©
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл жүзеге асқан Маңғыстау экспедициясы нәтижесінің бергені мол болды. Анықтама үшін айтсақ, Маңғыстау жерінің жалпы аумағы – 16,67 млн. га, оның 12,7 млн. гектары жайылымдық жер болып есептелінеді. Халқының саны – 626793 мың адам (01.01.2016). Облыс орталығы – Ақтау, Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан әсем қала. Қазіргі кезде 200 мыңға жуық тұрғыны бар.
Ислам ЖЕМЕНЕЙ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор
Маңғыстау туралы қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбайұлы: «...Егер әуеге көтеріліп, Маңғыстау мен Үстірт үстін шарлап өтсеңіз, осы екі құрлықты жауып жатқан Тетис теңізінің толқындары мен су асты ағындарының ізі сайрап жатыр. Соларға қарап, осы құрлықты басып жатқан топан судың қалай тартылғанын айтпай-ақ аңғарар едіңіз», – деп пайымдайды.
Маңғыстау өлкесі тарих бойынша шығыс пен батыстың арасын да байланыс көпір іспеттес төрт жолдың торабы болған. Айбарлы табиғатымен жаудан қашқанға пана болған, шығыстан батысқа қарай сауда керуендеріне өткел болған өлке.
Түмен Балтабасұлы (1884-1957) ақын:
«Маңғыстау – үш қиянның өткен жері, Жерленбей жеті жұрттың кеткен жері. Иеленіп иесі кеткен жерді, Атамыз Адай мекен еткен жері»,– деп жырлаған. Маңғыстауға жерлене алмаған, анығы ұзақ уақытта табан тіреп, қоныстана алмаған жеті жұрттан кейін қазақ тайпасы адайлар мекен еткенін айтқан. Ал Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906) Маңғыстаудың тағдырын «Үш қиян» шығармасында батыстағы үш өңірмен ұштастырып жырлағанда да жеті жұртқа сүйенген.
Онда:
«Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – шаңды қиян, Маңғыстаудың бойы – майлы қиян, Адыра қалғыр, үш қиян! Үш қиянның ара бойынан Жеті жұрт көшіп жол салған»,–деп жырына жеті жұрттың Үш қиянды сүрлеу еткенін айтқан. Міне, Үш қиян – жеті жұрттың түйіскен өлкесі болып, талай жұрттың тарихына куәлік еткен жер.
Жеті жұрттың бірі – сақ тайпалары болған. Бұл жайында Францияда «тарих атасы» деп танылған Рене Груссе (1885–1952) «Дала императорлары» атты кітабында былай деп жазған:«Тарихтан бұрын не тарихтың бастауында тайпалардың көші батыстан шығысқа қарай болған. Онда ирантекті далалықтар грек тарихшылардың айтуынша «сит» не «сармат» аталған, ирандықтар «Сәка» деген тайпалар солтүстік шығысқа кеткен. Ал милад жылынан бастап «ғұн» тайпалары шығыстан батысқа қарай бет алып, Ресейдің оңтүстігі мен Венгрияда (Мажарстан) ұлы империя құрды». Соған қарағанда сақтар Иранның солтүстік шығысынан Маңғыстау өлкесінен Орталық Азияға көшкен. Сақтардың бұл тарихи көші б.з. дейінгі VII ғасырда болу керек деп болжаймыз. Оған айғақ Есікте табылған «Алтын адам» сол мезгілге таяу заманда болған. Сондай-ақ ғұн тайпаларының шығыстан Еуропаға қарай бет алуы, кейін ғұн мен сақ тайпалары қазіргі Қазақстан жерінде бір-біріне сіңісіп түрік қағанатын құрғандары кешенді түрде зерттеу нысанасына алыну керектігін сездіртеді. Сақтардан кейін мың жылға жуық Маңғыстау өңірінде тұрғын ізі көзге ілікпейді. Кейін ғұннан шыққан «хәзәр» қауымы тарих сахнасына шығады. Олар VI–X ғасырлар аралығында өздерінің мықты империясын бүгінгі Украинаның үлкен бөлігі, Ресейдің шығысы, Қазақстанның батысы және Кавказдың үлкен бөлігінде құрады. Кейін Каси тайпасының атымен Каспий аталған теңіз «Хәзәр» деп аталады. Сақтар мен хәзәрлер мекен еткен дәуірде Маңғыстау атауы тілге тиек бола қоймаған заман. Сақтар мен хәзәрлер Каспий теңізінің солтүстік шығысын мекендеген. Хәзәр тайпаларынан кейін Х ғасырдың бірінші ширегінде Маңғыстау өңіріне оғыз тайпалары келіп орналасқанша тұрғынсыз күй кешкен.
