©
«Маңғыстау қонысын әперген Лабақ батырдың күші, Атағозы батырдың сұсы, Саназардың күрең атының тұяғының ұшы». Халық сөзі
«Туған жерге туыңды тік»
«...Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, лақалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, туған елге ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің көріністерінің бірі» деп түсіндіреді Мемлекет басшысы.
Елбасының пайымынша, бұл кез-келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени – генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей ұрпағына мирас етті. (Астана. Қаз.Ақпарат-Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде шыққан ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай делінген, деп хабарлайды Қаз.Ақпарат) 2017 жылы 12 сәуір. Инт. Ақп.
Елбасының «Туған жер» атты өсиет-пікірі бәріміз үшін аса құнды. Бұл аса терең бағдарламаның астарына үңілсек, елге, оның тарихи мұрағат, мұраларына деген қамқорлық, шын мәнінде ұлттық сананы оятудың руханияттық жаңғыруы жатыр. Жасампаздыққа бастайтын ұлтымыздың ішкі тұтастығы мен бірлігі жатыр.
Елбасының үмітін ақтау, әрбір азаматтың және билік иелері мен әкімдердің, зиялы қауым мен кәсіпкерлердің, оқу-ағарту орындары мен өлкетанушылардың, ішкі саясат қызметкерлерінің, ақпарат көздерінің, жалпы жамағаттың парыз, міндеті екенін ағаларымыз, ұлт жанашырлары, сарапшылар айтып жатыр.
Бейнеу ауданында «Ескі Бейнеу» қорымы жанында батырлардың есімдері жазылған ескерткіш бар. Сол шағын алаңға халықтың ұйғарымымен Лабақ Жиенғұлұлының сәулет-тас ескерткіш тақтасы қойылмақшы. Міне, осы өнегелі іс, өрісі кең қадамның бастау көзінде – Елбасының «Туған жер» бағдарламасы, өсиет-пікірі тұр. Елбасының «Туған жер» бағдарламасын ту қылып көтеріп шыққан бұқара халықтың рухани тұрғыдан жасампаз жаңғырығы жергілікті билік иелеріне серпіліс береді деп сенеміз. Олар ел мен Елбасының дәнекер сарбаздары, басты қызметкерлері емес пе? Іске сәт, бейнеуліктер! Халқымыздың жүріп өткен жолдары уақыттың ғана еншісінде емес. Ол біздің аққан қанымыз бен игерусіз жатқан құпия санамыздың қоймасында, ұлттың жадында қаз-қалпында тұр.
Елбасының пайымынша, бұл кез-келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени – генетикалық кодының негізі. Шындығында біздің ортақ мүддеміз – ұлттық санамыз бен жадымызға, құндылықтарымызға, рухани сергектігімізге, түсінік, пайым-парасатымызға, салт-дәстүрімізді сақтай білуімізге тәуелді. Бейнеуліктердің, яғни бұқара халықтың бастамасымен Елбасының бағдарламасына үн қосуы - Ер Лабақтың есімін қайта тірілтуі, жастарға үлгі көрсетуі – маңызды шара болмақ. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың, Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Көңілімқосұлы Әбіловтың руханияттағы жетістігі дегіміз келеді. Олар айтулы мәселеге ақпараттық тұрғыдан қанық болар, жөні де солай ғой. Әрине, халық қуанған құбылысқа халықтың бас қызметшісі жергілікті билік бәрінен де көбірек хабардар бола отырып, шат-шадыман күйде екендігіне кәмілміз. Оянған ұлттық сана және Елбасының тарих тамырын дәл басқан бағдарламалық бағыт-жоспары шеңберіндегі бұқаралық құлшынысқа қуанады деп сенеміз. Себебі бұл құтты қуаныш пен сындарлы қадамның түп атасы – Елбасының бағдарламасы.
Ел қорғаған ерлерді еске ала отырып, ерлікті дәріптеу, сол арқылы ұлттық мемлекеттің тарихын зерделеу, сайып келгенде Тәуелсіз Қазақстанды тану мен сақтау. Лабақ Жиенғұлұлы болса, осы ерлік пен елдіктің бастау көзінде тұрған тарихи тұлға. Қос қаһарман Айтқұлұлы Атағозы мен Жиенғұлұлы Лабақ – ел үшін, туған жер үшін қан төккен ерлер, ту ұстаған батырлар, ел бастаған көсемдер. Қос батыр, егіз ер! Елбасы: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», - деп бекер айтпаған болар. Жау құрсаған елдің жан айқайы – көк пен жердің тылсым тыныштығынан өтіп, бір Алланың дәргейіне жететін болар. Әйтеуір жау бар жерде ел ер тумай тұрмайды. Қабырғамыз сөгіліп, қан жұтып, қара жамылып, қағидалы тірлігіміздің тіні тарқап барып, қайта тіктелген тұсымыз көп болған. «Енді етек басты ез, тізе бүкті құл болатын болдық-ау» деп тұрғанда ер Лабақтай алыптар дүниеге келіп жатады. Түбі бірге түркіні, ары бірге алашты айтпағанда алақандай Маңғыстаудың өзінен қазаққа тұлға қаншама әулие-пір, би-шешен, абыздар мен ақын-жыраулар,ерлер мен батырлар туды. Олар өз дәуірінің ақ қылыш берендері, ақ сауыт өрендері. Қылша мойыны қиылғанша қызғыш құстай қанатымен су сеуіп, қауырсын құшағын қамсау қылып, атамекенді қорғап, бізге аманат етіп, арпалысып, жаумен жағаласып өтті. Сондай әулеттің бірі - сегіз арыс Адайдың Құнанорыс ауылынан шыққан Жиенғұл бабамыздың ұрпақтары. Маңғыстаудың Сам өңірінде өніп, өскен. Айтулы тұлғалардың бәрі де қазаққа әйгілі, тарихи тұлғалар. Олар: Мыңбай, Лабақ, Қоныс, Шабай, Есен Сүгір, Бердәулет Жоламан, т.с.с. ерен есімдерге ұласып кете береді. Шеттерінен ел қорғаған айтулы ерлер, батырлар. Батырлық пен ерлік тек қана жүрек пен білекке келетін қасиет емес, сонымен бірге биік парасат, мақсат-мұратқа, ұл мен қыздың бойындағы, санасындағы ұлттық құндылық пен тәрбиеге келетін - ұлы қасиет. Қалнияз жырау:
Баласы ер Шабайдың – Есен, Сүгір, Тұра алмас тұлпар аттай шықса дүбір, Ерлерім, қапы қалмай қамданыңдар, Келісі осы жаудың әжептәуір. Баласы ер Шабайдың – Сүгір, Есен, Жүйрігім жауға шауып мүдірмеген, Әруағың ақ бұлттай күнге өрлеген, Ежелгі ер емес пе ең дүбірлеген? Айтулы әкең батыр Шабай еді-ау, Осындай қиын кезде кідірмеген. Жылқыайдар нағашы атаң Қадірдегі, Жері жоқ жауын шаншып түсірмеген, Және де бір нағашың Есентемір, Көктаубай, о да батыр сүрінбеген, Меңсұлу – менің апам, сенің шешең, Қарақай – өз нағашың біздің елден, Білесің, аталарың Лабақ, Шабай, Ар-намыс дұшпанына жібермеген. Мысалы, сен асылдың сынығы едің Жатса да жер астында көнермеген - деп келеді.Ер Шабай және оның бөрі тектес көкжал ұлдары жайлы біршама әңгіме, деректер, жырлар баршылық. Ал ер Лабақ жөнінде ақпараттық сілтемелер мен мәліметтер қолда аз, болымсыз. (Бірақ бұл Лабақ жайлы деректердің шын мәнінде аздығының көрінісі емес. Зерттелмегеннің салдары деп білеміз.) Азғана оқиға мен тақырыптың аясында Құттықсейіттің шеңберінде өрбиді. Ескелді Саназар Лабақты Атағозыға серік етеді. (Ескелді Саназардың ерлерге деген ілтипат, көмегі - елге деген сүйіспеншілігі. Бұл-ұлттық деңгейдегі саяси мән-мағынаға ие мырзалық пен сақилық. Қысқаша баян етсек - Ер Лабақты Айтқұл Атағозы Құттықсейітті алып келуге жұмсайды. Қарауыл-Күмбетке аттанады. Күрең атқа мінеді. Құттықсейітті алып келеді. Хиуа ханына барады. Ақыры ханның алдында Құттықсейіттің басын шауып алады. Екінші нұсқасы да осыған жақын. Онда ханның алдына апармай-ақ басын шауып алады. Мұның бірі болмаса, бірі – шындық. Соғыс, жаугершілік болғасын солай болады. («Қазақ халқының шежіре тарихынан» авт. С.Назарбекұлы, Ж.Жылқышыұлы. №2 том. Алматы: «Үш қиян» баспасы). Соның салдарынан жәуміттер Маңғыстаудан көшіп кетеді деумен аяқталады, әлгі әңгіме. ( - Дұрыс, уақытша біздің ата қонысымызға бауыр басып қалған азғантай қарақшы топтар кетті, атамекенімізді босатты. Біз түрікмен халқымен өштескен жоқпыз. Біз басқыншылармен өштестік. Біздің бабаларымыз өз атамекеніне қайта оралып, басқыншылармен күресіп, жендеттердің басын шапты. Біз қылышымызды басқыншыларға сілтедік. Ешуақытта бауыр мен туысқа, көршіге қылыш сілтеген жоқпыз. Ал басқыншылар мен қарақшылар әртүрлі топтардан құралып, дүниенің төрт құбыласында озбырлықтың ойранын салып жүре беруі мүмкін. Маңғыстау - ежелден біздікі. Біз Сауран айналып, Маңғыстауға қайта келдік. Сөйтіп өз атамекенімізге орналастық. (Тарихтың толқыны сан жағалауға апарған тұстар, кезеңдер болған. Біз бәрібір Маңғыстауымызға оралып отырғанбыз). Заман осылай айтуды талап етеді. Шындық та солай. Маңғыстау «Пәленшенің» жері, оны біз тартып алдық деген әңгіме дұрыс емес. Ол әңгіме ұрпаққа апат әкеледі. Әрине, азға шүкір, барға қанағат. (авт. С.А.)
Біреулер: - Лабақты жауға неге жалғыз жібердің - деп, Атағозыдан сұрапты-мыс. Сонда Атағозы: «Лабақта үш батырдың жүрегі, үш палуанның білегі бар еді. Күрең тұлпарда үш аттың қайраты бар еді, сондықтан тәуекел еттім» депті. (2 том. «Адай тайпасы» авт. С.Н./Ж.Ж). Не болғанда да ер Лабақ алып күштің, есепсіз ерліктің иесі болған. Бірде Атағозы ер Лабаққа қарап: - Лабақ, сен көздеп шапқан жаудың ортасынан ойран шығып, бармай жатып құйын тұрады. Үрейленіп, үркіп, екпініңнен естері кетеді, байқап жүрмін, өзіңе сезіле ме? Мына сарбаздарым Лабақ батырдың қолтығында қос жолбарысы бар, жауға Лабақтан бұрын жетіп, қырғын салады деп жүр, рас па?», - депті. Сонда Лабақ батыр: - Білмеймін, жауды көрсем, қолтығым кеңіп қалады, жауға жалғыз шауып, жеткенше асығамын, барсам көздері шарасынан шығып, құлай береді, жағаласып жарытпайды», - деген екен. Рейім жырау Құрмантайұлының әңгімесі еді. (авт. С.А.). Ел аралаған жыршы ғой, бір ақсақалдардан естіген болар, марқұм Рейім жырау «Дәулеталы Шабай қарт айтыпты» делінетін әңгімеде «Бөрі батыр мен Лабақтың сыйластығы, достығы сөз болады. Бұл екі халықтың арасындағы аралас-құралас достықтың, қарым-қатынастың көрінісі. Әрине, ел мен жер, ұрпақ, ұлт мүддесі барлығынан биік, киелі. Сонымен қоса ұлттық мүдде мен Атағозының қайсарлығы, көсемдігі сөз болады. Бұл жерде ұлттық мүдде биік, асқақ тұр. Атағозы - ер, көсем, саясаткер. Өз шешімін іске асырады. Бөрі бақиға аттанады. Ол үшін Лабақ та Атағозыға кінә артпайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды. Егіз ер елдің мүддесін шешуші сәтте бәрінен жоғары қояды. Терең талдауды қажет ететін саяси маңызға ие әңгімелер. Дегенмен ғылыми тұрғыдан жеткілікті дәрежеде зерттелмеген ер Лабақ сияқты тарихи тұлғаның, ел есіндегі ауызекі нұсқасын ғана қадемізге жаратуды көңілге жұбаныш қылсақ, таным тұрғысынан аздық етеді. Мектептерде, оқу орындарында ер Лабақ жайында танымдық, ізденіс пен шығармашылық жұмыстарға жол ашу керек.
Белгілі бір нысанаға зерттеушілік көзқараспен қарау және оған мемлекеттік, қоғамдық күштерді жұмылдыру – өте зерек, зиялы қадам, өміршең әрекет болмақ. Осы орайда «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», - деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тайға таңба басқандай көрсеткен. Ал, бұқара халық болса, осы бағытқа қарай жанын салып, қызметтеніп келеді емес пе?! Міне, ер Лабақ ерлердің есімдерін дәріптеудің бастау көзі қайдан шығып жатыр. Оны: Ұлт көсемі ұлағат қылып отыр. Жергілікті басшылар осының барлығына ойлы көзбен қарайды, әрине. Бейнеуде тәжірибелі мамандар бар деп есептейміз. Мысалы, Қойшығұл Әбілшеев сияқты ағаларымыз ер мен ел мәселесіне, халықтың жан тілегіне жан аямай атсалысты, хабардар деп есептейміз. Елбасының әрбір сөзінің қадірін, орнын және қоғамдағы орындалу мүмкіндіктерін қадағалап отыр деп сенеміз. «Нұр Отан» ішкі саясат өкілдерінің де төл міндеттері – бұл шындығында.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бердібек Соқпақбаев балалар жазушысы ма?Бәрі де осындай елдік сананың оянуынан, ұлттық ұлағаттан, ұлға тән белсенділіктен, перзенттік парыз бен қарызды өтеуден басталады. Ер Лабақты өзі тектес, деңгейлес дәуір тұлғаларымен қоса зерттеу керек. Бабаларға деген шексіз құрметіміз - бізді ғылымға, ал ғылым бізді ақиқат пен шындыққа, тағылым-тарихқа, бұлтартпас деректерге жеткізуі тиіс. Ұлт санасы мен жадында ер Лабақтың Айтқұл Атағозы батырмен қатар аталуы және оқиғалардың күрделі, шешуші кезеңдерінде қос батырдың бірге көрініс беруі, олардың ағалы-інілі туыстығы мен сыйластығынан бөлек, аса ірі тел көздеу, егіз емеурін қайраткер екендігінен де хабар беруі мүмкін. Ол тек қара күштің иесі емес, ақыл-парасаттың да, соғыс тәсілі мен мемлекеттік жүйенің де сарапшысы, сарабдал саңлағы болған шығар, кім біліпті? Мысалы, Шаған бойында қалмақтың Серен бастаған қолымен шайқасқа кіші жүздің бірқатар айтулы батырлары қатысады. Атағозы, Қонай, Лабақ, Шотан, Жанақ, Айбас сияқты адай батырлары ерлік көрсетеді. Атағозы батырдан бата алып, 17 жасар ер Шабай қолбасы Серенмен жекпе-жекте жауды жан алқымға алады. Серен жан сауға сұрап, аяғына жығылып, бас иеді делінген. (авт. Қ.С.) Атағозымен бірге жүр. Сонау Шағанның бойында.
Атағозы болса (1704-1794) Руы - адай. 40 мыңдай қазақ, қарақалпақ жастарының 1723 ж. қалмақтармен соғысында ерлігімен аты шыққан. Қанатты сөздері сақталған. Қазақтың белгілі билерінің қатарында есімі аталады деп көрсетеді. Ұлт-азаттық көтерілісінің майдангері, басшыларының бірі. (Маңғ. энц).
Ерен қолбасшылар соғыста табысып, жорықтан соң сыйласады. Деңгейі бір адамдар ғана тарихтың мінберінен қатар көрінеді. Қашанда ер егіз болады. Қысқасы ер Лабақты ғылыми тұрғыдан зерттейтін жастарды тауып, оларды демеп, осы бағытқа ынталандыру керек. Сондықтан бүгінгі жиынның төбе би, төр алқаларына, барлық жамағатқа, жалпы ұйымдастырушы азаматтарға ер Лабақтың жасын берсін, ерлігін, күш-қуатын, ең бастысы - еліне деген сарқылмас махаббатын, сүйіспеншілігін берсін! ер Лабақ есімі қайта жасампазданып, жаңғырғалы тұр, Құдай ұзағынан берсін. Қазақтың қай батыры да бізге ортақ, қымбат. Рухани жаңғыру жоспарына сәйкес бұдан былайғы жерде ер Лабақты Маңғыстау облысы және Бейнеу ауданының басшылығы, зиялы қауымы қолға алып, зерделеу керек. Бейнеу қалашығының орталық алаңынан Айтқұлұлы Атағозы мен Лабақ Жиенғұлұлына ескерткіш салу керек. Бұл – менің жеке пікірім ғана емес, уақыттың да талабы. (Бірі – сол өлкеде жатыр. Бірі сол өлкенің, Сам бойының түлегі. Мемлекет жоспарға енгізіп, рухани жаңғырудың аясында жұмыстанғандары қажет-ақ. Ел мен Елбасы өз пікірін және қолдан келгенін жасап жатыр, енді жергілікті биліктің қызметке кіріскені дұрыс. Қос батырдың алаңы Бейнеу халқының демалатын орны, ерлік пен елдіктің шеру тартатын жері болады). Қос батыр, егіз есім берекелі Бейнеудің рухани ажары мен базарына айналар еді. Бұрын Бейнеу халқы он бес-ақ мыңның шамасы еді. Оны Әзірханов Басшы ағамыз бастаған азаматтар жетпіс мыңға жетеғабыл дәреже-деңгейге көтерді. Ал енді біз айтып тұрған мәселе Бейнеу ауданының Бейнеубек Көңілімқосұлы Әбілов бастаған жаңа басшылығының тың серпін, арлы мөр, айғарақ мұрасы болар еді. Отаншылдыққа бастайтын, ұлттық рух беретін, жастардың «Егіз Ер-Қос батыр» алаңына айналар еді. Ұлтымыздың көрмегені жоқ. Қазақ еліне жан-жақтан сұғынып, ғасырлар бойы қанды қақпан соғыс жүріп жатты. Орыстың ойранына, Хиуаның қырғыны қосылды. Жоңғар да жон арқамызға тісінің ізін қалдырды. Хиуаның шабарманы, Түрікпеннің түртуіне ұласты. «Олжашы Құлбек, Қосқұлақ Бекет, Есембет Бердібек, Есенғұлұлы Есекмерген, Айтқұл Атағозы, Құнанорыс Лабақ пен Шабай, Қаратоқа Әбілғазы, Жары Шотан батырлар Қалмақ, Хиуа басқыншыларымен шайқаста көзге түсті. Қойсары Қонай, Ер Қармыс, Балуанияз, Балтеке, Ер Бегей, Ер Жанақ, Есен, Сары, Қосқұлақ Амантұрлы, Асар, Балта, Өзденбайұлы Кенжебек, Доспанбет, Төлен, Еснияз, Қабыл, Төленді, Өмір, Темір, Беріш Құлбарақ, Жары Сүйінқара Хиуа хандарының нөкерлерімен шайқасқан. Екі жүз жылға ұласып, қайталанып отырған», - дейді, - (авт. С.Ө). (Алматы - 2010 ж. Респуб-қ оқулық баспа орт-ы) - Ә.Сарай: «...Атақозы батыр оның оң қол, сол қол жауынгер серіктері Абақ (Лабақ), Шотан, Есек батырлар еді. Жыр, дастандарда аты ұшырасқанымен Құнанорыс Абақ (Лабақ) өз бағасын ала алмай жүрген өте ірі тарихи тұлға» - деп келтіреді. Құнанорыс Абақ (Лабақ) батыр жөнінде күйзеле де, тебірене де айтқан, көрнекті ғалым. Қаншама тұлғалар өз бағасын алмай ескіріп бара жатыр. Осының барлығын еске салып тұратын мәдени шаралар халыққа керек. Оң болсын, жамағат! Енді, қос батырға ескерткіш салыңыздар!
Ер Лабақ Ер Лабақ, Бұл да біздің айбарымыз, Ақ уыз, сүт бетінде қаймағымыз. Ер Шабай, Есен, Сүгір, Мыңбай, Лабақ, Жасанған жауға қарсы байрағымыз. А, Құдай, Батыр қылдың бабамызды, Ер Лабақ жаудың шебін дара бұзды. Тоқтатар Қарсы келсе Қап теңізін, Біздің шал тауға біткен қара құз-ды. Кетпесін кескек қылыш енді есеміз, Дос пен дос, жау мен жауша теңдесеміз. Түнетіп Қойыныңа қос жолбарыс, Шауып көр, жауға жалғыз сенбесеңіз. Бітпеген батырлардың бір ісі бар, Алмаған ақтық дем мен тынысы бар. Кешегі ер Лабақтың білегінде, Бүгінгі Маңғыстаудың ырысы бар. Жаралған сәулелі нұр, арайменен, Ел еді, тіл таңбалы Адай деген. Бұлт көшіп, жасын түсіп, дауыл тұрса, Ер Лабақ емес пе деп қарай берем? Амалы анау қырдың қалмай жатыр, Ескі әнге Есен-Түлей салмай жатыр. Ұл туып, ұлтқа сүйеу берсем бе деп, Керіліп Самның құмы шалғай жатыр. Сыңғырлау, Күйкен –күйік, Манашымыз, Көп үміт, бақ пен сордың арасымыз. Пір Бекет, Үш жүз алпыс әулиелі Өлмейтін ел шығармыз шамасы - біз! Ен үстірт, ерен дала, тұман қабақ, Текті шал-тентек дәлу ұрандамақ! Бейнеудің берекелі ордасынан Атағозы, ер Лабақ тұрар қарап. Ақ жырым айға ұласқан арманым-ау. Сүйенсем сүрінгенде балдағым-ау. Кер дала, жолбарыс жон, қасқыр азу, Айбаты аламанның шалдарым-ау!Н.Назарбаев «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғы шарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық – рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды».
Көңілге тоқып, басшылыққа алатын ұлттық қағидаға Бейнеу аудандық ақпараттық кеңістік бізден гөрі етене таныс болар, сірә. Құтты қадам, берекелі табыс тілейміз. Мерекелі күндеріңіз көп болсын, ағайын! Бейнеубек Көңілімқосұлы Әбілов мырзаның алар асуы алда, ал өзінен үмітіміз зор, көргені көп, зиялы шаңырақтан шыққан азамат қой. Текті атаның тегеуірінді ұрпағы бабалар рухына қызмет жасауға қашанда дайын болар дегеніміз ғой.
ЕСКЕРТУ: Кейбір деректер бойынша: 1723-1819 ж.ж. деп көрсетілген. «Құнанорыс» атты кітап. 244 бет. авт. К.Ізтұрғанұлы. Алматы, «Өнер» баспасы. 2014 ж). Маңғыстау облысыы, Бейнеу ауданыы, «Ескі Бейнеу» қорымы. Ер Лабақтың құрметіне қойылған сәулет–тас ескерткіш тақтайшасының ашылу салтанатында оқу үшін дайындалды. 06.10.2018 жылы Бейнеу ауд-ы, «Ескі Бейнеу» қорымы жанындағы ер Лабақ сәулет-тас ескерткіш тақтасының жанында аталмыш жиынның ашылу салтанатында оқылды.
«Рауан» газетіне жолданды. Жергілікті жерлердегі рухани жаңғыру аясындағы іс-шаралар көрінісі мен халықтың талап-тілегінен деп білерсіздер. «Рауан» газеті –халықтың ақпараттық мінбері. Халықтық мәселені толық жариялайтындығына шүбәміз жоқ. Аудан билігі не айтады, көреміз! Бәрі де өз азаматтарымыз ғой, бабалар ортақ! Биліктегі ұлдарымызды қолдау керек, егер олар елжанды болса.
Сабыр АДАЙ