Адамзат тарихы ішінен жеке дара соғыс тарихын бөлек қарастыруға болады. Швейцариялық Жан-Жак Бабельдің есептеуінше біздің заманымызға дейінгі мен бүгінгі заман арасындағы 3500 жылдың адамзат баласы 292 жылын ғана бейбіт өткізген екен. «Ақкетік арайы» газетінің оқырмандарына жер бетіндегі ең алапат соғыстардың төменнен саналған нұсқадағы тізімін ұсынамыз.
10. Наполеон соғыстары (1800-1815)
Бұл атаумен 1800-1815 жылдар аралығындағы Наполеон Бонапарттың Еуропаның әртүрлі мемлекеттерімен өткізген соғыстарын атайды. 15 жыл, 5 ай, 4 аптаға созылған тұтас бір бұл кезең Еуропаны, Атлантида мұхитын, Рио-де-Плата мен Үнді мұхитын қамтып, соңы наполеондық Францияның құлауымен аяқталды. Қаншама уақытқа созылған бұл соғыстардың ең ақырғы ең үлкен шайқасы Ватерлоо қаласы үшін болды. 40 000 адам өлімімен, жараланған 30 000, жоғалған 15 000 адам есебімен аяқталған бұл шайқас бізге Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романынан таныс. Қорыта айтқанда жалпы наполеондық соғыстарға 3.5 миллион адамның қаны қажет болды. Тіпті кейбір тарихшылар бұл санды екі еселеп те айтады.
9. Ресейдегі азаматтық соғыс (1917-1923)
1917 жылдың 25 қазаннан Ресей империясының астанасы – Санкт-Петербургта революцияшыл жұмысшылар, солдаттар мен матростар отрядтары Қысқы сарайды тіке шабуылмен алып, Уақытша үкіметті құлатты. Сол күні жұмысшылар мен шаруалар республикасы дүниеге келді. Бірінші КСРО-ның республикасы РКФСР деп аталған.
Алайда Қазан революциясы төңкерісіне ұшыраған патша генералдары мен шенеуніктері Ресейдің бұрынғы тәртібін қайта орнатпақ болды. Олар өздерінің ақ әскерлерін жасақтап, жұмысшылар мен шаруалардан кұрылған Қызыл Армияға қарсы шықты. Азамат соғысының өрті тұтанды.
Бұл соғыс кезінде Наполеон соғыстарынан да асып түскен алапат қырғын орын алды. 5 жарым миллион адамның өмірін жалмаған бұл кезең туралы батыл мақалаларда аталмыш соғыстан болған адам шығыны 9 миллион деп те көрсетіледі.
8. Дүнгендер көтерілісі (1862)
1862 жылғы Қытайдың солтүстік-батысында Дүнгендер көтерілісі аталған дүнгендердің Цин империясына қарсылығы өтті. Қытайлық және қытайлық емес мұсылман азшылықтары - дүнгендер мен ұйғырлар Цин династиясы мен қытай-манчжур феодалдарының қыспағына қарсы бас көтереді. Осы жылы мамырда басталған бұл көтеріліс Шэньси қыстағынан Ганьсу, Шыңжаң провинцияларын қамтыды. 8-ден 12 миллион адамға дейін жапа шеккен бұл азшылық өкілдері ыдырауға мәжбүр болып, Қырғызстан, Шығыс Қазақстан, Өзбекстан, Ресей жерлеріне қоныс аударды.
7. Ань Лушанның көтерілісі (б.з.д. 8 ғасыр)
«Мен қытай халқының ыңырсығанын естимін, Өліктер қалқып жүр... Ұлы өзен бетінде. Әйел мен қыздардың «қылмыскер» етілген, Дал-дұлы шығуда қыстақтың шетінде». Бұл – Қытайдың ұлы ақыны Ду Фудың өлең жолдары. Мұнда Тан дәуірі кезіндегі Қытайда болып өткен ең үлкен азаматтық соғыстың суреті салынған. Орта ғасырлық ішкі Қытайда орын алған аталмыш соғыстың көш басында Ань Лушан жүрді. 755 жылғы империяға қарсы көтеріліс бастаған ол келесі жылы-ақ бүкіл династия билігін өз уысына шоғырландырды. Ең төменгі көрсеткішті көрсететін деректерге сүйенсек, бұл азаматтық соғыс салдарынан 13 миллион адам қаза тапқан. Ал кейбір деректер өлгендер санын 36 миллионға дейін әрі апарып тастайды.
6. Бірінші дүниежүзілік соғыс (1914-1918)
Империалистік дәуірде жеке елдердің біркелкі дамымауының нәтижесінде бірінші дүниежүзілік соғыс болды. XX ғасырдың басында халықаралық жағдай күрт шиеленісіп, ірі мемлекеттер арасындағы бақталастық күрес күшейді. Бір-біріне қарама-қарсы Үштік Одақ пен Үштік келісімнің құрылуы басты империалистік мемлекеттер арасындағы күресті одан әрі үдетті. Екі империалистік блоктардың арасындағы күрес 1912–1913 жылдары Балқан соғыстарында жалғасып, ақырында бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуын тездетті. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына Германия мен Англия арасындағы антогонизм шешуші рөл атқарды. Бұл соғыстан адамзат ұрпағының 15 миллионы қаза тапты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бердібек Соқпақбаев балалар жазушысы ма?5. Темірлан соғыстары (14 ғасыр)
Тимур-е Ләнг, Ақсақ Темір, Әмір Темір сынды көптеген атпен танымал ұлы қолбасшы Темірланның кей деректерде өлген адамдардың бас сүйектерінен пирамида жасағанды ұнатқандығын оқуға болады. Әрине, бұл қаншалықты рас екендігін куәландырар тағы бір дерек жоқ. Иран, Кавказ елдері, Үндістан, Алтын Орда, Осман империясына дейін аяғы жеткен Темірлан (дұрысы Темирленг, «ленг» парсыша - ақсақ) ХІҮ ғасырдың екінші жартысындағы жер шары тұрғындарының 3.5 пайызының қанын төккен. Ол шамамен 15- 20 миллион.
4. Тайпиндер көтерілісі (1850-1864)
Төртінші орында тағы да Қытай. Әрине, таңданатын түгі де жоқ, халықтың көптігі тарихтың да көптігін тудырады. Бұл жолғы Цин империясындағы бүлікті тайпиндіктер өз тәуелсіздіктерін алу мақсатында жасады. Атауының «Ұлы тыныштық» мағынасын беретіндігіне қарамастан тайпиндіктер 1850 жылы шаруалар көтерілісі ретінде басталған бұл қақтығыста 20 миллион адамды жоғалтқан. Кей деректерде тіпті 100 миллион деп те көрсетіледі. Ал бұл дегеніңіз – жер шарының 8 пайызы.
3. Қытайдың Манчжур династиясын басып алуы
Атауы айтып тұрғандай, бұл – Қытай империясының Манчжур династиясын басып алу қақтығысы. 1616-1662 жылдары, яки 46 жылға созылған майдан 25 миллион адамның, яки жер шарының 5 пайызының жер жастануымен аяқталды.
2. Моңғол империясы соғыстары (13-15 ғасырлар)
Моңғол империясын тарихшылар Шыңғысхан мен оның ұлдарының басып алуларымен байланыстырады. Оның аумағы әлемдегі ең үлкен жерді алып жатыр. Дунайдан Жапон теңізіне дейін және Новгородтан Оңтүстік-Шығыс Азияға дейін. Бұл мемлекеттің Шыңғысхан тарапынан құрылуына кеткен 5 ғасыр бойына жер бетіндегі 30 миллион адамның қаны төгілген.
1. Екінші дүниежүзілік соғыс (1939-1945)
Кеше ғана өткендей болған бұл соғыстың дүние жүзіне үстемдік жасау үшін Германия, Италия, Жапония тарапынан басталғандығын айтудың аса қажеті де шамалы. 1933 жылы фашистік диктатура орнағаннан кейін Германия дүние жүзіне үстемдік жүргізу жоспарын жүзеге асыруға кірісіп, оны Италия және Жапония үкіметтері қолдаған еді. Соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80%-ы қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн. адам әскерге алынды. 50-55 млн. адам қазаға ұшырап, 4 триллион долар көлемінде шығын шықты.
Жер беті жаралғалы бір күн де соғыссыз өткен емес. Мемлекеттер арасындағы мен мемлекеттер ішіндегі қарулы қақтығыстарды қоя тұрғанның өзінде мылтықсыз майдандар мен билік үшін, тән тояты үшін болып жатқан есепсіз тайталастар жерді ауырлату үстінде. Алайда ешбір соғыс адамзаттың игілігі үшін жасалған емес. Тарих осы күнге дейін бір-ақ нәрсені дәлелдеп берді: бейбітшілік үшін соғыс керек. Бейбіт күннің ішінде де соғыстар ешқашан толастамақ емес екен.
Тәржімалаған Еділбек ДҮЙСЕН