Біз әженің жүзіндегі уайым әрлеген сан­-сапат әжім сызықтарындай адасып барып тоғысып, кейде өз­-өзіне сіңіп кетіп жатқан табиғат сызған тарау-­тарау жіңішке жол­дармен, балағын қарағанға жыртып қашқан желге ілесіп келеміз. Әудемде жүрек ұшын шымырлатқан, аңызға арқау, жоқ іздеген жалғыз­ — Кемпіртас.

Әлқисса, Кемпіртас аталатын тастан мүсінделген адам пішінін тудырған аңыздардың да, мұндай әдет-­ғұрып, діни наным-­сенімдердің де халық жадында сақталып қалып, ауыздан­ауызға тараған нұсқалары сан алуан. Табиғат та мейлінше әртүрлі формада сомдаған. Біздің сөзімізге негіз болғалы отырған Кемпіртас – Түпқараған ауданы орталығы саналатын Форт-­Шевченко қаласынан солтүстік бағытта 4,5-­5 шақырым қашықтықта орын тепкен. Алайда Баянауыл құшағындағы Торайғыр көлінен Жасыбай көліне тартылған жолдағы биік нүктелердің бірінен де Кемпіртас шыңы қылаң береді. Ондағы аңыз былайша баяндалады: «Әлімсақта жергілікті тұрғындар бұл жерде ерекше жылқы тұқымын өсіріпті. Бұл аттардың бағасы қымбат болып, оларды ең батыл жігіттер көздің қарашығындай күзетеді екен. Алайда соған қарамастан күнде бір жылқы жоғала беріпті. Түнде күзет қойылса да, бәрі ұры келгенше ұйықтап қала беріпті. Ақыры солардың арасынан жас батыр түнде ұйықтап қалмау үшін білегін кеседі. Түн ортасында жер айырылып, түрі қорқынышты кемпір шығады да, жылқылардың ішінен ең семізін таңдап, өзімен бірге жер астына әкетеді. Жас жігіт көргенін ақсақалдарға айтып, көбірек қару жинап, халқын сиқыршыдан құтқаруға бел байлайды. Жігіт түнде мыстанның келер уақытын күтеді де, жерден шыққан бетте алыса кетеді. Жігіт мыстанмен түнімен алысып, әбден шаршайды. Кемпір де әлсірейді. Өйткені таң білінісімен күші қайтатын. Таң атқан кезде кемпір жердің астына түсіп үл­гермейді де, күн шапағы жердің жігін жауып, мыстанның жарты денесі мен басы тасқа айналып қатып қалыпты. Үлкендердің айтуынша, жер бетінде жаманшылық көбейсе, ол тіріледі екен. Сондықтан тасқа ақ ниетпен келу керек».

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жасыл экономика — қоқыс сұрыптаудан басталады

Біздің Кемпіртас деп отырған табиғат тудырған тас мүсін тарих ғылымы тіліндегі, ескі түркі жазуында «блбл», орхон жазуында «балбық» деп таңбаланатын Кемпір­тастан мүлде бөлек. Мың сан аңызға бай Маңғыстау жеріндегі бұл тас мүсіннің де тарихы жоғарыда баяндалған халық жады тудырған наным-­сенімнен де өзге. Есбол Өмірбаевтың айтуынша, Монах шоқы ата­латын, жергілікті жұрт Кемпіртас атайтын табиғат туындысының аңызы суға кеткен жалғыз ұлын күте-­күте тасқа айналған кейуанамен байланыстырылады. Бук­вализмге салсақ, иә, дәл осылай. Алайда символизмді алғаш қолданған, жартастарға жан бітірген алғашқы петроглифтер табылған киелі мекеннің тұрғындарының жады мұндай үстірт аңызды тудырмаса керек. Сим­воликалық тұрғыда мұның берер мәні де ерек. Мұны мұхиттың, бәлки теңіздің бір ғана ұлу қабыршағынан пайда болғандай көрінетін Маңғыстаудың сан-­сапат ғасырлар сапырылысқанда ұмытқан жоғын, жоғалтқан уақытын, сылынып қалған кеспір­-келбетін, түр­-тұлғасын, бәлкім, айбын-­қайратын, рухын, топырақ  жамылған рухани жәдігерлерін жоқтап, сол күн қайта туардай, жоғы табылардай, өткені оралардай, өшкені жанардай болып, шексіз кеңістікке байланған шалқар айдынға көз талдыра қарап отырған, бүкіл түркіге киелі саналатын ана, кейуана бейнесіндегі мүсін десек те қателеспейміз. Мифологиялық танымнан әлсін­ әлі ажырап бара жатқан ұрпақты өз «үйіріне», өз «ауылына» қайтарудағы Кемпіртастың, оның таңғажайып аңызының тигізер рухани шапағаты зор.

Біздің азын-­аулақ сөз шығындап отырғандағы бар жазба­ғымыз да, бір көздеген мақсатымыз да осы. Қаншама уақыттар бойына өз сынын да, сырын да сол қалпында сақтап келе жатқан мүсін мемлекет қорғауына табиғи жәдігер ретінде алынса, Қазақстан бойынша ішкі туризмді Түпқараған ауда­нында дамытудың бір қадамы жасалады ғой дейміз.

Еділбек ДҮЙСЕНОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз