Бейнеу аудандық мәдениет үйінде қазақтың халық жырауы, ақын, сазгер Сүгір Бегендікұлының туғанына 130 жыл толуына орай «Сүт сәулелі Сүгір саз» атты мәдени-сазды, тағылымды кеш өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстаулық эпик-жырау, «Қырымның қырық батыры» эпостық жырын бүгінгі ұрпаққа жеткізушілердің бірі Сүгір Бегендікұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен кешті белгілі ақын Сәрсен Қадір жүргізіп, өлке тарихы мен ақынның шығармашылығынан сыр шертті.
Жиынға аудан әкімі Рахымжан Шалбаев, бірқатар лауазымды тұлғалар, ардагер ақсақалдар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Сондай-ақ жыраудың немересі Әліпбай Өтелгенұлы да Жаңаөзен қаласынан арнайы келіп кешті тамашалады.
- Қазақтың жырлары тұнып тұрған тәрбие. Тарих, шежіре, аңыз, ерлік, рух, жалпы қоғам тіршілігін реттеп отыратын жазылмаған дала заңдары, бәрін де осы қазақтың жырынан таба аласыздар. Қазақ даласының әр өңірінің жыраулық мектебі бар. Маңғыстау өңірінің жыраулық мектебі сонау бағзы замандардан бастау алып, алтын шынжыр тарихымызбен астасып жатқан өзіндік ерекшелігі бар даңғыл жол тәрізді. Сол мектептің көрнекті өкілі - Сүгір Бегендікұлы. Бүгінгі таңда эстрада жұлдыздары жыраудың термелерін заманауи үлгіде орындап, мұхиттың арғы жағындағы көрермендерді тамсандырып жүр, - деді өз сөзінде Рахымжан Шалбаев.
Жыр кешінің шымылдығы мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған шағын көрінісі мен жыршы Амангелді Сәңкібаевтің орындауындағы «Сүгірдің қоштасу жырымен» басталды.
Жиында белгілі жыршы, республикалық сайыстардың жеңімпазы Бердібай Тойғұлиев Сүгір Бегендікұлының «кесікбас домбырасымен айтысын» орындап берді. Ауданымыздың жас талап өнерпаздарының орындауында дәстүрлі ән айтылып, күй тартылды. Жырға сусындаған қалың көрермен қауымы ризашылықпен тарап, өнер иелеріне алғыстарын білдірді.