Арғы қазақ ұғымында кейіннен келген Ислам дінінде айтылатын «өлу», «өлім», «ақірет» сөздері мүлдем болмағандығы соңғы кездері көптеп айтыла бастады.
Ондағы дәлел: Күлтегін бабамыз сөйлеген көне қазақ (түркі) тіліндегі тасқа біткен жазуларды оқып отырып, қанша жерден іздесеңіз де бірде-бір жерден «рух», «әруақ» сөзінің табылмауы. Сондықтан дәлел келтірушілер оларда аталмыш сөздер болмаған деген тұжырымға келеді. Дәлірек айтқанда бұл сөздер бізге Ислам дінінен кірген. Сонда көне түркілер әруақтарды қалай атаған? Салтымызда көрініс беретін марқұмның жетісін, қырқын, жүзін, жылын өткізу, оның атын әр ас сайын еске алып, атап отыру, түсімізге кірсе, жеті шелпек пісіріп, иіс шығару, тағысын тағы жалғасып кете беретін әртүрлі іс-әрекеттер «өлген» адамның бізбен бірге ылғи да болатындығын, яғни «өлмейтіндігін» көрсетеді. Себебі көне түркі тілінде жоғарыда айтқанымыздай, «өлім» сөзі тіптен қолданылмайды. Тек әлі күнге дейін сөздік қордан түспей келе жатқан марқұмға қарап айтылатын «дүниеден өтті», «дүниеден озды», «жүріп кетті», «аттанып кетті» сөз тіркестері ғана. Осы наным-сенімдер аясында дүниеден өткен адамды ат әбзелдерімен, қару-жарағымен, киімі, ішіп, жейтін, ас, суымен қоса жерлеп отырған. «Ол жақта да өмір бар һәм ол жақта осы өмірін жалғастырады, жаңа өмір бастамайды» деп иланған көне түркілер туыстарды бірінің қасына бірін жерлеген. Жоғарыда баяндағандарымыздың дәлелі ретінде сөзімізге арқау болғалы отырған, дүниеден озған адамдардың «киелі» қаласы ретінде таныстырылатын «Кенті баба» қорымы.
«Кент» сөзі парсы тілінде «қала, шаһар» деген мағынаны береді. Аты айтып тұрғандай, Кенті бабада 130 мемориалдық ескерткіш бар, олардың көп бөлігін кіші үлгідегі құлпытастар, қойтастар құрайды. Мұнда үлкен айқастан кейін қаза тапқан ер адамдар көмілген деген жорамалдар жиі айтылады. Қорым Х-ХVІ ғасырларға тән. Қабырғасында арқарлар, жылқылар, түйелер, үшбұрышты тұмарлар, әртүрлі өрнектер, сондай-ақ киелі орынды зұлым күштерден қорғайды деген адамның жайылған алақаны бейнеленген. Маңғыстаудың ғана мәдени-тарихи ескерткіштерінде, яки Шақпақ ата мен Кенті баба қабырғаларында кезігетін жоғарыдағы діни наным-сенімге негізделіп салынған алақан суреттері кейіннен тәуелсіз Қазақстанның валюталарында да көрініс бергенін айта кеткен абзал.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қант диабеті қандай ауру?Қорымның үш мавзолейі – оның басты нысандары. Оның екеуі бір-біріне жақын орналасқан, үшіншісі қираған. Мавзолейдің ішінде бір адамдық тар өткел мен жоғары көтерілетін баспалдақ бар. Ол жерде шағын алаң орналасқан. Жоғары көтерілгеннен кейін дала мешітінің құбылаға қараған тұсында арнайы орында жалғыз тұрып, намаз оқуға болады. Кенті баба қорымы Форт-Шевченко қаласынан 56 шақырым солтүстік бағытта ораласқан. Қорым 1982 жылы Кеңес үкіметі тұсында-ақ мемлекет қорғауына алынған.
Кей деректерде ең алғаш кентті (қаланы) салған адам делінетін, кей жерлерде халықты мұсылманшылыққа шақырып, ел аралаған діндар, тақуа, әулие адам делінетін Кенті бабаның «Өлгендер қаласы» – ғалымдар мен археологтар тарапынан терең зерттелу мен зерделеуді күтіп жатқан тарихи жәдігер. Оған көкірек-көзімізді аударсақ, ұрпақ санасы рух дәнін себеріне күмән жоқ. Тек өткенге барып, қайтып, жоғымызды түгендеуге тырыссақ қана болғаны.
Еділбек ДҮЙСЕН, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63049,63050,63051,63052,63057,63053,63054,63056,63055"]