©
Биыл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1 шілде – Ұлттық домбыра күні деп белгілегені белгілі. Міне, бұл қуанышты жаңалық біздің рухани жаңғыру жолындағы жаңа бір белесіміз, өнерді өрістетудің жарқын көрінісі болып тұр.Қазақ халқын рухани тұрғыдан жігерлендіріп, күш-қуат беретін – оның өнері. Өнердің ажырамас бөлігі – домбыра. Өнер адамының серігі де – домбыра. Өмірде қазақ халқымыз жан дүниесінің сезімін, көңіл толқынын домбыра үні арқылы жеткізіп, арман, мүддесін аңғартқан. Ұшқыр қиял-ойын ұштаған да домбыра.
Домбыра тарихы тым тереңнен тін тартады. Ол жөнінде сан алуан аңыз-әңгімелер көп кездеседі. Соның бірі – «Ақсақ құлан» күйінің шығу тарихы. Ертеде Жошы ханның баласы нөкерлерімен аң аулауға шығады. Олар саятта құланның үйіріне кездескенде ханның баласын абайсызда құландар таптап кетіп, қаза болады. Қапелімде әбігерге түскен уәзірлер ханға баласының қаза болғанын естіртудің амалын іздеп, көп ойланып, қиналады. Ақыры соңында ауызекі сөзбен жеткізуге батылдары бармай, "Не болса да, домбыра сөзімен жеткізейік" деген тоқтамға келеді. О заманда домбыра «сөйлейді» екен. Елге хабар салып, шебер домбырашыны іздеп тауып, болған мән-жәйді түсіндіреді. Атақты домбырашы ханның алдына барып, домбыраны безілдетіп қоя бергенде хан ақырып, тоқтатқан екен. «Әй, мына домбыра маған; «Уа, Жошы хан, Жошы хан, құланды қуып балаңыз, ажалы болды осыдан» деп тұр ғой», дейді де, уәзірлеріне қарап: «Қане, домбыраның көмейіне қорғасын құйып, үнін өшіріңдер» деп әмір берген. Сол сәтте-ақ хан жарлығы екі етпей орындалып, домбыра «сөйлемейтін» болып қалған екен деген аңыз әңгіме бар.
«Ақсақ құлан» күйі дегеннен шығады, қазақтың көрнекті ғалымы Ә.Марғұлан Ленинград университетінде білім алып жүрген студент кезінде 1926 жылы өнер зерттеуші экспедиция құрамымен бірге Маңғыстауға келіп, ауыз әдебиетінің үлгілерін жазып алады. Сол сапарда адай ауылдарындағы бір үйдің сыртына келе бергенде үй ішінен «Ақсақ құлан» күйінің әуенін естіп, құлағын түреді. Күй аяқталғанша тапжылмай тыңдаған этнограф-ғалым естеліктерінде: «Мен басқа өңірден де «Ақсақ құлан» күйін тыңдап жүргенмін. Бірақ әлгі Маңғыстау елінде орындалған күйдің әуені мен саздысарыны, домбырашының орындау шеберлігі маған өзгеше әсер етті» деп, жазады. Естелікте домбырашының есімі аталмаған.
Әлімсақтан өнер қонған өлке – Маңғыстауда күйшілер керуені жалғасуда. Маңғыстаудың күйшілік өнерінің көш басындағы түрікменнің Мақтымұлы "пырағымен" күй тартысып, бәсекелескен Абылдан бастап, Есір Айшуақовты, Құлшарды, Өскінбай Қалмағанбетұлын, оның өнерін жалғастырған баласы Мұрат Өскінбайұлын, Жолжандыдай дәулескер күйшілерді атауға болады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзендегі бокс үйірмесі: мәселенің түйіні қалай тарқамақ?Бұл өнер майталмандарының қай-қайсысы да домбыраны «сөйлетіп», шанағынан шалқытып, күй төккендер. Осындай домбырашылардың көңілін тербеп, жүрегін толқытып, жарыққа шыққан күйлер қазірге дейін өнер сахнасынан түспей орындалып келе жатыр. Бұл – халқымыздың баға жетпес құндылықтары. Тыңдарманның ойын да, бойын да сергітіп, ерекше бір көңіл-күй сыйлайтын домбыраның сазды сарыны мен әуендері.
Қазіргі кездегі аймаққа танымал атақты домбырашы Сержан Шәкіратовты айтпағанның өзінде домбырашы жастар көп. Десек те кейбір жастарымыздың заманның ағымына қарай ертеден келе жатқан тұмадай тұнық күй әуенін эстрадаға бейімдеп, өзгертіп жүргендері көңілімізді қынжылтатыны жасырын емес. Домбыра шанағынан шыққан мөлдір күй әуеніне ештеңе жетпейді ғой, шіркін?!
Домбыра – қазақтың асыл мұрасы. Домбыра – мәдениеттің мәйегі. Ойын-сауықтың сәні. Көңіл-күйдің пернесі екендігін ұмытпайық, ағайын!
К.ШЕРУБАЙҰЛЫ