Түпқараған ауданындағы Баутин ауылында балық өңдеу зауыты салынады. Жобаны «Каспий Алтын Балық» ЖШС жүзеге асырады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақов мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, жоба 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде балық (килька, сазан, кефаль тб.) ауланып, халыққа қолжетімді бағамен сатылады. Маусым айында кеме балық аулауға шығады. Оған қоса шағын 60 қайық орналасатын кеме тұрақтары салынады.
«Алғашқы кезеңде 25 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. 2-кезеңде балық өнімі консервіленіп, ысталады. 3-кезеңде булау әдісімен балық қалдығынан жемдік ұн шығарылады. Зауыт толық іске қосылғанда 50 адам жұмыспен қамтылмақ», - деді Айбек Қосуақов.