Жаңаөзен қаласының «Арман» сауда үйінде орналасқан балалар мен жасөспірімдер спорт қоғамы «РИНГ» және №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс үйірмесінде былғары қолғаппен жұдырықтасу тәсілін меңгеріп жүрген балалардың ата-аналары наразылығын айтып редакциямызға хабарласты. Олардың түйткілді мәселесі 1995 жылдан бері қолданыстағы спорт залдың жатығуға жарамсыз деп танылып, жабылып қалуы болып отыр. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында әр тараптың, жауапты мекемелер мен арызданушылардың пікірлерін тыңдап, оқырманның назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ата-аналар атынан редакциямызға мәселенің шешілуіне оң ықпал етуімізді сұрай келген Жәмилә Алдабергенова өзін 8 жасар Жалғас Алдабергеннің анасымын деп таныстырды. Ұлы үйірмеге 2018 жылдың алғашқы айынан бара бастаған. Жақында Ресей елінде өткен халықаралық жарысқа қатысып, ІІ жүлделі орынды иеленіп қайтқан. Ендігі күні Жәмиләні жақын маңдағы жаттығатын залдың жоқтығы, қаншама баланың спортқа деген қызығушылығы басылып, не ата-аналар тарапынан баласын қаланың басқа бөлігіне жіберуге жүрексініп, армандарға балта шабылмай ма деген ойлар алаңдатады.

— Балаларымыз барып, жаттығатын спорт залдың жарамсыз деп табылғанына 1 айдан аса уақыт болды. Қазіргі таңда балаларымыз «Шұғыла» шағынауданы 34-ші үйінің маңында орналасқан футбол алаңшасында далада жаттығып жүр. Осы уақытқа дейін жұмыс жасап, қаламыздан қаншама чемпиондарды, спорт шеберлерін шығарған мектептің орналасқан ғимараты жаттығуға жарамайды дегенге қапалымыз. Өйткені бұл үйірмеге жақын маңда орналасқан «Шаңырақ», «Шұғыла», «Рахат» шағынаудандарында тұратын балалар келіп қатысады. Үйірме қаланың басқа аумағына көшірілетін болса, ауа-райының қолайсыз күндері, қыстың аязында, қарлы, жаңбырлы уақыттарда балаларымыздың барып-келуі қиындамақ. Алыс жерге жіберуге де қорқамыз. Бұл мәселе бойынша 30-ға жуық ата-ана қол қойып, қала әкіміне, облыс әкіміне өтініш хат жолдадық. Жауабын күтудеміз. Біздің талабымыз үйірме ешқайда көшірілмей, жөндеу жұмыстары жалғастырылып, балаларды «Арман» сауда үйіндегі спорт залда қабылдау жалғасса дейміз, — дейді Ж.Алдабергенова.

«РИНГ» балалар мен жасөспірімдер спорт қоғамы 1995 жылы негізі қаланып, 23 жылдан бері «Арман» сауда үйінде жұмыс жасап келеді. 1999 жылы қаламызда №2БЖСМ құрылуына орай бокс үйірмесі жұмысын бастап, 2016 жылға дейін ғимаратты ақысыз түрде қолданып келген. Сол жылы наурыз айының 21-нен бастап «Арман» сауда үйі ЖШС директоры І.Кеңесов пен №2БЖСМ директоры Берік Ахметовтың арасында екі жақты келісім жасалып, жыл соңына дейін спортзал жалға алынады. Келісімшартта көрсетілгендей 405 шаршы метр аумақ айына 749 250 теңгеге берілген, жалпы құны 6 743 250 теңгені құрайды. Бірақ Б.Ахметовтың айтуынша сауда үйінің директорымен спорт залды жалға алу шарты жасалмастан бұрын қазіргі заманның талабына сәйкес жаңартылып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген уәдесі болған.

— Бұл келісімшарт №2-ші балалар мен жасөспірімдер мектебіне басшылыққа келген уақытымда жасалды. Маған бокс жаттықтырушы, кәсіпорынның жұмыскері Ақылбек Теміров «далада қалдырайын деп жатыр, мәселені шешуге көмектес» деген өтінішімен келді. Қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің сол уақыттағы басшысы Бақытжан Ізжановпен келісе келе, І.Кеңесовпен жалға алу туралы келісімшарт жасалды. Алайда талапқа сай күрделі жөндеуден өткізесің деген де шарт болды. Бірақ келісімшарт аяқталған уақытқа дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Сол себепті де 2017 жылдан бастап ғимаратты жалға алудан бас тарттық, — дейді Б.Ахметов.

