Аудан орталығында орналасқан дене шынықтыру спорт кешенінде алғаш рет 2012-2019 жылы туылған жасөспірімдер арасында көркем гимнастикадан ашық біріншілік өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ашық біріншілікке арасынан Ақтау, Жаңаөзен, Мұнайлы, Бейнеу, Боранқұл құрама командаларынан жүз елуге жуық спортшы қатысып, шеберлігін көрсетіп, сынға түсті. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Таңат Нұрмағанбетов және аудандық жасөспірімдер мен балалар спорт мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Нұрболат Ережепов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы директоры Гүлзира Ақжігітова сөз сөйлеп, федерация Президенті атынан Боранқұл және Бейнеу ауданының көркем гимнастика үйірмесінің тренерлеріне спорт формасын табыс етті.
Жылдамдығымен, шеберлігімен, өнерімен тәнті еткен спортшылар арасында жарыс нәтижесі бойынша Ақтау қаласының құрама командасы бірінші, Мұнайлы ауданы екінші, Бейнеу ауданы үшінші орынға ие болды. Жүлдегер спортшылар дәрежелі дипломмен марапатталды.
Бейнеу ауданында көркем гимнастика ата-аналардың және аудандық жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің директоры Нұрлыбай Ауданбаевтың өтініші бойынша 2023 жылы наурыз айында ашылды. Алғаш рет аталған үйірмеге он бала қабылданса, бүгінгі таңда Боранқұл елді мекеніде он бес бала, жаттықтырушысы Жанат Басшиева, Бейнеу ауданында отызға жуық баланы жаттықтырушы Жанат Мамақова жаттықтырып келеді.
«Маңғыстау облысының көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігі өтініштерді басшылыққа ала отырып, ауылдық жерлердегі қыз балалар спортын көтеру мақсатында Олимпиадалық спорт көркем гимнастикаға Бейнеу ауданының спорт және хореграфия мамандарын алдын –ала оқытып, шеберлік сағаттарын өткізген.
Үміт Қаздаева