Ағымдағы жылдың 21-ші желтоқсанында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Мұнайлы аудандық мәслихатының кезекті он жетінші сессиясы болып өтті. Оған аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл мен ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ұйымдар мен мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияға №7 сайлау округінен сайланған депутат Болат Дюсалиев төрағалық етті. Ал хатшылық құрамға №13 сайлау округінен сайланған депутат Гүлмира Себепбаева мен №8 сайлау округінен сайланған депутат Гүлжанат Конысбаева сайланды.
Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шынар Сұңғат баяндама жасады. Аудандық мәслихат депутаттары бұл мәселені талқылап, тиісті шешім қабылдады.
Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Мұнайлы ауданының жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған жоспарын бекіту туралы» баяндаманы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Аман Арыстанов жасады. Мұндағы ұсыныстар да депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ үшінші мәселе – «Мұнайлы аудандық мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы №40/440 «Мұнайлы ауданының аумақтарын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы», төртіншісі – Мұнайлы аудандық мәслихатының 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы», бесіншісі – «Мұнайлы аудандық мәслихаты аппаратының құрылымын бекіту және оны ұстауға әрі материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындау туралы», алтыншысы – «Аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 25 наурыздағы №1/5 «Мұнайлы аудандық мәслихатының регламентін бекіту туралы» шешімінің күшін жою туралы», жетіншісі – «Мұнайлы аудандық мәслихатының регламентін бекіту туралы» мәселелер тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында қаралғандықтан депутаттар бірауыздан қабылдады.
Сессияның күн тәртіндегі сегізінші мәселе – «Аудандық мәслихаттың он сегізінші сессиясының төрағасын сайлау туралы» еді. Бұл мәселе де депутаттар тарапынан қаралып, көпшілік дауыспен аудандық мәслихаттың он сегізінші сессиясының төрағасы болып №10 сайлау округінен сайланған депутат Куралбай Ильясов сайланды.
Кезекті сессиядан соң аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев сөз алып, депутаттарға жыл бойы аудан әкімдігін қолдап, маңызды құжаттардың қабылдануына себепкер болғандары үшін өз ризашылығын білдірді. Сонымен қатар аудандық қазынашылық басқармасын ұзақ уақыт басқарып, ауданның өсіп-өркендеуіне лайықты үлесін қосқан, бүгінде зейнет жасына толған Күлән Қуандықоваға да жүрекжарды лебізін жолдап, Алғыс хатпен марапаттады.
Өз тілшімізден
Тағы оқыңыздар: Әкімдер ақындарды іздеген күн