Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Бейнеу ауданы білім бөлімінің басшысы Шоқан Жаулиев мәлім етті.
«Ауданда 3 ауысыммен оқу мәселесі бар. Атамекен, Абай, Күйкен орта мектептерінде. Бұл мәселені жою мақсатында Күйкен орта мектебі жанынан қосымша 312 орынды ғимарат салынып жатыр. Оқу жылының аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал, Атамекен орта мектебіндегі үш ауысыммен оқу мәселесі облыс әкімі мен білім басқармасының бақылауында. Биылғы оқу жылында Атамекен мектебі жанынан қосымша құрылыс басталады деп күтілуде. Жалпы Бейнеудегі 24 мектептің жөндеу жұмысына жергілікті бюджеттен 27,1 млн теңге бөлінді», - деді Шоқан Жаулиев.
Шоқан Жаулиев оқушылардың мектептегі қауіпсіздігіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, сабақ кестесі санитарлық талаптарды сақтай отырып құрылады. Бір сыныптың оқушылары бір кабинетте оқиды.
«Білім беру ұйымдарының санитарлық жағдайы тұрақты бақылауда. Мектептерге санитарлық құрал-жабдықтар сатып алуға 13 млн теңге қарастырылған. Барлық білім беру ұйымында қызметкерлер мен білім алушыларға маска тағу міндетті. Күнделікті термометрия, желдету, кварцтеу, дезинфекциялау шаралары жүргізіледі. Педагогтар, мен ата-аналар үшін «Ashyq» жүйесі енгізілді. Мұғалімдер мен қызметкерлерді вакциналау 100% орындалды», - деді Шоқан Жаулиев.