Одан бері де зыр етіп тоғыз ай өте шығыпты. Өткен қараша айының соңына таман бауырлас Түрік елінің астанасы – Анкараның да топырағын басқанбыз.
Қоңыр күздің соңғы күндері сияқты емес, табиғат шіркін мейірленіп-ақ тұрды. Айналаның барлығы бейнебір сап-сары түске боянып алғандай. Бірнеше миллион тұрғыны бар Анкарада көлік кептелісі дегенің атымен жоқ. Күндердің бір күнінде қаланың халқы көбейетінін біліп, бәрі де алдын ала ойластырылып қойғандай. Түріктердің мына ызы-қиқы әлемде осының алдын алу қажет деп есептеген шаруаны барынша ертерек қамдайтын сияқты көрінді. Ертерек қолға алған шаруаларының бірі – елдегі білім сапасын көтеру ісі екен.
Анкараның шет жағындағы Билкент кампусына келдік. Бұл кәдімгі қала ішіндегі дербес қалашықтай елестейді. Билкент білім қалашығы дегенді білдіреді. Оның негізін әйгілі түрік ғалымы, профессор Ихсан Дограмаджи 1984 жылы қалапты. Билкент университеті Түркиядағы ең алғашқы жекеменшік жоғарғы оқу орны. Профессор Ихсан Дограмаджи Ататүріктің: «Ел келешегі – білімде», -деген ұлағатын басшылыққа алып, өзінің бүкіл абыройы мен беделін, тірнектеп жинаған байлығын осынау білім қалашығын көркейтуге жұмсаған. Билкент кампусының құрамында 5 жұлдызды қонақ үй, стадион, сауда орталықтары, мейрамханалар, 30-ға жуық жатақхана сынды әлеуметтік нысандар бой көтерген. Университетте бүгіндері 10 мыңның үстінде студент оқып, білім алады. Оның 3 пайызын шетелдіктер құрайды. Кейінгі жылдары университеттегі білім беру жүйесін күшейту мақсатында балабақша мен орта мектеп ашылған. Университеттік білімді игеруді мектеп қабырғасынан бастау керек деген принципке негізделген талап бүгіндері жемісін беруде. Университетті Ихсан Дограмаджидің тұңғышы Али Дограмаджи сәтті басқарып отыр. Ұлттың келешегі тек қана білімде жатқанын алдын ала сезген жарықтық Ихсан Дограмаджи заманында аузымен құс тістеген нағыз дүлдүлдің өзі болған көрінеді. Оның әзірбайжанның президенті Гейдар Алиевпен достығы, тіпті бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы секілді аса беделді ұйымның маңызды құжаттарына бүкіл Түрік елі атынан қол қоюы – абыройын тіптен аспандата түскендей. Ихсан Дограмаджидің айрықша қолтаңбасы қалған Билкентке Құлсарының бастауыш сыныбын бітірген ойын баласы Сүлеймен Ақдрашевты әкесі Ибрагим Шияпұлы мен анасы Райхан Ахметжанқызы кезінде қолынан жетектеп әкеліп, тапсырып еді. «Заман болса мынау, аумалы-төкпелі. Бұрыңғыдай өкіметке алақан жаятын кезең келмеске кетті. Болашақта тек өзіңе, өзіңнің сапалы біліміңе сенетін кез келеді», - деген ойға табан тіреген ерлі-зайыпты кәсіпкердің ойлары да, бағыттары да дұрыс еді. Сөйткен Сүлеймен Ақдрашев Түркияның маңдайалды жеке мектебін ойдағыдай аяқтады. Бауырмал болып өскен ауыл баласы аз күннің ішінде өзіне қимас достар тапты. Достарының біразы Сүлеймен өмірден озған күннің ертесіне Атырауға келіп, тірсек тебісіп өскен сыныптасының жаназасына қатысты. Солардың бірі Эмре Тритоглу атты Сүлейменнің қимас досы бізді Билкент мектебінің стадионына қарай бастап жүрді. Бұл жерде шағын ғана алаңқай бар. Осы алаңқайда Билкент мектебінде үздік оқыған, бірақ тағдырдың жазуымен өмірден ерте озған студенттердің кұрметіне шырша егіліпті. Осындай құрмет жуырда Сүлейменнің рухына да арналған көрінеді. Міне, біз шағын мәрмәр тасқа «Сүлеймен Ақдрашевтың құрметіне 1992-2017 жылдар. Сүлеймен Ақдрашевтың достарынан» деп жазылған белгінің қасына келдік. Кезінде осы мектептің стадионын шаң қылып, асыр салған Сүлейменнің құйрықты жұлдыздай ағып өтіп, артындағы ағайын-тума, дос-жарандарын өкіндіріп кетеді деп кім ойлаған. Міне, біз достары өз қолдарымен отырғызған шыршаның қасында тұрмыз. Үнсізбіз. Мұндай жерде ағытылып әңгіме бастаудың өзі қиын. «Сүлеймен өмірден озды» дегенді естігенде оны осы мектепте оқытқан ұстаздары мен достарының қайғырмағаны кемде кем болар. Сүлейменнің жамбасы жерге тигеніне жеті күн өтіп жатқанда бір топ достар осы мектептің акт залында еске алу шарасын өткізгенбіз. Бірнеше шырақ жағып, досымызды аза тұттық. Ал мына алаңқайдың жөні бөлек. Бұл жерде мектепте үздік оқып, жалпы ұстаздар қауымының ыстық ықыласына ие болған студенттің рухына арнап, шырша егу дәстүрі бар. Біз осындай ойымызды мектеп басшылығына айтқан кезімізде олар тіптен қарсы болмады. Керісінше, біздің ұсынысымызды қолдай кетті. Міне, достарының атынан отырғызған шырша ағашы да бойын тіктеп келеді. Енді уақыт өткен сайын оның бойы да аспанмен таласа түседі. Шыршаның тамыры біздің Сүлейменге деген махаббатымыздан нәр алады. Оны баптап, күтіп, мәпелеп ұстау тек қана достарының ғана емес, мектеп ұжымының да міндетіне жатады», - дейді Эмре Тритоглу.
«Өмірден озған адамның есімін мәңгі есте қалдыру үшін әлеуметтік маңызы бар нысанның атын беру немесе басқа да ізгілікті шаралар ұйымдастыру – өркениеттіліктің белгісі. Сүлейменнің балалық шағының ізі қалған Билкент мектебінен оның құрметіне достарының шырша отырғызуы көңілімді тебірентіп тұр. Аман болсақ, Анкараға талай келерміз. Сонда осы шыршаға міндетті түрде соғып, Сүлейменімді еске алып, нұрлы дидарын сағынармыз. Баламның алыста өссе де, қазақ деген ұлттың атына кір келтірмей, намысын биік ұстағанына, өзіне шынайы достар тапқанына разымын», -дейді әкесі Ибрагим Шияпұлы. Алға қарай өңмендеп, жүйткіп бара жатқан уақыт шіркінмен бірге бұл шыршаның күні ертең көкке қарай өрмелей түсетіні түсінікті. Биікке қарай қол созған сайын оны білетін тілекші жандардың Сүлейменге деген сағынышы да қоюлана түсер. Қалай болғанда да «Анкараның қақ төріндегі Билкент мектебінде кеше ғана Құлсарының шаңын қағып өскен қара бала Сүлейменнің шыршасының жайқалып өскенін көретін күндерге аман-сау жетейік», - деп аттанғанбыз сол жолы. Айтпақшы, сол сапар барысында ата-анасы осы мектептің ең үздік деген 3 оқушысына жыл сайын Сүлеймен Ақдрашев атындағы стипендия тағайындау туралы уәде берген еді. Міне, биылғы сарша тамыздың жиырма төртінші жұлдызында Сүлейменнің туған күнінен соң тағы да Анкара жақты бетке алғалы отырмыз. Ондағы мақсат – мектептің ұстаздарымен бас қосып, уәде етілген 3 үздік студентке арнайы стипендияны тапсыру. Сонан соң өткен ақпан айында оқырмандар қолына тиген, үш тілде даярланған «Сүлеймен» атты кітаптың мектептің акт залында тұсауы кесілмек. Бұл еңбекте Сүлейменнің ет-жақындарынан бөлек, әлемнің әр түкпіріндегі достарының да жүрекжарды естеліктері жарияланып еді. Бұдан бөлек құйрықты жұлдыздай ағып өткен Сүлеймен Ибрагимұлының қолға алып, нүктесін қоя алмай қалған жобаларының қалай жүзеге асқандығы жайлы да кітапта кеңінен қамтылған болатын. Бірнеше ай бойы даярланған кітапқа жарияланған еске алу мақалаларының ішінде досы Арда Сабынчыоглының: «Ең алдымен ата-анаң саған тамаша тәрбие берген қазақтың баласысың. Қазақ болғандығың сені әрдайым басқалардан ерекшелеп тұратын, ақылдырақ едің, әрдайым күлімдеп жүретінсің, адамды сендіре алатынсың. Бірақ қазір ойлап қарасам, сен 100 пайыз қазақ болмаған сияқтысың. Сен негізі халықаралық жас кәсіпкердің жиынтық бейнесісің, сен әлемнің әр түкпірінен жиналған адамдардың өмірінде үлкен рөл ойнадың», -деп ағынан жарылуы -Сүлейменнің болмысына берілген шынайы баға еді.
Иә, ол жер басып, арамызда жүргенде көп белесті бағындырып, көптің құрметіне бөленер ма еді?.. Бірақ ешкімнің көңіліне қарамайтын, өз дегенін орындатқысы келетін қаталдау тағдыр шіркіннің осындай бір қатыгездеу жүрісі болады. Адамның өмірге келуі өзгелерге көл-көсір шаттық сыйласа, о дүниеге аттануы да соншалықты қасіретті арқалатып кетеді екен. Табиғатынан көнбіс, түптің түбі тәубесіне келетін пенде қасқаның кішкентай жүрегіндегі сағыныш оты бәсеңсімесінші. Алла Тағаланың талай сынағына төтеп беріп, шыдамдылығымен, сабырлығымен болашаққа қарай азды-көпті арманын арқалап, үмітін үзбестен ілби басып бара жатқан Адам атаулыға Жаратқан Жаппар ие жар болғай.
Алыста.... Анкараның қақ төріндегі Сүлейменнің шыршасы тамырын тереңге жіберіп, көкке қарай талпына берсін...
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