Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерекесі қарсаңында Құрық ауылындағы №1 орта мектебінде «Мұражай - тарих айнасы» атты мектеп мұражайының ашылу салтанаты өтті. Аталмыш шараға әкімдік қызметкерлері, мәдениет қайраткері, белгілі күйші О.Құлсариев, мемлекеттік қызмет ардагері П.Арыстанов, зейнеткер ұстаз, халық ағарту ісінің озық қызметкері А.Төлесбаева мен мектеп басшысы О.Шатенов және мектеп ұстаздары қатысты.
Мерекелік шара барысында мектеп ұстаздары мен оқушыларын тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Ә.Дауылбаев:
«Еліміздің жалынды жастарының, бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қыршын ерліктері бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл – 26 жыл толып отыр. Көк туы мен Әнұраны шарықтатқан мерекеміз елімізге береке-бірлік, толағай табыс әкелсін!» дей келе, Білім және ғылым министірлігінің, «Нұр Отан» партиясының, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен бірқатар аудан мұғалімдерін марапаттады.
Бұдан соң мектеп директоры О.Шатенов «Ірге тасы сонау, 1975 жылдары қаланған №1 мектептің үлкен тарихы бар. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласына байланысты осы мектебіміздің тарихын паш етуге, аянбай қызмет етіп, артында із қалдырған, елімізге танымал азаматтарды жас ұрпаққа танытып, оқушыларды отан сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ашқалы отырған мұражай игілікті істерге ғана қызмет етсін» деп тілек-тестік білдірді. Мектеп мұра- жайының ашылу салтанатының лентасын А.Төлесбаева мен О.Құлсариев қиды. Мектеп қызметкері М.Аринова ән шашу арнап, жиналған қауым мұражайды тамашалады.
Фариза РОЗАНҚЫЗЫ
Тағы оқыңыздар: Экзотикалық құстар әлеміндегі түйеқұс «Қаражорға» билейді