"Ақкетік арайы" газетінде «Түбектегі туризм» айдарын тұрақты жүргізіп отырған тілшіміз Еділбек Дүйсеновтың кезекті «Торыш тастары немесе «Адамзат құпиядан ғана қорқады» атты мақаласын ұсынамыз.
Маңғыстауға туристерді тартатын ерекше жерлерінің бірі - құпияға толы Торыш алқабы. Үлкен алқапты алып жатқан шар тәрізді тастары бар Торыш туралы мақаласына кезек бере отыра, бұл айдар үшін редакция арнайы шағын медиатур ұйымдастырған болатын. Ондағы мақсат – Маңғыстаудағы ішкі туризм ретінде ғана емес, сыртқы алыс, жақын шетелден келіп, саяхаттаушыларға да қызығушылық тудырып отырған тұмса табиғат пен тартымды жерлердің тарихынан таным білдіріп, туризмді насихаттау. Осыған дейін айдардың беташары ретінде «Түпқараған ауданында туризмді дамыту» деген кең көлемді сараптамалық мақаласы жарық көрген болатын. Онда ауданымыздың қандай киелі жерлері мен тарихи орындары арқылы туризмге сұраныс тудыруға болатын тетіктер сөз болған еді. Сол бастама аясында «Кемпіртас» мақаласы жарық көрді. Онда мифологиялық танымнан әлсін-әлсін ажырап бара жатқан ұрпақты өз «үйіріне» қайтаруды бір мүсінді тас арқылы ала отырып, оның халық ауызындағы аталуын зерттеп, туризмді дамытуға аңыз арқылы қол жеткізуге болатынын автор дәлелдейді. Туризммен төрткүл дүниеге танылып отырған түрік ағайындар да болмашы нәрседен аңыз-әпсана жасап, шетелдіктердің ауыз суын құртып, тыңдата алып отыр. Яки, біздің де, аңыз өрген маңғаз мекенде неге бұл әдісті қолға алмасқа?! Осы сұрақ төңірегіндегі редакция талқылауы аясында тілшіміздің ізденісі үдей түсті. «Өлгендер қаласы» - Кенті баба» атты мақаласын да жариялап, жарияланым оқырмандарының құмарта оқыған қызығушылығын сайтқа салынған сілтемеден байқадық. Өздеріңіз танысқан «Гобби сопы немесе Сұлтан Үпі» атты мақаласын назарларыңызға ұсынылған еді. Тұрақты айдардың Торыш тастары туралы қызықты мақаласын өздеріңізге ұсына отыра, Торыш алқабындағы тастар тәрізді әрі тұрқы бөлектеу тастары көп өзге де құпия тасты алқаптар бары осы мақалада сөз болады. Ол алқаптарды редакцияның шағын медиатурында анықтауға көмектескен жергілікті ақын, журналист Медет Дүйсеновтің де еңбегін атап өтуіміз керек. Жапондардардың да мәдениеті мен тарихында кездесетін дзизо тастары туралы да естіген боларсыздар. Мыңға жуық осы тектес, адам басына ұқсас тастарды өз мәдениетімен байланыстыратын жапондар бас қатырып, зерттеп, пайым шығара алмаған бұл құпия тастардың сыры не? Торыш атауының бұл тастарға қандай қатысы болуы мүмкін? Осы бағыттағы сұрақтар төңірегінде автор талдау жасайды. Сіз де өз талдауыңызды ұсынып, ойыңызды қоса аласыз, оқырман!
Жер бетіндегі ең соңғы алапат зілзала ғалымдардың айтуы бойынша, 12-10 мың жылдар бұрын болған, ол кезде теңіз деңгейі ең биік Анд, Гималай тауларының шыңдарына дейін жеткен деседі. Тіпті қазіргі Мексика, Перудің кейбір аудандарында 45 шақырымға дейінгі сол уақыттың іздері әлі күнге дейін сақталған екен.
Тетис мұхиты астында болған делінетін Маңғыстау жерінде бүгінгі түбек табиғатына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, небір ғажайып орындар мен жер құшағына көміліп қалған тундралық табиғаттың нешеме түрлі алып жануарлары табылуда. Мысал үшін Еуразияда рисс заманында әлемдік мұз басудан кейін пайда болып, негізінен плейстоцен дәуірінде тіршілік еткен піл тұқымдасының қазір жер бетінен жойылған түрі - Хазар мамонтының, 100 млн. жыл бұрын тіршілік еткен бор дәуірінде жер бетін алып жатқан Тетис мұхитында өмір сүрген деп анықталған бауырымен жорғалаушы плезиозаврдың сүйектерінің Маңғыстау жерінен табылуы.
Дегенмен де қазіргі Қазақстан және өзге де елдер ғалымдары мұндай жаңалықтарды қалт жібермей, көзден қағыс қалдырмай, зерттеу үстінде. Алайда бүгінгі біздің сөзімізге өзек болғалы отырған, ғалымдар әлі құпиясын тап басып, таппаған шарлы конкрециялардың, қарапайым тілде өрнектесек, шар тәрізді дөңгелек тастардың туристердің көзін еріксіз өзіне аударып отырғаны жасырын емес.
Әлемдік ғарыш саласы ғалымдары бұрын осы аймақ аспанында метеорит жарылғанын тілге тиек етеді. Жерге әртүрлі жағдайларда қатты дүмпумен келіп түскен метеориттің сан мыңдаған жарықшақтарының осындағы уақытша қалыптасқан температурадан, климаттан болған өзгерістерінен ол қалдықтар дәл бүгінгідей шар тектес құрылым түзген дейді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қант диабеті қандай ауру?Ал геологтар дәл осы шарлы конкрециялардың басым көпшілігі шоғырланған Торыш алқабында Маңғыстаудағы жер қыртыстарының тектоникалық өзгерістерінен күшті электр зарядтары пайда болып, жер қыртысының үстіңгі қабаты шар формалы үлкендікішілі сансыз домалақ тастарға айналған десе, географтар бұл өзгеше тастардың жаратылуы не пайда болуы Арал мен Каспий теңізі тұтасқан байырғы акваториядағы жойқын сулардың тартылысынан деген пікірге алып келеді.
Жалпылама айтқанда ғылым тілінде «конкреция» («өзара араласып қосылған құрылым», «қоюланып, ұйыған түзілім») деп аталатын тастардың пайда болуына қатысты ғалымдардың нақты жауабы жоқ. Тек дүдәмал болжамдар ғана.
Торыш алқабындағы конкрециялар көбінесе жер формасында болып келіп, диаметрлерінің өлшемі 3-4 метрге дейін жетеді. Барлық конкрециялар орыс матрешкаларындағыдай шар ішіндегі шар құрылымында түзілген. Олардың қандай формада кездесуі - жер қабатының қалай бұзылғанына байланысты. Мысалы, жердің қабаты тігінен бұзылған жерде тастың өлшемі бойынша әртүрлі ұзын тізбектер пайда болады. Ал егер жер қабаты көлденеңінен бұзылса шар, жұмыртқа, саңырауқұлақ, цилиндр, кішкене аң немесе адам үлгісі түрлерінде үймеленіп жатқан бейнедегі конкрециялар алқабы пайда болған.
Шар формасындағы тастар негізінен 1) Ақкетік (Форт-Шевченко) қаласынан Таушық бағытына келер жолдағы Сарқаспақ тауындағы «Итолы» қауымынан шығысқа қарай құлау жолдың бойында, 2) Таушықтың шығыс бетіндегі «Қос қора» мен Жыңғылдының батысындағы асфальт жолдың сол жақ қапталындағы жалдың ұзына бойына созылып жатқан аумағында, 3) Таушықтың теріс тігіндегі «Доллы апа» қойымдығының шығыс бетіндегі қырқада, 4) «Бекет-ата» жер асты мешіті орналасқан Оғыланды тауының бауырайында, 5) «Торыштың» ойының терістік бетіндегі қырқаның қыр арқасында кездеседі.
Құс жолының жердегі көшірмесіндей әлде шашылып түскен моншақтай болып, қазқатар, іркес-тіркес орналасқан құпиялы тастардың қоныс тепкен жері Торыш атауының түпкі мәніне көз жеткізсек. Өйткені ең алдымен тастарға деген қызығушылық дендеп келіп, жердің атауының берер мағынасына келіп тіреледі.
«Торыш» атауының қалыптасуын этимологиялық тұрғыдан М.Дүйсенов «Таушық жерінің көне тарихы» кітабында былайша түсіндіріледі: «Тор/ойпат/- үш, уч, үүс/су, сулы/ сөздерінен құралған. Тор+үш атауы, тілдің айтылу заңдылығына орай айтыла келе Торыш атауы қалыптасқан. Торышсулы ойпат мағынасына меңзейді». Көне түркі тіліндегі сөздердің мағыналары тұрғысында көз қамаған зерттеушінің пікіріне Бибатпа Көшімова өзінің «Маңғыстау облысындағы топономиясында» былайша үн қосады: «Иран топономиясында торш қышқыл деген сөз (В.И.Савина). Сонда атаудың мағынасы «қышқыл сулы бұлақ» тәрізді.
Біздің қолымызға ілігіп, көзімізге түскен тек осы жергілікті зерттеуші-ғалымдардың аталмыш болжамдары ғана. Нағыз мифтің өзегі болуға тиіс шарлы тастардың тарихы мен Торыш сөзінің этимологиясы жайлы аз-кем мағлұматты Серікбол Қондыбай еңбектерінен кезіктіре алмадық.
Қалай десек те табиғат-ана қолынан соншалықты үлкен шеберлікпен туған шарлы тастардың философиялық, ғылыми тұрғыларда айтар өзіндік тарихы, шежіресі бар. Оның адам қолынан осы күнге дейін зардап шекпей, жапан далада жалғыздан-жалғыз «томаға - тұйық» жатуы да осы құпиялығында болса керек. Себебі «Адамзат құпиядан ғана қорқады» депті Белинский.
Еділбек ДҮЙСЕН