Ескерту: А) Ғұн тайпалары құрамынан шыққан түріктектес «Хәзәр» тайпасының аты парсылар тарапынан қойылған сияқты. Өйткені «خ» (х) таңбалы дыбыс түркі тілінде жоқ. Сол үшін Түркия түрікшесінде «Hazar» деп жазылып, дыбысталады.
[caption id="attachment_58009" align="alignleft" width="273"] Хәзәр теңізінің картасы Х-шы ғасырда Ибн Һуқылдың сызбасы бойынша.[/caption]Ә) Бүгінгі Каспий теңізінің аты бастапқыда «Һиркан» қазіргі Иран елінің солтүстігіндегі «Горган» қаласының бұрынғы атымен аталған. Кейін «Хәзәр» сосын «Гилан» Иранның солтүстігіндегі Каспий жағалауындағы «Гилан» правинциясының атымен аталып, бірде Қәзвин теңізі деп те аталған кез болған. XVI ғасырдан бастап «Каспий» аталып кеткен. Бірақ парсылар қазірге дейін «Хәзәр» деп атайды.
Б) Қазіргі шекара сызығымен Каспий теңізінің жағалау бойының Қазақстан үлесіне – 29% (2340 шм), Ресейге – 9% (695 шм), Әзірбайжанға – 20% (955,08 шм), Түрікменстанға – 21% (1200 шм), Иран Ислам Республикасына – 14% (850 шм) тиеді.
Түркияның Нәсейбин қаласында туып, кейін Бағдатқа қоныс тепкен географ ғалым Мұхаммед Әли ибн Һуқыл «ابن حقول» оғыз тайпалары бұл өңірге аяқ басқанда «Сиякуһ» (Қара тау) деп аталып келгенін жазған. Шәмседдин Мұхаммед ибн Аһмет Мұқәддеси (945-990) X ғасырдың екінші жартысында «Жәбәп бан кышла» деп атап кеткен. Бұл атаудың дәл мағынасы «Мың қыстау» деп болжанды. Ибн Һуқылдың жазбасына сүйенер болсақ оғыз тайпаларының арасында кикілжің туып, бір тобы Сыр бойынан Маңғыстау өңіріне қоныс тебуге мәжбүр болған. Осылайша Маңғыстаудың үшінші жұрты оғыз тайпалары болған.
Оғыз тайпаларынан кейін ілешала қыпшақ тайпалары Маңғыстауға келіп, Анадолыға өткен. Бұл жайында түркиялық ғалым Фаруқ Сумердің (1924–1995) тұжырымы бойынша XI ғасырда селжұқтардың билеушілері арасында алауыздық туып, бір-бірімен айқаса бастағанда «қыпшақтардың бір бөлігі Анадолыға қарай көшкен» деп жазған. Қазіргі уақыттың өзінде қыпшақ атымен Түркияның Сиуас өңірінде бір ауыл аталады екен. Ол қыпшақтардың сол көшінен қалған бір жұрнақ іспеттес. Сондай-ақ қыпшақ ізі қазіргі Әзірбайжанда бар. Әзірбайжанның Гәнже қаласында дүниеге келген шығыс жұлдыздарының қатарында әдебиет әлеміне кеңінен танылған ақын Низами Гәнжеуи (1141–1209) Аппақ атты қыпшақтың ару қызына ғашық болғаны да сол кездердегі қыпшақ көшінің батысқа қарай бет алғанына айғақ бола алады. Түркі тайпалардың Сыр бойынан батыс бағытында өтуіне «Үш қиян» өткел болған.