2017 жылдың 12-ші сәуір күні «Арман» СҮ ЖШС директорлығына келген Ұ.Даяубаева атынан №2БЖСМ мен қалалық спорт және дене шынықтыру бөліміне Ескерту хат жіберіледі. Ол хатта 2016 жылғы келісімшарт жыл соңына дейін жасалғанын, 2017 жылдың басынан бастап ешқандай келісімсіз ғимаратты пайдаланып келе жатқандығы айтылып, келісімшартты жалғастыру, не 10 күннің ішінде ғимаратты босату сұралады.

— Бұл уақытта біздің сауда үйінің басшылығына қойған талабымыз орындалмады. Ғимараттың спорт залы дене шынықтыру және спорт объектілеріне қойылатын талаптарға сай еместігі, атап айтар болсақ, жылыту жүйесі радиаторлары терезе астындағы қуыстарда орналаспаған, торлармен жабылмаған, терезелер және жарықтандыру аспаптарында қоршау құрылғылары көзделмеген, спорт залдың едені ағаш болғанымен, беті тегіс емес, саңылаулар, ақау көп, киім шешетін орындары киім ілгіштер мен орындықтармен жабдықталмаған, дәретханалар мен жуыну бөлмесі талапқа сай емес, өте нашар жағдайда, залдың температурасы, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы, желдету, шудың тиімділігі қалыпты еместігі ауызша да, жазбаша түрде де ескертілді. Жалпы, аталмыш бокс үйірмесі қаламыздың ыңғайлы аумағында орналасқандықтан басқа орынға көшірмей, бокстан жоғары санатты жаттықтырушы Ақылбек Теміровтың маңдай тері мен ерен еңбегін ескеріп, олардың жылы орнынын суытпас үшін біршама жұмыстар жасалып, келісімдер жүргізілді. Нәтижесі оңынан болмады. Өткен жылдың күз айларында ғимарат иесі тарапынан шамалы жөндеу жұмыстары жүргізілгендей болды. Дегенмен де келісімшарт барлық талапқа сай болған кезде ғана жасалатыны қаперлеріне берілген болатын, — дейді Б.Ахметов.

Туындаған мәселе аясында талап қойып, жергілікті билік тарапынан шешімді жолдарын қарастыруды сұраушылар қатарында тек қана ата-аналар ғана емес, бокс секциясының жаттықтырушысы Ақылбек Теміров те бар. Ғұмырын тәлімгерлік жолға арнаған жаттықтырушы өзі негізін қалап, жұмыс бастаған ғимараттың әрбір бұрышы ыстық, қоғамға жеткізер қимастық сезімі бар екенін аңғартты.

— Өткен ғасырдың 95 жылы қаламыздағы «Арман» сауда үйінде орналасқан спорт залға ең алғаш рет «РИНГ» орнаттым. Сол кездегі қала әкімінің 15.02.1996 ж № 25 өкімі бойынша қалалық білім бөліміне қарасты жасөспірімдер бокс секциясы 1996 жылдың наурыз айында ресми түрде жұмысын бастап, осы күнге дейін көптеген қиындықтарға төтеп беріп, жұмысын үзбей бала жаттықтырып келеді. Табандылықтың арқасында шәкірттеріміз көптеген қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, жетістіктерге жетті. Бокс залының осы күнге дейінгі жөндеусіз жағдайына қарамастан жеткіншіктердің де, олардың ата-аналарының да бокс спортына деген құштарлықтары артпаса, кеміген жоқ. 2017 жылдан жөндеу, жалға алу мәселелеріне қатысты басталған дау, ақыры соңы ғимаратты босатумен аяқталды. Ағымдағы жылы 28 ақпанда №2БЖСМ құрған комиссия бокс залына тексеріс жүргізіп, спорт зал талапқа сай келмейтіндігі жөнінде шешім шығарды. Келісімшарттың жасалмайтындығына көзі жеткен жалға беруші тарап, бокс залын босатуымызды талап етіп, маусымның 5-інен бастап ғимараттан шығуға мәжбүр болдық. Сонау 1995 жылдан күні бүгінге дейінгі жабдықталған шаршы алаң, груша, басқа құрал-жабдықтарды әлі шешіп, жинақтап алған жоқпыз. Бірақ санаулы күндерде толықтай босатуымыз сұралуда. Далада қалғанымда қаншама жыл жасалған еңбек, маңдай тердің бекер болғаныма дедім, — деді А.Теміров.

2018 жылы ақпанның 28-де №2БЖСМ директоры Б.Ахметов бекітуімен директордың о.т.ж.о. Н.Еділова, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Ж.Тачкараева, әдіскер Н.Эдилов, инспектор А.Б.Сырлыбаев, медбике А.Сатыбалдиевадан құралған комиссия спорт мектебінің Шұғыла шағынауданында орналасқан «Арман» сауда орталығындағы бокс залын оқу-жаттығу жұмысын тексеру барысында қала құрылысының архитектуралық талабына және Ұлттық сараптама «СЭС» талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталған. Спорт залдың бөлме температурасы өте төмен, жаттығушы ұлдар мен қыздар киім ауыстыру бөлмелері, арнайы киім салғыш сөрелер, жуынатын бөлмеде және дәретханада ыстық, салқын судың жоқтығы, үйірме қатысушыларына жағдай жасалмауына байланысты актіге қол қойған. Ал, бұл тұрғыда комиссия құрамы мен олардың тексеріс жұмысына көңілі толмаған жаттықтырушы А.Теміров қалалық архитектура, СЭС, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қатыстырылмағандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ жуыну және дәретханада судың үздіксіз жүріп тұрғандығын жеткізді. Бұл жайтқа спорт залдың жағдайымен танысу барысында көз жеткіздік. Бірақ-та спорт залға күрделі жөндеу жұмысы қажет емес дегенді аңғартпайды.

— Ғимараттың жарамдылығын тексеру бойынша арнаулы мекемелерге хат жолданып, тексеріс жұмыстары жүргізілетін болды. Жоғарыда айтып кеткенімдей, ешкімді үйренген жылы орнынан қозғау ойымызда жоқ. Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мақсатында «Арман» сауда үйінің бокс залын толықтай стандарттарға сай болмай жалға ала алмаймыз. Өйткені бізге адам өмірі маңыздырақ. Есесіне жаңа оқу жылынан бастап бокс үйірмесін жаттықтырушыларымен бірге барлық жағынан талапқа сай келетін басқа ғимаратқа көшіретін боламыз. Бұл жайлы жаттықтырушыларға ескертілді, — деді Б.Ахметов.

Жалпы, аталмыш спорт үйірмесіне жаттықтырушы А.Теміровтың айтуынша 70-80-ге жуық бала мен жасөспірім қатысады. Күз, қыс мезгілдерінде бала саны көбейсе, ал жаз айларында бала саны 20-30 ға дейін азаяды. Қазіргі таңда спорт үйірмесінің балалары «Шұғыла» шағынауданында орналасқан футбол алаңында жаттығуда. Таңертеңгі 9 бен 12-ге дейін кіші балалар жаттықса, ал 3-7 аралығында жасөспірімдер жаттығады.

Ербол Байжанов, №2 орта мектептің 8-ші сынып оқушысы:

— Бокс секциясына қатысқаныма 4 жылдай уақыт болды. Қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, 1, 2-ші орындарды иелендім. Өскенде Генадий Головкин секілді мықты боксшы болғым келеді. Жаз айынан бастап далада жаттығып жатырмыз. Аптасына үш рет таңертеңгі уақытта келемін. Арнайы жаттығулар жасаймыз, доп тебеміз.

— Жалпы, аталмыш бокс залы — жеке тұлғаның меншігінде. Осы уақытқа дейін сол жақта жаттығып келген, соңғы талаптар бойынша мектеп балалардың оқу-жаттығу өткізуіне жағдай жасауы қажет. Ал, бокс залы санитариялық талаптарға сай келмейді. Жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімдер, уәде болғанымен әлі күнге дейін талапқа сай келетін күрделі жөндеу жасалмаған. Қазіргі таңда, бұл мәселе бойынша №БЖСМ директорына хат жолдап, толықтай ақпарат алудамыз, — дейді Жаңаөзен қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Мұрат Алиев.

Қорыта келе, Жаңаөзенде «Арман» сауда үйінің бокс залынан бөлек, Рахмет Өтесінов атындағы дене шынықтыру және спорт кешені, «Энергетик» спорт кешені және мұнайшылар автостанциясының жанында барлық жағдайы жасалған, стандартқа сәйкес жабдықталған бокс үйірмелері жұмыс жасайды. Б.Ахметовтың айтуынша, аталмыш үйірме балалары мен жаттықтыушылары Рахмет Өтесінов атындағы дене шынықтыру және спорт кешеніне көшірілмек. Ал, бұл кешенге балалар қаланың әр бөлігінен, қала берді қала маңында орналасқан Теңге ауылынан да қатынайды.

Жазира АҚБЕРГЕНОВА

Айтолқын МЕҢДІБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз