султан үпі sultan upi

Әлқисса сіз оқығалы қолыңызға алып, шұқшиып отырған осынау мақалаға қадари халімізше азды-көпті деректер мен қайнаркөздер жинап жүргенімде аяқ астынан Гобби атты есіммен жолығыстым. Менің бұл есімді естігенде алғаш жадымнан тіріліп шыға келген жалғыз ғана дерек. Ондағысы драмалық баритон дауысты әйгілі опера әншісі, өзі режиссер Тито Гобби. Шекспирдің «Отеллосындағы» Ягоны сахнада сомдайтын бұл Гоббидің менің іздеген Гоббиіме үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын әлбетте салған жерден түсіндім. Алайда мұндағы айтпағым, төмендегі деректерге кезіккен соң көп жайтқа қаныға бастадым. Назар салыңыз.

Көне басылымдарда «Қожа Ахмет Яссауидің 1149 шәкірті болған. Соның ішінде бір жылда бітірген 363 шәкіртін Маңғыстауға жіберген. Солардың 362-­і Маңғыстауға жетіпті де, біреуі жете ал­май қалған екен. Оның есімі Гобби екен» деген аңыздар бар. Мұны жеткізуші Ізба­сар Шыртанов. Кейін «Аңыз түбі­ — ақиқат, миф түбі­ — тарих» деп өткен Серікбол Қондыбай осы аңызға келісім танытады. Бірақ қарапайым логиканы іске қоссақ…

Әлқисса Серікбол Қондыбай ізімен Гоббиді қазақша Құбби делік. Біз Сұлтан үпінің азан шақырып қойған есімі Құбби қожа екендігін білеміз. Әлбетте Маң­ғыстауда Сұлтан Құббидан өзге Гобби болуы әсте мүмкін емес! Алайда аңыз бойынша Гобби Маңғыстауға жете ал­май қалды емес пе? Ал Сұлтан Үпінің бейіті осында орын тепкен.

Хош. Маңғыстау жеріндегі діни орын­дар сопылық ілімді таратушы Қожа Ах­мет Яссауимен тікелей байланысты. Со­лардың бірі – бүгінгі сөзге арқау болғалы отқан Сұлтанепе (кей жерлерде Сұлтан үпі деп аталады). Алдымен оқырманға Сұлтанепе жайында аз­-кем мағлұмат бере кетсек.

Сұлтанепе (шамамен 12­-13 ғғ.)­ Құл­-Сүлейменнің немересі, оның есімі ел ішінде «Баһырғани» жазбасының иесі, сондай-­ақ су апатына тап болғандардың қорғаны ретінде де белгілі болған. Кезін­де адамдар «Сұлтанепе, сақтай гөр пендеңді су апатынан» деп сиынған екен.

Сондай-­ақ күн күркірегенде де осы кісінің атын атайтын болған (С. Қон­дыбай).

султан үпі sultan upi

Түпқараған ауданының Сарытас шы­ғанағына жақын маңда Сұлтан үпімен байланысты жерасты мешіті ілгеріде айтқан осы әулиеге тікелей қатысты. Тек қабатты ойып жасаған мешітте 11 бөлме бар. Оған саты тәріздес кіретін жол жа­салған. Төбесі ойық, мешіт іші тас ба­ғандармен тіреулі.

Бұл діни архитектура тұрғысынан көз қамасаңыз, сопылардың ғибадатхана­сына ұқсайды. Мешітті айнала қоршаған сағана там, сандықтас, қойтастар мен кремний сынықтары неолит кезеңінен хабар береді.

Бірді­-екілі басылым деректерінде Сүлеймен Бақырғанидың үш ұлы бол­ғандығы (Мұхамед қожа, Әскер қожа, Құбби қожа), олардың кенжесі Құббидың кейін келе ел арасында Сұлтан үпі ата­лып кеткендігі жазылған.

Әлбетте «Аңыз­ түбі – ақиқат» де­генімізбен де халық жады, жұрт құрметі тудырған аңыз-­әңгімелердің бертін келе пайда болғандары мен өзге бір аңыздың жұрт жадында ұмытыла келе өзге адам­ға телінуі немесе әдейі екінші адамға те­лініп, екі не одан да көп нұсқалардың пайда болуы ақиқаттың көмескі тартуы­на, көмулі қалуына «қызмет» қылады.

Оңтүстік Қазақстан облысында орна­ласқан Жылаған ата тарихи табиғи оры­нын біз өз болжамымыз бойынша Нұқ пайғамбардың түркілік варианты деп есептесек, жоғарыда айтылған Сұлтан үпі (Сұлтанепе) әулиеден де, ол туралы тарих тудырған аңыз, хикаялардан да Су патшасы Сүлейменнің түркілік вари­антын көруімізге болады. Маңғыстауға жетпей жығылған Гобби сопы мен ел ау­зындағы аңыздар бізді осындай қызық тұжырым жасауымызға әкеп итермелеп отыр.

султан үпі sultan upi

Әрине біз бұл мақалада өзіміздің жазу барысында пайда болған жорамалы­мызды ғана ортаға салдық. Мұның анық, қанығын тарихшылар мен зерттеушілер, дінтанушылар мен өзге де мамандар анықтай жатар. Алайда іске асыруға тиіс одан да өзге жайт бар. Осындай аңызға арқау болған тарихи­-мәдени ескерткішті жақсы қалпында сақтап қалуға тырысуы­мыз, сырт көзге ескілікті һәм жаңашыл күйінде көрсете алуымыз бек қажет. Біздің сөз шығындап отырғандағы мақсатымыздың түп негізі де осы. Ескерткішке назар аудару, қамқорлық танытуға итермелеу. Мешітке осыдан бұрын таза­лау жұмыстары 1980 және 2003 жылда­ры ғана жүргізілген. Мемлекет қорғауына мешіттің өзі 1982 жылы, ал сол мешіт орын тепкен табиғи сай 1993 жылы алынған. Тек «мемлекет қорғауында» деген атынан ат үркерлік жазбасы болғандығы ғана болмаса, оны шыр ай­налып қорғап жүрген даланың есірік желі ғана. Сосын… сосын мінажат етіп келген халықтың түзу ниеті ғана.

Еділбек ДҮЙСЕН,

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз