Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының құтты мекені – ауыл. Ауыл – халқымыздың бойына нәр құятын алтын бесігі, ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей, ауыл көркейсе, халық өмірі жақсарады, әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз. Әр жылда дамудың жаңа белесіне қадам басқан, жаңару мен жаңғырудың жаңа сатысына көтерілген ауылдың бірі – Онды ауылы. Осы ауылға жақында ғана басшы болған Балтабек Балапанмен болған әңгімемізге ауыл тұрмысын арқау еттік.
- Қаратаудың құт дарыған қойнауы, береке мен шаттыққа толы Онды ауылының іргесі бүтін. Тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатырған осынау ауылда тұрғындары егемен еліміздің мәртебесін биіктету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Онды ауылында бүгінде 236 тұрғын үйде 1572 халық тұрады. Ауыл құрамына Бекі, Басқұдық елді мекендері кіреді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдар ішінде осы Онды ауылына келген мен алтыншы әкім екенмін. Осы кезге дейін халықпен тығыз байланыста, қиын қыстау кезеңдерде қоян-қолтық араласа жүріп еңбек етіп, Онды ауылын осындай биіктерге жеткізген Қ.Аманиязов, Ш.Ерғазиев, Е.Манаш, С.Озған, Б.Ізімтаев сынды ауылымыздың біртуар азаматтары дербес дамудың өтпелі кезеңдеріндегі қиындықтар мен сынақтарын еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты. Халық игілігін көздеген мемлекеттік бағдарламалардың алға қойған басты міндеттері аясында халықтың әлауқатын нығайту жолында сенімді түрде алға жылжыды. Ел тәуелсіздігінің 26 жылдығы тарих үшін қысқа мерзім болғанымен, бұл ауыл үшін айтулы кезең. Елбасымыздың жыл сайынғы халқына Жолдауы болашағымыздың бағдаршамына айналып, атқарылар ауқымды істерге тың серпін берері анық. Қазақстанның әрбір азаматы мемлекет тыныштығын қорғауға, Президент саясатын қолдап, елдің амандығын, ортақ болашақ пен келешек үшін күресуге ниетті болуы керек. Егемендіктің әр жылы, еңселі істермен ауыл тұрғындарын қуантып келеді.
Әр жылда ауыл ілгері басып, дамудың даңғыл жолына түсті. Әр жылдың өз тарихы, сол жолда тер төккен азаматтар мен ауыл тұрғындарының еңбектері өлшеусіз. Сол кезеңдерді жылдар жылнамасымен айтсам, 1992 жылы «Өлі жебемей, тірі байымас» деген қазағымыздың мақалына сай, тарих қойнауында қалған елдің дамуына үлес қосқан, елеулі әулие аталарымызды ұмытпау мақсатында Онды ауылының күнбатыс бетінен «Құрманалы ата» мешіті салынған. 1995 жылы бұрынғы Бекі селолық клубының ғимараты ыңғайландырылып, салынған 50 орындық Бекі бастауыш мектебінде ауыл балалары білім алуда. Сонымен қатар, 2001 жылы Бекі елді мекеніне «ОКИОК» компаниясының демеушілігімен халыққа қажетті дүние су таситын көлік алынып берілген.
От жағудың машақатынан айырып, табиғи көгілдір отынның игілігін көрген ауыл тұрғындарының әлі күнге дейін айтар алғысы шексіз, ел басшыларының еңбегінің нәтижесінде 2004 жылы ауыл түгелдей газбен қамтылды. Елімізде ерекше назарға алынған мемлекеттік саясаттың бірі – қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болса, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында бүгінде ауыл толықтай таза ауыз сумен қамтылған.
Осы ауылда туып-өсіп, жұмыс барысымен жыраққа кеткен ауыл тұрғындары мен алыстағы студенттер ауылға әр келген сайын оң өзгеріс терге қуанып жатады. Туған жерім деп аңсап келгенде алдынан құшағын айқара ашатын, сәні келіскен, көшелері көз тартар ауылдың келбеті келісіп тұрғанға не жетсін. Ауылға 2014 жылы 8 млн. 784 мың тенгенің ауылішілік тротуар салу жұмыстары жүргізілді. Мектепке, жұмысқа қатынайтын ауыл тұрғындары қыстың қары мен күздің жаңбырына малтықпай, діттеген орындарына жеткендері үшін жасалған жұмысқа халық дән риза, сол кездегі осындай игі істерге мұрындық болған аға буын өкілдеріне алғысын әлі күнге дейін айтып отырады.
Онды ауылының өсіп-өркендеуі мұнымен тоқтап қалған жоқ, әр жыл жақсы жаңалығымен келіп отырған. Олай дейтінім, 2009 жылы салынған ауылішілік 2 шақырым асфальт жол, «Ай-Ана» кешені, Орталық парктің шарбағы, Ә.Кекілбайұлы атындағы парк, «Қызыл там» қорымы шарбақтарының жаңартылуы, көшелердің жарықтануы бәрі-бәрі тұрғындарға жасалған жақсы жағдайдың көрінісі.
Білім беру саласына келсек, мен басшы болып келгенге дейін де бұл ауылдың білім ордасының аты жақсы нәтижемен танылып жүрді. Мысалы 2015 жылы облыс бойынша орта білім беретін мектептер арасынан үздік шығып 17 млн теңгенің сертификатын жеңіп алды, мұғалімдердің біліктіліктері мен тәжірибелері арқасында әр жылда «Алтын белгі» иегерлерін шығарып отыр, шығара береміз деген сенімдемін. Ауылдағы 50 орындық «Құлыншақ» балабақшасы да сәбилердің шат күлкісінен айырылған емес.
Ауылда кәсіпкерлік те біршама дамыды деуге негіз бар. Бүгінде 32 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Оның үшеуі бау-бақша дақыл-дарын өсірумен, қалғандары мал өсірумен айналысады. Жыл сайын мал басы көбейіп, одан алынатын өнімдері де сапалы болып, пайдаға жарауда. Биыл жеке және шаруа қожалықтардағы жылқы – 2571, түйе – 2018, сиыр – 978, қой-ешкі – 15581 боп мал басын құрап отыр. Онды ауылында 8 азық-түлік дүкені халыққа қызмет көрсетеді. Қазір кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан беріліп жатырған мүмкіндік көп, оны біздің ауыл азаматтары да ұтымды пайдалануда. Осындай қарқынмен жоғары деңгейде дамып келе жатқан ауылға мен де өз үлесімді қосып, елмен етене араласа жүріп, халықтың мұңмұқтажына құлақ асып, олардың жағдайын жасау, егеменді еліміздің барлық игіліктерін көрсету, толыққанды өмір сүруін ұйымдастыру халықтың қызметшісі ретіндегі міндетім деп есептеймін. Ауыл халқының тұрмысы жайлы, қазаны майлы болуы үшін қазір барлық мүмкіндік бар. Тек соны ұтымды пайдалана білу керек.
А. РАХМЕТОВА
Тағы оқыңыздар: Жүрсін Ерманның Бауыржан Халиоллаға арнаған өлеңі