©
Жақында Абай атындағы орта мектептің технология кабинетінде мұғалімдер арасында шахматтан аудандық жарыс өткізілді. Жалпы шахмат жарысының өткізілген мақсаты ауданымызда бұл спорт түрін дамытып, білім ошақтарында ұлттық ойындарымыздың бұл түрін кеңінен насихаттау.
Жарысқа аудан мектептерінен 13 мұғалім қатысты. Ашылу салтанатында мемлекетіміздің Әнұраны орындалып, аудандық білім беруді үйлестіру орталығының маманы сөз сөйлеп, қатысушы мұғалімдерге сәттілік тіледі. Төрешілер ақылдаса келе ойыншыларды шахмат ережесі бойынша айналмалы жүйе бойынша ойнатты. Жарысқа қатысушылардан бөлек өз мектептерінің мұғалімдерін қолдауға келген жанкүйерлер де болды. Жарыс қызықты және тартысты өтті.
Ойын соңында төрешілердің шешімімен жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Абай орта мектебінің мұғалімі Мақсұт Айбосынов, 2-орынды Үстірт орта мектебінің мұғалімі Хожабай Джангилбаев, 3-орынды Манашы орта мектебінің мұғалімі Қосбол Болысов иеленді.
Сонымен қатар Күйкен орта мектебінің мұғалімі Қасымжан Мұқанбетов «Ең үздік партия» номинациясымен, Манашы орта мектебінің мұғалімі Жеңіс Көптілеуов «Ең әдемі партия» номинациясымен, Күйкен орта мектебінің мұғалімі Еркін Түйебаев «Жеңіске деген жігері үшін» номинацияларымен марапатталды.
Жеңімпаздарды үйлестіру орталығының маманы арнайы мадақтау қағаздарын табыс етті. Жарысқа қатысып, бақ сынап, жеңімпаз болған спортшыларды жеңістерімен құттықтаймыз. Әрқашан биіктерден көріне беріңіздер.
Нұрлан ДЖАНГИЛБАЕВ,
Абай атындағы орта мектептің мұғалімі
Тағы оқыңыз: Жаңаөзенде әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді