Бейнеу ауданына қарасты Сыңғырлау ауылында қазақтың халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай танымдық кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуға кітапхана, мұражай қызметкерлері мен оқушылар қатысты. Жиының мақсаты — ұлы суретшінің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттап, жастарға таныстыру.
Әбілхан Қастеев қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындылардың авторы.
- Әбілхан Қастеев - қазақ бейнелеу өнерінің атасы. Оның ұлттық колоритке толы өміршең суреттерінің мағынасы мен мазмұны әлі күнге дейін өзектілігін жоймай, түсінген жанды отансүйгіштік пен жан тазалығына жетелеп тұрады. Қастеевтің еңбегі мен жүріп өткен жолы әрбір өнерсүйер жасқа темірқазықтай жол көрсетуі керек, – деді Сыңғырлау ауылдық клубының мәдени қызметкері Салтанат Бөкенбаева.