Бердібек Соқпақбаев

«­ — Құдай жоқ болса, дүниені кім жаратады? — деп сұрайды әжем.

— Дүниені ешкім де жаратқан жоқ, өзі жаралды.

— Сен, немене, сонда қасында қарап тұрып па едің, дінсіз неме?

— Қарап тұрғаным жоқ, кітаптан білем.

— Ал адамды кім жаратты?

— Адам маймылдан жаралған.

— Тәйт, сандалған неме. Сандалмай, бар онда ана ормандағы маймыл әке-­шешеңе».

Қазақ әдебиеттанушылары, сыншылары мен зерт­теуші ғалымдары, қала берді көпшілік қалың оқырман қауым «Қазақ балалар прозасының атасы» деп бағалаған Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым Қожасында» есте қаларлық осындай диалог өрбитіні бар еді. Қожаның өзі мен Қожа «қараңғы» деп есептеген әжесінің арасында. Еркіндікке құмар, тәртіпке ба­ғынғысы келмейтін Сұлтанмен бас қосқанда үлкен­дерге деген ашу­ызасы сыртқа лықа төгіле кететін Қожаның махаббаты мен машақаты баяндалатын осынау туындыны «Қазақ балалар әдебиетінің үздік шығармасы» атаймыз. Біз мақала тақырыбын осы­лайша қойғанымыздың мәнін әрі созбай-­ақ осы жерден тарқатып әкетсек.

Алдымен, «Балалар әдебиеті дегеніміз не?» деген сұраққа жауап беріп көрелік. Құрметті оқырман, ал­дыңызға екі нұсқаны ұсынамын. Тиісінше, екеуіне де жауап беруге тырысамын.

— Балалар әдебиеті­ балалар қатысқан әдебиет.
— Балалар әдебиеті­ балалар көзімен жасалған әдебиет.

  1. Оның шығармаларынсыз Оңтүстік Американың ғана емес, бүкіл әлемдік мәдениет пен әдебиетті елестету қиын жазушы­-латынамерикалық Жоржи Амаду. Амадудың ең әлеуметтік өткір романдарының бірі, біздің сөзімізге өзек болғалы отырған «Құм жағалауының капитандары» («Генералы песчанных карьеров», «Капитаны песка»). Романның басты тақырыбы­ — панасыз қалған қаладағы жасөспірімдердің тағдыр тәлкегіне ұшыраған сормаңдай тіршілігі. Тастанды балалардың елді тонау­жымқырумен тапқан тамағын кеңірдекті асырауға жұмсап, өтіп жатқан ғұмыры.

«Латынамерикалық бомба» атанып, әлем әдебиетін бір­-ақ сәтте дүр сілкіндірген Борхес, Маркес, Кар­пентьер, Кортасар, Льоса, Астуриастар сынды ХХ ға­сыр әдебиетіне эстетикалық төңкеріс жасаған су­реткерлер қатарында Жоржи Амаду да бар. Олардың барлығы да диктаторлы қоғамда ғұмыр кешіп, осы қанды шеңгелде қалған мемлекеттің хал­-жайын жаз­ды. Аталмыш Амадудың жоғарыдағы романында да мемлекет көңіл бөлуді қойып, назарын теріс салған жетім балалардың жанайқайы естіледі.

Бір сөзбен айтқанда, Амаду үшін диктаторлы қо­ғамда өмір сүріп, сықаған цензурада өз тәуелсіз сөзін, тұншыққан жанайқайын жеткізудің жалғыз жолы­ — балалар арқылы шындықты айту, қоғамның кеспірсіз келбетін бүкіл әлем алдында көрсету еді. Осы мақсат жолында ол балаларды таңдады, бүкіләлемдік мә­селені кішкентай ғана балалардың аузына салып берді.

Ең қызығы, дәл осы әдеби тәсілі үшін ол ешқашан да «Балалар жазушысы» атанған емес.

Біздің айтпағымыз да осы. Балалар көзімен, бала­лардың жеке, қарапайым танымымен жасалмаған әдебиет­ балалар әдебиеті емес. Ал, балалардың жәй ғана кейіпкер ретінде туындыға өзек болып, көп рөлдің қатарында, сапында тұруы ештеңені де шешпек емес. Жалпыға ортақ шығармалардың негізгі кейіпкерлері адам делік. Балалар әдебиетінікі — ­балалар. Ал, бала­лар дегеніңіз де­ — адам. Кішкентай адам. Әдебиетті әде­биеттен, жанрды жанрдан ерекшелейтін­ формасы мен жазу стилі ғана, ендеше. Ал Бердібек Соқпақбаев­тың «Менің атым Қожасы» кәдімгі жалпы оқырманға арналған қатардағы повесть. («Қатардағы» дегеніміз, оның құнын түсіру мақсатында емес, балалар әде­биетінен бөліп қарастыру тұрғысында айтылды деп есептеңіз).

  1. Ал енді дендеп көрелік. Соқпақбаев Кеңестік дик­таторлы кезеңде қандай шындықты балаларды қолдану арқылы айтқысы келді?

«Өзін жазып, өзгені ойландырған» қаламгердің «Менің атым Қожасы»­ — қылышынан қан тамған КСРО­-ға тұтастай қарсылық еді. Повестің алғашқы беттері­нен-­ақ көрінетін билікке деген ашу-­ызаға толы сарказм Қожаның тілімен былайша беріледі: «Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қа­раңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жа­ғымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер… Өскембайдың баласына Тыңжыр­тар деп ат қойған секілді, өзге қызу жұрт сол арада ду қостап: «…мұнан жақсы атты дүниені шырқ айналсақ та таппаймыз» дескен»…

«Менің атым Қожа» дегеніңіздің өзі де тұнып тұрған қарсылық. «Мына елдің, мына жердің Иесі менмін» деп тұрғандай құдды. Оралхан Бөкей шығармашылығына тән мұндай ат қолданыстары Бердібекте де қылаң береді. Бұл Соқпақбаевтың 1966 жылы «Қазақстан Пионері» газетінде үзіндісі жарияланған, ғаламға қатер төндірер қарумен құрсауланып, атом бомбасымен әлемге айбат шеккен КСРО­-ның саясатын ашық сы­наған «Ергежейлілер еліне саяхат» атты хикаяты. Хикаятта мынадай жолдар бар:

« – Ергежейлі халқын бақытқа жеткізуші данышпан көсем Жасабол жасасын! – деп, айқай салған ұранмен аяқтадым».

Осыдан 45 жыл бұрын болған халықаралық жазу­шылар конференциясын сылтау етіп, БҰҰ-­на адам құқығының тапталуы жөнінде айыптаулар мен арыз­дарды тізбектеген хатты жөнелтіп, артына НКВД түскен, өлімі жұмбақ жағдайда болған Бердібек Соқпақбаевтың кеңестік идеяға деген көзқарасын білдік.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тұңғыш мұнай бұрқағының куәгері

Ал енді қайтадан ат басын «Қожаға» бұрсақ. Егер балалар әдебиетін -­ тәрбие құралы деп айтатынымыз шын болса, повесте бала психологиясына жат бірнеше эпизодтар, сахналар көрініс береді. Бір ғана мысал төменде:

Бұдан бір жыл бұрын Қаратайдың әйелі дүние сал­ған екен. Әйелі дүние салды деген сөз – өзі бойдақ қалды деген сөз. Ал өзі бойдақ қалғаннан кейін тағы да үйленбекші. Осы арада кімге деген сұрақ туады. Дүниеде өзге әйел құрып қалғандай, Қаратайдың есек дәме көңілі менің Миллат мамама ауатын тәрізді… Қаратай мотоциклін от алдырып, көшеге қарай бұрды. «Кет. Жоғал. Тезірек кет!», мен оны көңіліммен жел­келеймін. Бірақ Қаратай кете қоймады, мамаммен сөйлесіп тұрып алды. Олардың сөздерін трт­-трт еткен мотор үні маған жөндеп естіртпейді. Сөйлесе тұрып, Қаратайдың қалқиған денесі мамама біртін­-біртін жа­қындап, тақала түсетін тәрізді».

«Кеңестік заманыңызда Соқпақбаев бірде­-бір шы­ғармасында сол қоғамыңызды, сол заманыңызды, партияңыз бен үкіметіңізді мадақтаған жоқ. Соқпақ­баевтың «сойылы» кереғар сілтенетін. Астар мен тұспалды тәптіштейтініміз сондықтан» (М. Байғұт).

P.S: Төгілме таланттың тәуелсіздікті аңсап, сол жолда өз жанын қиярға дайын болғандығы бұлжымас шындық. Шығармаларында да мен мұндалап тұрған үміт пен кеудеңнен кері ите­ретін кеңестік кезеңнің қан сасыған иісі қоса қабат жүреді. Бердібектің шығармалары­ — қазақ әдебиеті төрінен ойып орын аларлық құнды қазыналар.

Біздің бұл мақалада айтпағымыз, бір-­ақ ауыз сөз. «Балалар әдебиеті» деген тар шекпенге Бердібектей бірегей қаламгерді зорлап тығудың қажеті шамалы. Балалар арқылы диктаторлы қоғамға деген қарсылығын білдірген, жоғарыда тілге тиек еткен Жоржи Амаду сынды Бердібек Соқпақбаевты да қазақ «үлкендер әдебиетінің» («балалар әдебиеті болса, «үлкендер әдебиеті» деген де бар шығар, бәлкім), көркем прозаның бәйтерегі деуге толық негіз бар. Тор шеңгелде өмір сүрген қаламгердің атын тар шеңберге тықпайық, оқырман.

Еділбек ДҮЙСЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз