Биыл да жаңа жыл қарсаңында аудан әкімі ұйымдастырған Бейнеу мәдениет үйінің ғимаратында дәстүрлі Президент шыршасы мерекесі өткізілді. Жаңа жылдық мерекені аудан әкімінің орынбасары Үміт Әмірханова ашып балаларды жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Жаңа жыл қарсаңында балаларды тамаша көріністермен қызыққа кенелтіп, қуанышқа бөлейтін бұл шырша мерекесінің мәдени-көпшілік және ойын-сауық іс-шараларын биыл «Бейнеу мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынының ұжымы дайындап, мерекелік бағдарламасын ұсынды.
Елбасымыздың бастамасымен дәстүрге еніп, жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл Президент шыршасының көркемдік тұрғыдан безендірілу жағы бірден көңілге қонып, балаларды баурайды. Ортада жасыл шырша жайнаған, мезгілмен астасып тұрған көркем көріністері мен қыстың тамаша табиғаты бейнеленген суреттері ерекше көз тартады. Жүздері балбұл жанып, жасыл шыршаны айнала ән салған балалар мәз-мейрам.
Балалардың мерекесіне «Ертегілер елінен», «Хайуанаттар әлемінен», «Мыстан кемпір», «Сайқымазақтар» бәрі де осында қонаққа келіп, кейіпкерлер балалармен бірге болып, қызыққа кенелтті. Сиқыршылар әр түрлі сиқырлы ойындарды көрсетіп, балалардың таңданысын арттырды. Мерекеге кәсіпорын және мекеме басшылары да қатысып, қуанышқа ортақтасты.
Әдеттегідей шырша меркесінің шырайы – Аяз ата мен Ақшақарды көптен асыға күткен балалар құшақ жая қуана қарсы алып, ортаға алып бірге би биледі. Көңілдері шалқып, шат-шадыман болған бүлдіршіндердің қуаныштарында шек жоқ. Жиналғандарды Жаңа жылмен құттықтаған Аяз ата мен Ақшақар балалардың мерекелік кешінің көрігін одан әрі қыздыра түсті.
Осылайша мерекелік шараның қызығын тамашалаған балаларға аудан әкімінің орынбасары Ү.Әмірханова ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 37 балаға жаңа жылдық сыйлықтарды табыстап, сондай-ақ бүлдіршіндерге «Тамаша» дәмханасында мерекелік дастархан жайылып, тарту жасалынды. Балаларға мәдени-көпшілік бағдарламаның аясында өткен бұл қызықты да тартымды ойын-сауық көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, болашаққа деген сенімін нығайтып, көңілдеріне қуаныш ұялатты.
Үміт ҚАЗДАЕВА
Тағы оқыңыздар: Алмас кездік қап түбінде жатпады