленумында бірінші хатшы – Виктор Кузьмич Захаров, екінші хатшы – З.К. Камалиденов, бюро мүшелері– Р.А.Григориян-таукен-химия комбинаты бастығы, Г.И.Дряпак – №10 партком хатшысы, А.К.Қуанышев – Ақтау қалалық атқару комитеті төрағасы, Р.Ө.Өтесінов – «Маңғыстаумұнайбарлау» тресі партком хатшысы, С.Ф.Чеплаков – «Маңғышлақнефть» бірлестігі бастығы сайланды.
1964 жыл. Наурыз. Еңбекшілер депутаттары Ақтау қалалық кеңесінің бірінші сессиясы өтіп, онда А.К.Қуанышев – Ақтау қалалық атқару комитетінің төрағасы болып, Ш.А.Азбенов – төрағаның орынбасары болып, А.Ф.Лукина атқару комитетінің хатшысы болып сайланды. Ақтау қаласының тұрғындары тұшытылған теңіз суын пайдалана бастады.
1964 жыл. Маусым. Ұзындығы 704 километр «Мақат – Маңғышлақ» темір жолы екі жақтан түйісті.
1964 жыл. Шілде. Бүкілодақтық мұнайгаз ғылыми-зерттеу институтының Маңғыстау филиалы құрылды. Бастығы М.Лейбин.
1964 жыл. Қыркүйек. Ералиев, Жетібай автобазаларын біріктіретін Маңғышлақ автотресі құрылды. Басқарушысы С.Ж.Жиенбаев. Қалада автошаруашылығы бар 14 кәсіпорын болды. Сонымен бірге осы жылы одақтың 25 автоколоннасынан 1500 автомашина Маңғыстау мұнайын игеруге жүк тасымалдауға келді.
1965 жылғы 22 ақпанда БЛКЖО ОК Маңғыстау мұнай байлығын игеруді «Бүкіл одақтық комсомолдық екпінді құрылыс» деп жариялады.
1965 жыл. Наурыз. Маңғыстау мұнайын игерудің проблемаларына арналған мұнай барлаушылар мен мұнайшылардың Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференциясы өтті.
Екінші шақырылған еңбекшілер депутаттары Шевченко қалалық кеңесінің бірінші сессиясында атқару комитеті төрайымы болып Ибаш Жанболатова, хатшысы болып Жабағы Құрмашев сайланды.
1965 жыл. Маусым. Маңғыстаудың бірінші эшолон «қара алтыны» жаңа салынған Өзен-Маңғышлақ-Мақат темір жолы арқылы Гурьев мұнай айыру зауытына жөнелтілді.
1965 жыл. Қараша. Ақтау теңіз портынан «Джебраил» танкері бірінші Маңғыстау мұнайын тиеп Волгоградқа аттанды.
Маңғышлақ байлығын интенсивті игеру мақсатында Шевченко қаласында «Маңғышлақнефть» бірлестігі «Қазақстаннефть» бірлестігі болып қайта құрылып, оған Республикалық мұнай мен газ өнеркәсібі министрлігінің статусы берілді. Оған Маңғыстаудағы және «Ембінефть» комбинатына қарайтын барлық кәсіпшіліктер бағындырылды. Бірлестікке бастық болып министр құқығымен Сафи Өтебаев тағайындалды. Ол республика үкіметінің мүшесі болды.
1966 жыл. Тамыз. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 3 тамыздағы №538 «Маңғышлақ жарты аралындағы геологтарды, құрылысшыларды және мұнайшыларды қамтуды жақсарту шаралары туралы» және КСРО Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 11 қазандағы «1966-1967 жылдары Қазақ ССР Маңғышлақ жарты аралындағы мұнай мен газ кенорындарын игеруді жеделдету туралы» қаулыларына сәйкес мұнай өндіруді арттырудың, материалдық-техникалық базасын жақсартудың нақты бағдарламалары белгіленді. Темір жол, автомовиль жолдары құрылыстарын салу, байланыс, электр линияларын тарту, теңіз айлақтарын жабдықтау, тұрғын үй, коммунальдық, мәденитұрмыстық комплекстерді салу белгіленді.
1967 жыл. Қаңтар. Маңғышлақ стансасында локоматив депосы жұмысын бастады. №7 кәсіпорын – «Прикаспий кенметаллургия комбинаты» (ПГМК), ал №475 пошта жәшігі – ПГМК құрылыс басқармасы болып атауларын өзгертті.
1967 жыл. Ақпан. Шевченко қаласында «Маңғышлақнефтегеофизика» тресі құрылды. Ол барлау және пайдалану ұңғыларына өндірістік-геофизикалық зерттеулер жүргізіп, терең барлау – бұрғылауға структуралар дайындайды.
1967 жыл. Қараша. Өзен – Шевченко газ құбыры пайдалануға берілді.
1968 жыл. Ақпан. Жетібай – Шевченко газ құбыры іске қосылды.
Теңіз суын тұшытатын қондырғы іске қосылды. Шевченко тұрғындары «жасанды ауызсу ішетін» әлемдегі жалғыз қала болды.
1968 жыл. Тамыз. Маңғышлақты игеруші жастардың бірінші слеті болды. Оған Тюменнен, Түрікменстаннан, Татарстаннан, Әзір байжаннан делегаттар келді.
1969 жыл. Сәуір. Ақтау теңіз портына алғаш рет мұнай құятын екі биржа келді.
«Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі бойынша Еспелісай алаңында алғаш рет алмазды қашау қолданылды.
1969 жыл. Мамыр. Шевченко қаласында КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің, Ғылыми-зерттеу институттарының, көрші облыстардағы мұнай кәсіпорындарының қызметкерлерінің қатысуымен Маңғыстау геологтары мен мұнайшыларының кеңесі өтті.
1969 жылғы 15 мамырдағы халық депутаттары Шевченко қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімімен КСРО Орта машина жасау министрі Е.П.Славскийге, Прикаспий кенметаллургия комбинатының директоры Р.А.Григориянға, «Қазақстаннефть» бірлестігінің бастығы С.Ө.Өтебаевқа қалада алғаш рет «Шевченко қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Шевченко қаласында Оңтүстік мұнай өнімдері құбырлары магистральды басқармасы құрылды.
Маңғыстауда бірінші рет №113 барлау ұңғысының юра қабатынан құрамының 60 пайызы бензин, 10 градус суықта қатпайтын жеңіл мұнай алынды.
1969 жыл. Тамыз. Өзен – Гурьев – Куйбышев (ұзындығы 711) мұнай құбырымен мұнай айдалды.
1969 жыл. Қараша. Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының барлаушыларының «Қазақстаннефть» пайдала нушыларына берген Еспелісайдағы №1 ұңғыдан қуатты газ бұрқағы атты.
1970 жыл. Маусым. ПГМК құрамынан Прикаспий құрылыс басқармасы бөлініп шықты.
Ақтау портынан «Алексей Крымов» танкері Маңғыстаудың 10 миллионыншы «қара алтынын» алып шықты.
1970 жыл. Шілде. Шевченко қаласына алғаш рет Махамбет Өтемісов атындағы Гурьев облыстық драма театры келді.
1970 жыл. Қараша. Шевченко қаласының 6-шағынауда нындағы №12 үйге алғаш рет тұрмыстық газ отыны жіберілді.
1971 жыл. Қаңтар. Қазақ ССР-і стационарлы ботаника экспедициясының базасында Маңғыстау экпериментальды ботаника бағы құрылды.
1971 жыл. Ақпан. Прикаспий құрылыс басқармасының құрылысшылары Е.А.Болдышевке, В.И.Доставаловқа, ПГМК роторлы эксковатор машинисі В.Т.Сухоносқа, Маңғышлақ бұрғылау басқармасының бұрғылау шебері Г.И.Шевченкоға Социалистік Еңбек Ері атақтары берілді.
1971 жыл. Желтоқсан. Маңғышлақ бұрғылау басқармасының мұнара монтаждау конторы құрылды.
1972 жыл. Мамыр. СОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Гурьев облысын аралап жүріп, Шевченко қаласына келді.
«Маңғышлақнефть» бірлестігіне қарайтын жоғары парафинді мұнай үшін эмалды құбыр цехы салынды.
1972 жыл. Маусым. Шевченко қаласында Қазақ ССР ғылым Академиясының Президиумы мен Қазақстан КП Гурьев обкомы бірлесіп ұйымдастырған «ғылым апталығы» өтті. Оған академиктер – заң ғылымының докторы С.Зиманов, геологияминерология ғылымының докторы А.Қапанов, экономика ғылымының докторы Т.Әшімбаев, физика-математика ғылымының докторы Д.Каминов, медицина ғылымының докторы М.Нұғыманов, т.б. қатысты.
1972 жыл. Тамыз. «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігіне жұмысшы кадрлар даярлайтын №11 қалалық кәсіптік техникалық училищенің жаңа типті үйі пайдалануға берілді. Училищенің бірінші директоры Наурыз Ахметов болды.
1972 жыл. Қыркүйек. Шевченко қаласының аэропортына ИЛ-18 жолаушылар лайнерінің бірінші байқау рейсі жасалды.
БУ-125 БЭ-441 бұрғылау қондырғысын құрастыруда В.Н.Хамзин жетекшілік еткен мұнара монтаждау бригадасы жаңа рекорд жасады. Бұрын демонтажға, тасымалдауға, құрастыруға барлығы 49 жұмыс сағаты кететін болса, олар бұл істі 37 сағатта орындауға қол жеткізді.
1972 жыл. Желтоқсан. «Маңғышлақнефтегеофизика» тресінде дала партиялары геофизикалық отрядтарының жұмыстарында мәліметтерді талдауда дәлдік болып, қызметтері жеңілдетілуі үшін М-222 электронды – есептеу машинасы алғаш рет монтаждалды.
Қазақстан КП ОК-ның, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Республика Министрлер Кеңесінің, Қазсофрпофтың ескерткіш Туын Шевченко қаласына тапсыру салтанаты болды. Бұндай Тумен «Маңғышлақнефть» бірлестігінің тампонаж конторы да марапатталды.
1973 жыл. Наурыз. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1973 жылғы 20 наурыздағы Жарлығымен жаңадан Маңғышлақ облысы құрылды.
1973 жыл. Сәуір. Бірінші облыстық партия конференциясында комитет мүшелері сайланып, ұйымдастыру пленумында бірінші хатшы болып Тұтқабай Әшімбаев, екінші хатшы болып О.С.Мирошхин, хатшылары болып Ж.С.Кейкин, Г.М.Шестаков сайланды. Конференцияға СОКП ОК Саяси Бюро мүшесі, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаев қатысып, сөз сөйледі.
1973 жыл. Маусым. Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің бірінші сессиясы өтіп, атқару комитеті сайланды. Комитет төрағысы болып Н.А.Гуляев, бірінші орынбасары болып Қ.Б.Есентаев, орынбасарлары болып В.И.Циркунов, О.Б.Биманов, хатшысы болып Т.Игіліков сайланды.
Жылдам нейронды Шевченко атом электр станциясының бірінші кезеңі бітіп, бірінші өндірістік тоқ қуатын берді.
Шевченко қаласында облыс мұнайшыларының партия шаруашылық активі жиналысы өтіп, онда облыстық партия комитетінің екінші хатшысы О.С.Мирошхин баяндама жасады. Жиналысқа облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Ә.Әшімбаев, облыстық атқару комитеті төрағасы Н.А.Гулаев қатысты.
Ақтау портына арнайы мамандандырылған корабль – «Қырғыз» бұрғылау қондырғысы якорь тастады. Олармен бірге келген мұнай барлау партиясы жарты арал аумағынан теңіз бұрғылау жұмыстарын жүргізеді.
1974 жыл. Қаңтар. Шевченко қаласында 89200 адам тұрады. Құрылысшы-монтажшы Н.Н.Гордиенкоға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
1974 жыл. Ақпан. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Шевченко қаласының жобасын жасаудағы және салудағы еңбектері үшін, Ленинград кешенді жоспарлау институтының архитекторлары – жобаның бас архитекторы, жоба авторы Левин Михаил Ильичке, сәулет-жоспарлау шеберханасының жетекшісі, жоба авторы Орлов Иосиф Брониславовичке, шеберхана бас архитекторы Силюков Николай Ивановичке, бас жоспар тобының жетекшісі Целярицкий Станислав Серафимовияке «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген архитектор» құрметті атақтары берілді.
1974 жыл. Мамыр. ССРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып Маңғыстау облысынан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Тұтқабай Әшімбаев пен «Маңғышлақнефтегазстрой» тресінің сылақшылар бригадирі Людмила Федоровна Поддубная сайланды.
1974 жыл. Маусым. ВНИГРИ-дің Маңғышлақ партиясы өздерінің далалық жұмыстарын бастап, геологтар отряды геология-минерология ғылымының кандидаты А.Н.Ласточкиннің жетекшілігімен Шевченкодан Қарабұғаз көлге аттанды. Олар Каспий жағалауының мұнайгазына барлауды сол жерден бастамақ.
1961 жылдың 5 маусымынан 1974 жылдың маусымына дейін Маңғыстауда 80000000 (сексен миллион) тонна мұнай мен конденсат, 9,3 миллиард текше метр газ өндірілді. «Маңғышлақнефть» бірлестігінде осы кезде 1188 пайдалану ұңғысы, 576 мұнай қыздырғыш, 143 ұңғыда газлифті клапаны болды.
1976 жыл. Наурыз. «Маңғышлақнефть» бірлестігі тоғызыншы бесжылдық қорытындысы бойынша Қазақстан КП ОК, Қазақ ССР Министрлер кеңесі, Қазсовпроф, Қазақстан ЛКСМ ОК-нің естелік құрмет дипломымен марапатталды.
1977 жыл. Сәуір. Шевченко қаласында үш күнге созылған Қазақстан кенорындарындағы мұнай мен газдың қорын тиімді пайдалану жөніндегі ғылыми-тәжірибелік семинар болды.
«Маңғышлақнефть» бірлестігі ұйымдастырған бұл семинарға Москва, Алматы қалаларының ғалымдары, Баку, Гурьев, Ақтөбе қалаларындағы мұнай-газ кәсіпорындарының инженер-техник қызметкерлері қатысты.
1978 жыл. Қаңтар. Маңғышлақ энергозауыты Маңғышлақ атом энергокомбинаты (МАЭК) болып, қайта құрылды.
1978 жыл. Қараша. Шевченко қалалық есеп беру-сайлау пария конференциясы өтіп, онда В.А.Шеманский бірінші хатшы, У.Аяпов екінші хатшы, З.И.Зайчикова хатшы болды.
1980 жыл. Наурыз. 17 шақырылған халық депутатта ры Шевченко қалалық кеңесінің бірінші сесиясы өтіп, онда С.А.Татамбаев – атқару комитеті төрағасы, С.А.Жабасов – бірінші орынбасары, Г.В.Воротинцева, Е.Б.Комаров – орынбасарлары, С.И.Иманғалиев хатшысы болып сайланды.
1980 жыл. Маусым. Шевченко қаласында ұйымдастыру мәселесін қараған Маңғышлақ облыстық партия комитетінің кезекті пленумы өтті. Онда Т.Әшімбаев өзге қызметке ауысуына байланысты бірінші хатшылықтан босатылып, оның орнына бұған дейін Қазсовпроф төрағасы қызметін атқарған Саламат Мұқашев бірінші хатшы болып сайланды.
Шевченко қаласында облыс партия-шаруашылық активінің кеңесі болып, оныншы бесжылдық тапсырмаларының орындалу жайы қаралды. Кеңеске Қазақстан КП ОК хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
1984 жыл. Ақпан. «Маңғышлақнефть» бірлестігінің бас директоры А.А.Дергачевке, бірлестік бас инженері Л.П.Дмитриевке академик И.М.Губкин атындағы сыйлық берілді.
1985 жыл. Наурыз. Қазақстан КП Шевченко қалалық комитетінің пленумы өтіп, онда ұйымдастыру мәселесі қаралды. Өзге жұмысқа ауысуына байланысты В.А.Шеманский бірінші хатшылықтан босатылып, оның орнына В.А.Губанов бірінші хатшы болып сайланды.
Халық депутаттары облыстық кеңесінің сессиясында облыстық атқару комитетінің төрағасы болып Ю.Г.Казаченко, бірінші орынбасарлары болып Х.Ақтанов, В.А.Шеманский, орынбасарлары болып С.Сайдазимов, Б.Халелов, З.Иманғалиева, хатшысы болып Д.Орынбаева сайланды.
1985 жыл. Қараша. Қазақстан КП облыстық комитетінің пленумы болып, онда ұйымдастыру мәселесі қаралды. Саламат Мұқашев Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып сайлануына байланысты бірінші хатшылықтан босатылып, бірінші хатшылыққа Ю.Г.Казаченко сайланды.
Халық депутаттары облыстық кеңесінің сессиясы өтіп, онда облыстық партия комитетіне бірінші хатшы болып сайланған Ю.Г.Казаченконың орнына облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына Н.Ә.Марабаев сайланды.
1988 жылғы 2 маусымда Маңғышлақ облысы таратылып, Гурьев облысының құрамына берілді.
1988 жыл. Тамыз. Мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен Гурьев қаласында орналасқан Батыс Қазақстан магистральды мұнай құбырлары басқармасы таратылып, бұл басқарманың барлық шаруашылығы Шевченко қаласындағы Оңтүстік магистральды мұнай өнімдері құбырлары басқармасына берілді.
1988 жыл. Қазан. Шевченко қалалық партия комитетінің пленумы болып, онда ұйымдастыру мәселесі қаралды. Бірінші хатшы В.А.Губановтың шаруашылық жұмысқа ауысуына байланысты, оның орнына Н.И.Баев пен Е.Ф.Торбиннің кандида туралары ұсынылып, бірінші хатшылыққа Н.И.Баев сайланды. Пленум жұмысына Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асқар Алтынбекұлы Құлыбаев қатысып, сөз сөйледі.
1989 жыл. Қаңтар. 1959 жылы болашақ Шевченко қаласының тұрғындары жертөлелерде тұрған кезде ашылған №1 орта мектепке 30 жыл толды. Алғашқы сабағы үлкен брезент палаткада өткен.
Прикаспий кен-металлургия комбинатының директоры болып алғаш демократиялық негізде Юрий Владимирович Кузнецов сайланды.
1989 жыл. Ақпан. Халық депутаттары Шевченко қалалық кеңесі атқару комитеті тұңғыш рет «Наурыз-89» жалпыхалалық мейрамын өткізу жөнінде шешім қабылдады.
«Маңғышлақнефть» бірлестігінің жанынан ведмостволық территориялық экспериментальды «Мұнайшы» футбол клубы құрылды.
1989 жыл Наурыз. КСРО халық депутатын сайлайтын №623 Маңғышлақ сайлау округі бойынша баламалық негізде екі кандидат – Прикаспий кен-металлургия комбинаты бас директоры Ю.В.Кузнецов пен «Маңғышлақнефть» бірлестігінің бас директоры Н.Ө.Бекбосынов түскен еді. Тартысты өткен сайлау нәтижесінде Нұрлыхан Өтеуұлы Бекбосынов жеңіске жетіп, депутат болып сайланды.
1989 жыл. Шілде. Шевченко қаласында «Парасат» қоғамдық ұйымының құрылтай жиналысы болды. Онда қоғам кеңесінің төрағасы болып Сайын Нәдірұлы Шапағатов сайланды. Қоғамның бағдарламасында қала, аймақ тұрғындарының өмір сүруін жақсартуда, қоғамдық тәртіпті сақтауда пар тия, кеңес, құқық қорғау ұйымдарына ықпал ету мәселелері қаралған.
Халық депутаттары Шевченко қалалық кеңесінің кезекті сессиясында өзге жұмысқа ауысуына байланысты С.А.Татамбаев атқару комитеті төрағалығынан босатылып, оның орнына төраға болып Меңдеш Халелұлы Салықов сайланды.
1990 жыл. Сәуір. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1990 жылдың 27 сәуірінде бұрын таратылған Маңғышлақ, Торғай облыстарын қалпына келтіру мәселелерін зерттейтін комиссия құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды. 1988 жылдың аяғында Маңғыстау облысын қайта құру жөнінде өлкенің 41000 тұрғыны қолын қойған арызды ел Президенті Н.Назарбаевқа жеткізу үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, ардагер Ерғали Төлесінов пен өлкенің партия, кеңес басшы қызметтерінде ұзақ жыл еңбек еткен абзал азамат Киікбай Рзаханов Алматыға аттанып, Н.Назарбаевтың қабылдауында болған еді.
1990 жылғы 17 тамызда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы орталығы Шевченко қаласы болатын Маңғыстау облысын қайта құру жөнінде қаулы алды.
Шевченко қаласына ресми сапармен Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев келіп, қайта құрылған Маңғыстау облысының партия-шаруашылық активін өткізіп, сөз сөйледі.
Шевченко қаласында халық депутаттары Маңғыстау облыстық кеңесінің ұйымдастыру сессиясы өтіп, онда облыстық кеңес төрағасы болып Ф.А.Новиков, облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып Ә.Н.Марабаев, хатшысы болып Д.Б.Орынбаева сайланды. Сессия жұмысына Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші ұйымдастыру пленумы болып, онда Ф.А.Новиков облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына, З.Ө.Алшымбаев екінші хатшылығына, Н.И.Баев пен Қ.Қ.Келжанов хатшылары болып сайланды. Пленум жұмысына Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
1990 жыл. Қыркүйек. Маңғыстау облыстық комсомол комитетінің бірінші ұйымдастыру пленумы болып, онда бірінші хатшы – Асқар Киікбайұлы Рзаханов, екінші хатшы – Сағидолла Төленов, мектептер жөніндегі хатшы М.Айдынбекова болып сайланды.
Оңтүстік магистральды мұнай өнімдері құбырлары басқармасына 25 жыл толды.
Халық депутаттары облыстық кеңесінің екінші сессиясы өтіп, ұйымдастыру мәселесі қаралды. Онда атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлары болып Қ.Ж.Ережепов пен В.И.Передереев, орынбасарлары болып З.И.Иманғалиева, Ж.Қоңырбаев, Т.Меңдібаев тағайындалды.
1990 жыл. Қараша. Шевченко қаласындағы саяси ағарту үйінде облыстық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы болды. Онда қоғам басқармасы сайланып, оның төрағасы І.Шыртанов, орынбасарлары Г.Сейітжанова мен Ж.Қаржаубаев болды.
Шевченко қаласында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Маңғыстау облыстық салық инспекциясы құрылып, бастығы А.Қашақов болды.
Шевченко қаласында «Парасат» қоғамының аймақтық конференциясы өтіп, оған Алматы, Ақтөбе, Астрахань, Гурьев, Қызылорда, Семей қалалары мен Түрікмен ССР-інен қоғамдық қозғалыстар мен ұлттық – мәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Конференцияда Каспий аймағы бойынша үйлестіру кеңесі құрылып, ол қоғамдық қозғалыстар мен бірлестіктерге басшылық жасайтын болды.
1991 жыл. Ақпан. «Комсомолскнефть» МГӨБ парткомы мен комсомол комитетінің бастамасымен басқарма жанынан жас мұнайшылар қауымдастығы құрылды.
1991 жыл. Наурыз. «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігінде жаңадан салынып жатқан Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті.
1991 жыл. Мамыр. «Комсомолскнефть» МГӨБ пен Оңтүстік магистральды мұнай өнімдері құбыры басқармасы Тюменнің «ЗапсибНИГРИ» институтымен жер мен суды мұнай қалдықтарынан тазартатын «Путидойл» бактериальды препаратын өндірістік сынақтан өткізу жөнінде келісімшарт жасасты.
1991 жыл. Маусым. Ақтау теңіз портына Теңіз мұнай комплексі үшін өте ірі стандартсыз қондырғы келді. Оның түсіру – тиеу жұмыстарын Каспий теңізіндегі ең қуатты «Титан-3» жүзбелі жүк краны атқарды.
Маңғыстау мұнай өңдеу зауыты құрылысының технико-экономикалық негізін Грозный қаласының жобалаушылары жасап әкелді. Бұл құжатты Прикаспий құрылыс басқармасының құрылысшылары асыға күткен болатын. Шевченко қаласынан 40 шақырым қашықтықта Маңғыстау мұнай өңдеу зауыты құрылысын бастау жөнінде шешім қабылданды.
Шевченко қаласының 12 мен 13-шағынаудандарының арасынан «Мұнайшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды «Комсомолскнефть» МГӨБ мұнайшылары бастады.
1991 жылғы 13 кыркүйекте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Шевченко қаласының атын Ақтау қаласы деп өзгерту жөнінде қаулы қабылдады.
1991 жыл. Қазан. Суырып салма, ақпа-төкпе ақын Қашаған Күржіманұлының туғанына 150 жылдығына арналған салтанат болды. Қалада Қашағанға арналған ескерткіш ашылды.
Маңғыстау мұнай өңдеу зауытын қаржыландыру мәселесі шешілді.Ақтау қаласына Қазақ ССР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Ол тіс пастасы зауытының ашылу салтанатына қатысты. Қашаған ақынға арналған ескерткішті тамашалады. Облыс активінің жиналысында сөз сөйледі.
Республикада Қазақ ССР Президентін сайлау күні 1991 жылғы 1 желтоқсанға белгіленіп, оған кандидаттар ұсыну басталуына орай Маңғыстау облысы бойынша «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігінің, «Адай» автокөлік кәсіпорнының, ЭЧ-5, т.б. коллективтері Нұрсұлтан Әбішұлы Назабаевтың кандидатурасын ұсынып, оны облыс сайлаушылары бірауыздан қолдады. Н.Назарбаевты қолдау қоғамдық комитеті құрылып, оны Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Комсомолскнефть» МГӨБ бастығы, президенттікке кандидаттың сенімді өкілі Ляззат Кетебайұлы Қиынов басқарды.
1991 жыл. Қараша. «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігі, Прикаспий құрылыс басқармасы және Орал былғары аяқ киім бірлестігі Ақтау қаласында жаңадан ашылған аяқ киім фабрикасына құрылтайшылар болып белгіленді.
«Маңғышлақнефть» бірлестігі әкімшілігі президенті Франческо Заната Ақтау қаласында жүрген итальяндық «Заната» фирмасымен жаңа кәсіпорынға қажет технологиялық қондырғыларды жеткізуге келісімге отырмақ ниетін білдірді.
«Мұнайшы» спорт клубы жанынан «Тұлпар» ат спорты орталығы ашылды.«Парасат» қоғамы өз конференциясында «Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысы болып қайта құрылды.
«ИНК-Интернейшнл» француз фирмасының президенті Р.Нажим жұмыс сапарымен Ақтау қаласына келіп, жаңадан салынып жатқан перзентхана мен №2 аурухана кешеніне құны 700 мың доллар тұратын жоғары сапалы медициналық қондырғы, құрал-жабдықтар беруге келісті. Оның қаржысын «Маңғышлақнефть» бірлестігі төлейтін болды.
Жаңа талапқа сәйкес халық депутаттары Маңғыстау облыстық кеңесінің атқару комитеті облыстық кеңестен бөлініп, атауын Маңғыстау облысының әкімшілігі деп өзгертті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Федор Афанасьевич Новиков әкімшілік басшысы (глава администраций) болып, Несіпқали Марабаев оның бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Ақтау қаласында жаңа заңға сәйкес облыстық кеңестің кезектен тыс сессиясы өтіп, онда бұрынғы төраға Ф.А.Новиковтың облысқа әкімшілік басшысы болып тағайындалуына байланысты ұйымдастыру мәселесі қаралып, жаңа төраға болып Құралбек Қошкелдіұлы Келжанов, оның орынбасары болып Дүйсембі Әріпов сайланды.
Ақтау қаласының 13-шағынауданында уақытша мешіт салтанатпен ашылды.Ақтау қаласының әкімшілік басшысы болып Н.И.Баев тағайындалды. Оның орнына халық депутаттары қалалық кеңесінің сессиясында баламалы негізде Э.Х.Жанғалиев төраға болып сайланды.
1992 жыл. Мамыр. «Қазақстанмұнайгаз» ұлттық мұнай компаниясының бұйрығымен «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігінің бас директоры болып Қиынов Ляззат Кетебайұлы тағайындалды. Ол сонымен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
1992 жыл. Маусым. Ақтау қаласында «Азат» партиясы облыстық комитетінің құрылтай жиналысы өтіп, онда облыстық ұйымның жаңа құрамы және осы жылдың қыркүйек айында өтетін партияның бірінші съезіне делагаттар сайланды.
1992 жыл. Шілде. «Қаражанбастермнефть» МГӨБ мамандары АҚШ-тан іссапардан оралды. Онда олар өз жобаларын өткізетін әріптестер іздеген және тапқан еді. Олардың ізін ала Америкадан жауап ретінде екі – «Кери энерджи корпорейшн» мен «Кисхилл интернейшнл» фирмаларының өкілдері келіп, бірлескен кәсіпорындар құруға келісімге қол қойды.
«Ақтау» теңіз көлігі компаниясы заңды негізде халықаралық дәрежеде ресми тіркелді. Бұл – Қазақстан Республикасының теңіз сауда флотының ашылғандығының дәлелі. Құрылтайшылар дың ішінде Иран, Түркия, Ресей, т.б. бар.
1992 жыл. Тамыз. «Прикаспий кен-металлургия комбинаты» өндірістік бірлестігінің еңбек ұжымы өздерінің конференциясында мемлекетсіздендіріліп және акционерлендіріліп, жаңа «Каскор» акционерлік компаниясы болып құрылды.
1993 жыл. Қаңтар. Ақтау қалалық орталық ауруханасының хирургия бөліміне бастың миындағы және дененің өзге жерлеріндегі тамырлардағы қан айналымын зерделейтін жаңа аппарат алынды. «Маңғыстаумұнайгаз» ӨБ оны Франциядан сатып алып берді.
1993 жыл. Қараша. Қиынов Ляззат Кетебайұлы Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды. Осы оқиға жөнінде сол кездегі облыстық кеңес төрағасының міндетін арқарушы Д.Әріпов өзінің «Күнделіктер сөйлейді» (Алматы, 2012, «Қазығұрт») кітабында былай дейді: «18 қараша 1993 жыл. Облыс басшылары болып, сағат 18.00-де ұшып келген Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қасындағы кісілерімен қарсы алдық. Президенттің қасында Премьер-Министрдің орынбасары Ж.Кәрімжанов, ұйымдастыру бөлімінің бастығы О.Әбдікәрімов, Президенттің көмекшісі И.Тасмағанбетов, т.б. болды... Президент активте.. Л.Қиыновты бекіту жөніндегі Жарлыққа трибунада сөйлеп тұрып қол қойды да облыстың жаңа әкімі Ляззат Кетебайұлына табыс етті. Нұрсұлтан Әбішұлы 19 қарашада МАЭК мекемесі жаңадан салып бітірген спорт залын көрді. Бұдан кейін Италияның «Зоната» фирмасымен бірігіп салынған «Ақбөбек» аяқ киім фабрикасын аралады да, сағат 10.40-та Көкшетауға ұшты. Бұл жерде айта кетейін деген жаңалық Президенттің Маңғыстаудан қандай ұшақпен ұшып кеткені еді. Біздің республика Америкадан 4 «Боинг» сатып алуға шарт жасасқан екен. Солардың ең алғашқысы сол күні Москвадан ұшып келіп сағат 9.40-та біздің аэропортқа қонған. Президент, қасындағы кісілер және шығарып салушы біздер болып «Боингке» кіріп көріп шықтық. Аэробус Нұрсұлтан Әбішұлына ұнаған болуы керек, ұшақ командирлеріне «біздер «Боингпен» ұшалық, мініп келген ұшағымыз соңымыздан ұшсын» деген нұсқау берді...».
1994 жыл. Наурыз. Ақтау қаласында «Қазақстанкаспийшельф» мемлекеттік компаниясы Маңғыстау территориялық дирекциясының тұсаукесері өтті.
1994 жылғы 13-14 маусымда Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбіш Кекілбаев болып, облыстың экономикасымен, әлеуметтікмәдени дамуымен толық танысты. Өлкенің ең көрікті жері Тамшалыда киіз үйлер тігіліп, қонағасы берілді. Президентке маңғыстаулықтар атынан ата дәстүрі бойынша ақ боз ат мінгізілді.
1994 жыл. Тамыз. Ақтау қаласына барлау жұмысымен айналысатын консорциумға кіретін шет елдік «Тоталь» (Франция), «Мобил» (АҚШ), «Аджип» (Италия) компанияларының өкілдері келді. Олар болашақ жұмыстарына қажет аймақтың инфрақұрылымымен, материалдық-техникалық қамтылу жағдайымен танысты.
1994 жыл. Желтоқсан. Маңғыстау мұнай-газ кенорындарын игерудің инвестициялық программасымен танысу үшін «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің шақыруын Амариканың, Англияның, Австрияның, Түркияның, Германияның 20-дан астам фирмалары қабыл алды.
Ақтау теңіз портының айлағынан Түркияға Маңғыстау мұнайын тиеген бірінші танкер аттанды. Ол «Қазақ-түрікмұнай» бірлескен кәсіпорны өндірген мұнайды «Измит» мұнай өңдеу зауытына жеткізеді.
1995 жыл. Қараша. Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Л.К.Қиынов Маңғыстау облысы әкімдігінен босап, оның орнына бұған дейін Маңғышлақ энергокомбинатының директоры болған В.Л.Левитин тағайындалды.
1997 жыл. Ақпан. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бақылаушы кеңесінің отырысы болып, онда басқа жұмысқа ауысуына байланысты М.Х.Салықов АҚ президенттігінен босатылып, оның орнына Сағын Ерқасұлы Қырымқұлов «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ президенті болды.
1997 жыл. Желтоқсан. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Баев Николай Иванович Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.
1998 жыл. Қаңтар. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ президенті С.Е.Қырымқұлов компанияның кадрлар даярлау жөніндегі бағдарламасы негізінде АҚШтың әртүрлі жоғары оқу орындарының дайындық курстарында оқып жүріп, каникулға келген өлкенің бір топ жастарымен кездесті.
1999 жыл. Тамыз. «Маңғыстаумұнайгаз» ААҚ әкімшілігі Қазақстан мұнайының 100 жылдығы қарсаңында аз қамтылған мұнайшылар отбасыларына азық-түлік жиынтығын сыйлап, жетім балалар үйіне – 300 мың теңге, қарттар үйіне – 200 мың теңге, балалар өкпе аурулары және өкпе аурулары ауруханасының әр қайсысына 200 мың теңгеден қаржы бөлді.
Ляззат Кетебайұлы Қиынов екінші рет Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.
Қазақстандағы мұнай өнеркәсібін дамытып, кенорындарын игеруге қосқан елеулі еңбектері үшін «Маңғыстаумұнайгаз» ААҚ президенті С.Е.Қырымқұловқа «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағы берілсе, облыс әкімі Л.К.Қиынов «Парасат» орденімен марапатталды.
2001 жыл. Ақпан. Қазақстан құрылысшылар одағының президиумы мен ҚР құрылыс индустриясын дамыту қоры Маңғыстау облысының әкімі Л.К.Қиыновқа «Стройтель – созидатель Республики Казахстан» («Қазақстан Республикасын құрушы-құрылысшы») құрметті атағын берді.
2001 жыл. Қыркүйек. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев іссапармен Ақтауға келді. Ол қаладағы №28 мектептің, «Ынтымақ» алаңындағы «Ана» монументінің, сонымен бірге Ақтау теңіз сауда портында паром кешені мен жаңа халықаралық паром желісінің: Ақтау – Наушахр (Иран), Ақтау–Баку (Әзірбайжан), Ақтау – Оля (Ресей), «Каспий – достық теңізі» фестивалінің ашылуларына және Қазақстан жастары Конгресінің жұмысына қатысты.
2001 жыл. Қазан. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «ХХІ ғасырдағы Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытудың перспективасы мен проблемалары» тақырыбында екінші халықаралық конференция өтті.
2002 жыл. Ақпан. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Л.К.Қиынов жаңадан құрылған «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына президент болуына байланысты облыс әкімінен босатылып, оның орнына Болат Әбілқасымұлы Палымбетов тағайындалды. Оны облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Министрлер Кабинетінің Премер-Министрі Иманғали Тасмағанбетов отырғызды.
Ақтау қаласының тарихында есте қаларлық ерен оқиға болды. Теңіз жағасындағы әсем қалада алғаш рет бес мемлекеттің басшылары: Қазақстан – Н.Назарбаев, Ресей – В.Путин, Қырғызстан – А.Ақаев, Өзбекстан – И.Каримов, Тәжікстан – Э.Рахмонов бас қосып, Орта Азия мемлекеттерінің өзара саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін достастық жағдайда шешуге мүмкіндік берді. Бұл тарихи оқиға Ақтау қаласының халықаралық масштабтағы беделін бұрынғыдан да жоғарылатты.
2002 жыл. Желтоқсан. Ақтау қаласында мұнайшылар қаржысына салынған «Ардагер» сауда-ойын сауық орталығының ашылуына арналған жиын өтіп, оған облыс әкімі Б.Палымбетов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ директорлар кеңесі төрағасы Р.Сәрсенов, АҚ бас директоры С.Қырымқұлов, т.б. қатысты.
2003 жыл. Қаңтар. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Қаламқасмұнайгаз» басқармасының аға операторы Нұрлан Еңсегенов «Құрмет» орденімен, «Қарақұдықмұнай» ЖАҚ бас директоры Н.Д.Клинчев «Шапағат» медалімен марапатталды.
2003 жыл. Мамыр. Маңғыстау мұнайгаз байлығын игеруге елеулі үлес қосқан геолог, Ақтау қаласының, Қарақия, Түпқараған аудандарының құрметті азаматы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Сағын Ерқасұлы Қырымқұловқа «ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы» атағы берілді.
Айтуар ӨТЕГЕНОВ, Қазақстанның құрметті журналисі