13 желтоқсан күні Бейнеу ауданының орталығындағы «Сам» жалпы білім беру мектебінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған кезекті инклюзивті кабинет ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашылу шарасына аудандық білім бөлімінің басшысы Жаулиев Шоқан, «Аманат» партиясы Бейнеу аудандық филиалының төрағасы Жолышов Тұралы мен мектеп ұжымы қатысты.
- Бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сол азаматты болашақ өмірге бейімдеп, қолайлы ортаны қалыптастыруға үлес қосатын - білім беру ұйымдары. Бейнеу ауданында даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты дамыған балалармен бірге оқуына жағдай жасау мақсатында бірнеше инклюзивті кабинеттер ашылған болатын. Олардың барлығында білікті, тәжірибелі мамандар қызмет атқарады. Жаңа инклюзивті кабинетіміз де жақсы жақсы қызмет көрсетеді деген ойдамын, - деді өз сөзінде аудандық білім бөлімінің басшысы Шоқан Жаулиев.
Жаңадан ашылған инклюзивті кабинет заман талабына сай жабдықталған. Мұнда ерекше білімді қажет ететін балалармен арнайы дефектолог, логопед мамандар жұмыс істейді.