Қыпшақ ірі ұлыс ретінде Орталық Азияда өзіндік орынға ие. Қыпшақ ұлысының күшейгені соншалық тарих пен жағрафия бойынша ескі жазбаларда кеңінен аты аталған. Содан XI ғасырдың аясында парсы тарихнамаларында «Дәшті Қыпшақ» атауы қолданысқа енді. «Дәшт» парсы сөзі «дала» деген мағына береді. Дәшті қыпшақ (қыпшақ даласы) ұғымына келеді. «Қыпшақ даласының» территориясы анық. Бұл жөнінде Иран тарихшысы доктор Мүһсен Айдарния өз зерттеуінде: «Қыпшақ даласы өте кең аймақты қамтиды. Оған бүгінгі Арал көлінің солтүстік, шығыс пен батысының төңірегі түгелдей қамтылған. Егер Арал көлін орталық нүктесі ретінде есепке алар болсақ, қыпшақ даласы аталған көлдің батыс жағалауынан Қәзвин (Хәзәр) теңізінің шығыс жағалауына дейін, Арал көлінің солтүстік жағалауынан Ресейдің оңтүстік аймақтары мен оңтүстік батысына дейін жалғасып, ол жерден Баб Әл-һәдид (дәрбәнд) арқылы Әзібайжанға жалғасады. Арал көлінің шығыс жағалауынан Түркістан қаласына шейін созылады. Сондықтан бүгінгі елдер арасындағы шекара келісіміне қарағанда, қыпшақ даласының басым бөлігі Қазақстан топырақтарына тиісті болса, оның оңтүстік бөлігі Өзбекстанға қарасты Қарақалпақстан автономиясына және Түрікменстанның Хорез мінде орналасқан. Міне, Қыпшақ даласы осындай маңызды һәм стратегиялық мәнге ие жағрафиясымен Иран-Тұран елдерінің арасындағы байланыс нүктесі деп аталуға тиіс», деп жазады. Қыпшақтар туралы тарихи мәліметтер XI ғасырда тоғысып, қыпшақтардың Анадолыға көшуі оғыз тайпаларынан кейін ілесе жүзеге асқанын растайды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Құм көшкініне тосқауыл бар ма?Қыпшақ даласы XV– XVI ғасырлар аясында түгелдей Қазақ хандығының иелігіне өтті. Бұл жайында Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлат «Тарихи Рашиди» еңбегінде былай: «Қыпшақ даласына және Жошы хан ұлысына Бұрындық хан билік ететін. Жошы текті барлық сұлтандар оның бұйрығына бас иетін. Олардың халқының саны жаңбыр тамшыларының көптігімен теңесетін еді», – деп жазған. Осы дерекке сүйеніп, бүгінгі Қазақстан территориясы қазаққа бабаларынан қалған заңды мұрасы деп білеміз. Маңғыстауда қыпшақ тайпа ларынан кейін ноғайлар келген. Зерттеушілер: «Ноғай ордасы, Алтын Орда ыдырап, Ақ Орда әлсіреген соң Батыс Қазақстан жеріне іргелес аймақта пайда болған мемлекеттік бірлестік. Кейде Маңғыстау мен Хорезмге дейін алқапты қамтыған. Тек 1620-1630 жылдары торғауыт – қалмақтың орыс әкімшілігінің көмегімен Еділ мен Жайық, Ақ Қобан өзендеріне жайғасқаннан кейін Қазақ-ноғай арасы ашыла бастады», – деп тұжырымдаған. Олардың қорытындысына қарағанда ноғай мен қалмақ сондай аласапыран кезеңдерде өз кезегімен өтпелі уақытқа болса да Маңғыстауда аялдаған. Олардан заттық жәдігерлері аймақта қалмаған себебі – қалмақтар ұлыс ретінде орыстың билігіне тәуелді болғандары үшін елдік санадан жұрдай болып, тоз-тозы шығып, ұлт ретінде тарих сахнасынан біржолата жойылды. Ал Батыс Қазақстан өңірінде көршілес болған ноғайлардың бір қауымы қазірде қазақ халқының құрамында, қазақтың бір руы болып, Атырау мен Орал облыстарында өмір кешуде. Сондай-ақ Маңғыстау ауданына қарасты Қызан ауылында ноғайлардың тарихтан қалған іздері бар деп естідім. Ноғайлардың түркілер мен қазақ халқының саяси тарих пен мәдениетіне қосқан үлесі зор. Маңғыстаудың жетінші жұрты – түрікмен. Стратегиялық маңызды жағрафияда орналасқан Маңғыстау жеті жұртқа қоныс болғанымен соңында қазаққа бұйырды.
Тарихын тауып айтсақ еліміздің, Ата-ана кіндік кескен жеріміздің Ең байлық кереметтер танылған жер Бас қосып Байұлы, Әлім батасымен. Еншіге алынған жер, – деп жырлағаны тарихи хаттамасы болып табылады.
Қарағашты мазар ғимаратындағы күмбездің түрі ер азаматтың жыныстық мүшесін бейнелейді. Бұндай мазарлықты Ирандағы «Түрікмен Сахара» өңірінде көре аламыз. Бұл исламнан бұрынғы «Ер, Елдің тірегі» көзқарасқа байланысты қалыптасқан нанымнан туындаған образ болу керек. Өйткені көне дәуірде елді қорғауда ерлердің орны қоғамда ерекше болған. Ислам дәуірінен кейін күмбездердің үстіңгі жағы шошая бастап, мұсылмандардың әдебіне сәйкестене берген. Оны кейінгі ғасырлардағы Маңғыстау қорымдарынан анық байқаймыз.
[caption id="attachment_58010" align="aligncenter" width="460"] "Үштам" қорымы[/caption]Ақшора – Белтораннан үш шақырым жерде «Үштам» (XI-XIX) қорымы бар. Оның есімі мазарлықтағы үш ғимаратқа байланысты аталған. Ғимарат сөзі, кіші жүз қазақтарының арасында «там» деп айтылады.
«Кенті-Баба» (X-XVI) қорымындағы обалар ескі дәуірдің айғағы. Бірақ оның үстіндегі тастар түрлі себептермен тоналып, басқа кесенелерге пайдаланылған.
«Сұлтан үпі» жер асты мешіті (IX–XII ғ.ғ.) «су сұлтаны» атына теңелгені Қызыр мен Ілияс пайғамбарлардың діни хикаялар мен құранда олар жайлы айтылған әңгімелерге байланысты болуы ықтимал. Құран Кәрімде «Анһам–85», «Саффаат–123» сүрелер мен аяттарында Ілияс пайғамбарлар қатарында аталады.
Қызыр пайғамбардың кереметі: «ол барғанда құрғақ жер жасыл алаңға айналып кетеді екен». Сол себепті аты «Қызыр» (Жасыл) деп аталған. Адам баласы арасында ең ұзақ өмір сүрген Қызыр пайғамбар болған. Сондай-ақ Құран Кәрімнің Кәһф сүресі 66-82 аяттарда Қызыр туралы әңгімелер бар. «Түркі халықтары мифологиясында Қыдыр бейнесінің астарынан ислам дініне дейінгі және онан кейінгі кезеңде пайда болған екі діни-фольклорлық дәстүр түсінігі аңғарылады». Қазақ арасында да Қызыр жайлы жеткілікті хикаялар, аңыздар, мәтелдер бар. Мәселен: «Қырықтың бірі қыдыр», «келген қонақтың бірі қыдыр» сынды мақалдар бар. Қызыр – қазақтар үшін киелі «ата» мәртебесіне көтерілген әулие.
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданындағы Таушық кентінен батысқа қарай 25 шақырым жердегі қорымда орналасқан. Шақпақ ата үңгір мешітінің құрылысына байланысты анықтамалық тақтайшасында X–XII ғасырлар аралығы деген жазу тұр. Оның табиғи құрылымы, үңгірдің ерекшелігіне қарап, саралағанда ол мекенде мыңдаған жыл бұрынғы наным әрі тіршіліктің ізі сайрап тұрғандай сезіледі.
Шақпақ ата үңгір мешітінің үстіңгі жағына назар салсаңыз дара тұрған бір бөлме көрінеді. Ол ежелгі «отқа табынушылар» салған «отхана» болуы ықтимал. Сондай-ақ алдыңғы екі жағында үңгірлер бар. Ол үңгірлерде өліктерге арналған қабірлерді көресіз. Ол қабірлердің беті жай тақта таспен жабылған болса да мәйіттің сүйектері анық көрініп жатыр. Соған қарап, ежелгі нанымдар бойынша өлген адам көмілмейді. Олардың мәйітін құрт-құмырсқа, аң-құстар әбден жеп-бітіргенше ашық қалады да сүйегінің қаңқасын жай тақта таспен жаба салады. Бұндай мазарлар Әзірбайжанның Баку қаласындағы «Қыз қамалда» отқа табынушылардың мазары деп болжанған мекенде бар екендігін археолог ғалым Сапар Ашуров бізге әңгімелеп берді.
Шақпақ ата мешітінің үңгірі бәлкім Зәрдөшт (Заратустра) заманында қазылып, кейінгі ғасырларға жеткен. Содан соң ислам діні өлкеге келген кезде ондай ғибадатханалар құбылаға қаратып, мұсылман мешітіне айналдырған шығар. Бұл – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар заманында негізі қаланған бастама. Өйткені Меккедегі Ибраһим (ғ.с) мен Исмаил (ғ.с) салған кағба, ғасырлар бойы пұтқа табынушылардың ғибадат жасайтын пұтханасы болған. Бірақ Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың жеңісінен кейін «Алла үйі» болып, жаңа сипатқа ие болды.
Отпан тау Маңғыстаудағы Батыс Қара таудың ең биік нүктесі 532 метр биіктікте орналасқан. Оның орналасқан мекені Ақтау–Шетпе тас жолы бойындағы Жыңғылды ауылы мен Тұщыбек сана торийінің орта жерінде, жолдан 56 км сол жақ қапталында орналасқан. «Адай Ата - Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешенінде зиярат етуші қауымға қызмет көрсететін объектілер төменгідей:
1. Ақсарай. 2. Маңғыстау және жеті жұрт көрме залы. 3. Маңғыстау – маңғыстаулықтар көрмесі. 4. Қолөнер көрме залы. 5. Өлке жеріндегі ислам көрме залы. 6. Ана келбеті ескертіші. 7. 362 баспалдақ. 8. Адай ата кесенесі. 9. Адай ата елінің Ел таңбасы. 10. Көк бөрі. 11. Ұран оты. 12. Батырлар алаңы. 13. Ту төбе. 14. Қазақ халқының үш биінің ескерткіші.
Қызылқала қалашығы – Маңғыстау облысының Шетпе ауылында орналасқан X-XIII ғғ. археологиялық ескерткіштердің бірі. Әйгілі тарихшы, хадисші «Әззеддин ибн Әсир» (1186-1233) «Толық тарих» атты кітабында «Манқышлақ қала» дегені бар. Археологтар да ондағы құрылыс материалдардың X ғасыр төңірегіне тиесілі екенін болжап отыр. Әзірбайжанның археолог ғалымы Сапар Ашуров: «Қалай десекте бұл қаланың орнын әбден зерттеу керек. Бұл жер – нағыз археологиялық зерттеу жүргізуге сұранып тұрған мекен. Әсіресе қазіргі технологияның дамыған заманында арнайы аппараттар (геомакнитек) бар. Оның ерекшелегі жер астының екі метріне дейін не бар жоғын көрсете алады. Ол арқылы қаланың аумағын және құрылыс нысандарын анықтап алған соң археологиялық қазба жұмыстар жүргізу әбден тиімді болады, бұл аппарат Түркияда бар», – деді.
«Маңғыстаудың қара ойында шоғырланған Едіге және оның ұрпақтарына байланысты мола-ескерткіштер, Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеден оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде Қарауыл күмбет биігі деп аталатын аласа таулар сілемі бар. Қарауыл күмбеттің үстінде жергілікті ақсақалдардың айтуынша, ежелгі ноғайлыдан қалған қойылымдықтар жатыр. Сонда Едіге батырдың кесенесі бар. Бұл қай Едіге? Мұрын жырау мен тағы басқалар жырлаған Едіге туралы жеті жырдың кейіпкерінің кесенесі болуы мүмкін бе? Мені Едіге баһадүр жырының ноғай нұсқасының 1873 жылғы «парсының халық өлеңдерінің» жинағына еніп, жарық көруі қызықтырып отыр.
Маңғыстау ауданына қарасты Әуренде (Тасбас) ежелгі отқа табынушылардың ғибадатханасы болғанына қарап, Маңғыстау өлкесінің ежелгі тарихының зерттелуінің мәні арта береді.
Маңғыстау ауданы Ұштаған ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан Масат ата қорымынан 525 ескерткіш есепке алынған. Әңгімелерге қарағанда Масат атаның да басын кескен екен. Сонда Маңғыстау бүгінгі өмір үшін талай рет өліммен бетпе-бет келіп, өмірден өткендерге қорымдар тұрғызып, бұл өлкені иелену жолында талай өмір қиылғанын белгілеп бергендей көрінеді. Қазақтың белгілі этнограф ғалымы Серік Әжіғалидің қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрген «Маңғыстау мен Үстірт ескерткіштері» атты кітапальбомы зерттеушілер үшін құнды қайнар бола алады. Қабірдің бірінде оғыз тайпасын бастап Анадолыға өткен Қаи руының таңбасы ап-айқын нақышталып тұр.
Шопан ата мешіті Ақтау қаласынан 200 шақырымнан астам жерде, Сенек кенті аумағында орналасқан. Аңыз бойынша бұл жерасты мешітін Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті сопы Шопан ата салған. Ол мұнда тәлімгерлерінің аса таяғын тауып алып, сол жерде он бір жерасты камералардан тұратын мешіт тұрғызу шешіміне келді. Аңызда жерге шаншылған аса таяқтан ағаш өсіп, ол осы күнге дейін өсіп келеді, оның жасағанына 800 жыл болды. Шопан атаның мешітін аралап, аңыз-әңгімелерін тыңдағанда Ясауидің сопылық жолының жалғасын байқау қиын емес. Қожа Ахмет Ясауидің пірі Арыстан баб секілді Бекет атаның пірі Шопан ата болып, сопылық дәстүр өз жалғасын тапқан.
Бекет ата мешітінің айналасында зиярат етушілерге өте ыңғайлы етіп ғимараттар салынған. Ол жерде қонағасы беретін үлкен залдар, демалатын кең бөлмелер бар. Адамдарға жайлы етіп, ауласын таспен төсеп, барынша жасыл ағаштар егіп, саяжай жасаған. Онда зияратшылар шаң-тозаңнан мазасыз болмай тыныстай алады. Сопылық әлемінде «пір» деген сөз бар. Бұл сөз – рухани тазалықтықта ең жоғары сатыға көтеріле білген сопыға берілген атақ. Иран әдебиетінің жеті жұлдызының бірі болған Шейх Аттар Нишабури (1146-1221) Қожа Ахмет Ясауиге арнап «Түркістан пірі» поэмасын жазған. Сөйтіп, тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауи «пір» атанған. Ислам әлемінде бұл атақ жалғыз оған бұйырған. Ал қазақтар арасында жалғыз Бекет «пір» атанып кеткені кездейсоқтық емес.
Маңғыстаулық ақын Түмен Балтабасұлының жырына құлақ асайық:
Маңғыстау – Ер Бекеттің туған жері, Кетіріп кіндік қанын жуған жері. Кіндігін қожа-молда қолмен кесіп, Тамырын тарамыспен буған жері. Бекетке туғаннан-ақ дұға дарып, Қастасқан жауыздарды қуған жері. Шайхының шарапатты дұғасымен, Тентекті тек жүрмеген тыйған жері. Халқының қара менен хандары да, Қаптаған қалың дәулет малдары да, Маңғыстау – үш түбекке сыйған жері.
«Сисем ата қорымы» – «Маңғыстаудағы ең ірі және ежелгі қорымдардың бірі. Сайөтес елді мекенінен 30 шақырым солтүстік бағытта, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан».
Қорымның негізгі бөлігі Сисем ата қабірінің айналасында топтасқан. Ел аузындағы аңыздарда Сисем ата – орта ғасырларда оғыз-қыпшақ кезеңінде ғұмыр кешкен ислам дінін алғашқы уағыздаушыларының бірі. Сисем ата тас қабірінің қалдықтарынан өзге қорымдағы тас дулыға мүсіні және қару-жарақ бейнеленген құлпытастар да сол кезеңдерді меңзейді. Себебі ол өлкедегі ноғай-қыпшақ дәуірінің әскери саяси оқиғаларымен байланысты. Сисем ата қорымы ауқатты және шонжарлардың мазарлығы екендігі де айтылады. Бұл қорымда да оғыз тайпаларының Қаи руының таңбасы бар.
Сисем ата қорымы – ежелгі дәуірдің ес керткіштерімен қабысып жатқан мазарлық. Сисем ата мазарлығында тастары тоналып, қираған обалар көзге ілікті. Осы жайында археолог Сапар Ашуров: «Менің таң қала тыным, осы қорымда бірдебір обаға экс перимент жасалмаған. Обалардың тастары тоналып, басқа мазарларға пайдаланғаны анық байқалады», – деп ой айтты.
Қараман атаның жерасты мешіті Маң ғыстау ауданы, Шетпе кентінен 35 шақырым оңтүстікбатыс бағытында Қандыбас қыс тағының батысында 5 шақырым жерде ор наласқан. Бұл мешіттің біз көрген басқа ме шіттерден өзгешілігі – мешіт тегіс жердің астынан қазылып салынған.
Өлкетанушы Нұрлан Құлбай: «Қараман ата – Есен атаның баласы, Шопан атаның немересі. Ал басқа аңыздарда Қараман ата мен Есен ата Шопан атаның балалары делінеді», – деп түсіндірді. Маңғыстаудың ақиқаты тек аңыз-әпсананың парақ беттерінде ғана жатталып қалғандықтан, оның оқылуы оңай емес.
Қараман атаның мешіті «әділетхана» болған. Ел ішінде даудамай туып, шиеленісіп, шешімін таппай жатқан жағдайда осы мекенге келіп, келісімге келуге ел сенетін адал, пәк атаның уәжіне жүгініп, өзара келісімге келетін болған. Сондықтан бұл орын заман барысында әділдіктің символына айналған. Сол себепті күні бүгінге дейін адамдар өзара уәделеріне адал болып қалу үшін осында келіп, «анттасып» кететін үрдісті сақтаған. Осылайша Қараман ата – ел арасында әділет символы болып қабылданған тарихи тұлға.
Маңғыстаудың мешіттерін екі топқа бөлуге болады. Олар: 1. Жерасты мешіттер: Оғланды жерасты мешіті, Сұлтан үпі жер асты мешіті, Масат ата жерасты мешіті, Қараман ата жерасты мешіті, Шопан ата жерасты мешіті. Бұлар – ислам діні өңірге әбден еніп, кеңінен тараған кезге дейін мұсылмандар тарапынан салынған мешіттер. 2. Үңгір мешіттер: Бекет ата, Шақпақ ата мешіттері үңгір мешіттер. Үңгірлер кейде табиғи түрде пайда болған. Ал кейде қолдан қазылған түрі бар. Мәселен, Шақпақ ата үңгір мешіті тау іргесінде ғибадатхана үшін қазылғанға ұқсайды. Сосын ислам дінінің өлкеде таралуымен мешітке айналған.
Маңғыстау даласына саяхат жасағанда соның барын елемей, жолыңды жалғастыра бергің келеді. Маңғыстау даласында жолға белгі болар нысаналары да бір-біріне ұқсап ақ тау мен ақ төбеге, аппақ алқаптарға айналып, төңіректі қоршап жатқандығы шексіздікке етелегендей бір ізден бір ізге жетуге ынталандырып, сүйген жардың құшағына еніп кете бергісі келетін сезімге бөлейді ғашық ізденушісін. Сонда Маңғыстау тек сүйгендерге ғана құшақ ашатынын ұғасың. Маңғыстауда адам адамды сүйе білсе, тұрақтай алады. Маңғыстауда адам табиғатты қадір тұта білсе, оның құшағына ене алады. Маңғыстауда жаратқанның бар құдіретіне илана білсе, өмірге құшырлана құштар бола алса, адам, табиғат, жаратушы үштігі махаббат аясында бір-біріне ұйып, өмірге ұйытқы болып келе жатқан шындықты көзге, көңіл мен санаға құйып тұрады.
Маңғыстаудың орын тепкен жері Тұран мен Иран елдерінің тоғысқан тұсы болғандықтан оның тарихи орнын Тұран-Иран кеңістігінен бөлек зерттеп, зерделеуге де бола қоймас. Бұл мақаланы жазу үшін автордың Қасиетті Кітаптан бастап көптеген әдебиеттерді пайдаланғанын ескерте кеткеніміз жөн болар.
Ислам ЖЕМЕНЕЙ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор
Көрнекі сурет сайттың архивінен