Қатардағы қарапайым оқырман, тыңдарман я көрермен қауым өзінің идеал тұтатын тұлғасының шығармашылығына деген қызығушылықты көбіне сол жанның жеке өмірінен іздеп жатады. Оның қандай тағамды жақсы көріп, қай әтірді себетініне дейін білуге құмар. Арнайы сол жандар үшін «Тәржіма» айдарының бүгінгі шығарылымына ұлы тұлғалардың фобиясы жөнінде аз-кем сөз шығарып көрдік.
Сюрреалист суретші, көп жанның табынушысына айналған Сальвадор Дали шегірткеден өлердей қорыққан. Ол өзінің «Құпия жазбасында» «Егер далада қалып, алдымнан шыққан шегіртке тура бетіме секірер болса, оның маған жанасқанына шыдап тұрғанша, түпсіз шыңырауға лақтырылғанды артық көрер едім», деп жазады. Ол өзі айтқан «қарғыс атқыр жәндіктен» қашып, өз кофесін үйдің шатырында ішкен. «Бүкіл өмір бойына ол менің қыр соңымнан қалмауын қояр емес, ақылдан адастыратын шығар» деген Сальвадор Далидің шегірткеден болған фобиясы секілді, өрмекшіден де қорқатындар бар. Олардың қатарында әйгілі Голливуд жұлдыздары Бред Питт, Том Круз, Скарлет Йохансон, тіпті өрмекші ретінде «Өрмекші адамды» ойнаған Гоби Магуайер де бар.
Николай Гоголь өмір бойына өзін тірілей жерлеуден қорыққан. «Өлі жандар» романының авторының бұл қорқынышы негізсіз де емес. Балалық шағынан бері «латергиялық ұйқымен» («ұйқы салы») ауыратын Гоголь бір ұйқы құшағына кеткенде 2 күн, тіпті 2 апта қозғалмастан жатады екен. Алайда Гоголь сол ұйқысының кесірінен тірі күйінде жерленіп кетті деген де қауесеттер бар. Қауесеттің көрігін қыздырған, кейін қайта ашылған Гоголь табытының қан-жоса болып іштен тырналуы. Айтпақшы, тірі жерленуден қорқып өткен жалғыз Гоголь ғана емес, Америка президенті Джорж Вашингтон, әйгілі композитор Фредерик Шопен, ертегіші Ганс Христиан Андерсен де бар. Вашингтон бірнеше мәрте өз туыстарынан өлгеннен кейін екі күн күте тұрып жерлеуін сұраған. Ондағысы, өлім кейпіндегі ұйқы ауруының кесірінен өмірмен қоштаспауға деген қамы болар.
Наполеон Бонапарт ақ түсті жылқылардан қорыққан деседі. Ақ түсті ат үстінде отырған императордың әйгілі картинасы - бар-жоғы сурет авторының қиялы ғана. Оның сонымен қатар мысықтан да фобиясы болған. Жылқыдан да, мысықтан да қорқуының себебі: бала кезде қалған комплекс. Аттан құлағанын айтпағанның өзінде, сәби кезінде үстіне мініп, кеудесін басқан мысық қалған өмірі бойына аталмыш жануарларды суқаны сүймей өтуіне себеп. Бұл деректерді оның қолбасшы жолдастары куәландырады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бейнеу — жастық бесігіНаполеон секілді дүниені дүрілдеткен қолбасшы, Рим патшасы жаужүрек Юлий Цезарь, ең қызығы, дауыл мен найзағайдан қорыққан. Мұндай қайшылық тудырған фобиялар қатарына Уолт Диснейді де жатқызады. Әлем назарына Микки Маусты ұсынған Дисней тышқандардан өлердей зәресі кеткен.
Психоанализм ғылымының негізін салған, атақты психотерапевт, психолог-жазушы Зигмунд Фрейд адамдардың көзіне тіке қараудан қорыққан. Дәл сол үшін өзінің пациенттермен жұмыс жасау әдісін ойлап тапқан. Сонымен қатар Фрейд 62 санынан қорыққан. Құдай атқанда, сол нөмірлі бөлмеге түсіп қалмауы үшін 62 нөмірден кем қонақүйлерге жатқан.
Саннан қорқудың тағы бір мысалын келтірсек. Әлемде 13 санынан қорқатын адамдар қатары көп. Ғылымда бұл ауру түрін «трискандекафобия» деп атайды. Бұл фобия түрімен танымал композитор Арнольд Шенберг пен жазушы Стивен Кинг ауырған.
Ұлы адамдардың қорқынышы туралы деректі мақаламызды Оноре де Бальзактың фобиясымен тәмамдалық.
Ұлы жазушы Бальзак үйленуден қорыққан. Ол ұзақ жылдар бойына тұрмыстағы әйел – Эвелина Ганскаяны ұнатқан. Алайда кезігіп жүргендеріне 10 жыл өткен соң Эвелина жесір қалады. Бірақ Бальзак оған үйленуден қашып 8 жыл жүргенімен, ақыры Эвелина үйленер күнді белгілейді. Бальзак уақытты кейінге шегере түсіп, ақыры, 5 айдан кейін өзі бақилық болған.
Тәржіман: Еділбек МЕДЕТҰЛЫ