Халқымыз: «Қартың болса, қазынаң», – деп бекер айтпаған. Ақсақалы бар үйдің берекесі бар, шаттығы шалқып, дәулеті артары сөзсіз. Көпті көріп, ұлағаттылықты бойына сіңірген қарттарымызға құрмет көрсету, қадірлеу – қанымызға сіңген қасиет. Осындай ұлағаттылықты ту етіп ұстаған аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев ел ішіндегі кезінде елеулі еңбек еткен танымал ақсақалдарға Тәуелсіздік мерекесі күні арнайы барып, айтулы мерекемен құттықтады.
Сондай қадірлі ақсақалдардың бірі – Баянды ауылында тұратын, Ұлы Отан соғысының ардагері Абдулла Утаев ақсақал болатын. 1923 жылы туылған Абдулла ата баласы Амангелді мен келіні Аққұбаштың қолында тұрады екен. Келін-баласы барлық жағдайды жасап, жылы-жұмсағын беріп отыр. Әлі де ақсақал қуатты, әңгімесі өнегеге толы. Аудан әкімі, аудандық мәслихаттың хатшысы Бердібек Назар, аудан әкімінің орынбасары Берік Біләлов, ауыл әкімі Рахмет Таймұратов өз құттықтауларын айтып, әлі де ұзақ өмір сүре беруін тіледі. Ақсақалмен әңгіме-дүкен құрып, көңілін марқайтты. Көп жасаған қарияда ақ батасын беріп, ел үшін еңбек етіп жатқан жұмыстарына табыс тіледі. Аудан басшысы аудандағы атқарылып жатқан игі жұмыстар жөнінде айтып, өз сыйлықтарын ұсынды. Ақсақалмен дастарқан басынан дәм татып, он бесінші шөбересімен құттықтап, жақсы тілектер айтылды.
Аудан әкімі бастаған арнайы топ Басқұдық ауылдық округінде тұратын жүз жастан асқан тыл ардагері Тәжібай Түрікменбаевтың отбасына ат басын бұрды. Алпыстан аса немере, екі шөпшек сүйіп отырған ауыл ақсақалы әлі де тың. Әңгіме тиегін ағытқанда еш жаңылмайды, қызықты деректерді шебер айта біледі. Еңбек жолы жайында сөз қозғап, тамсандырғаны бар еді. «Көп жасауыңызды сыры неде?» – дегенде: «Адал еңбек ету, түзу жүру, денсаулыққа зиянды әрекеттерден бойды аулақ ұстау керек», – дегені көпке үлгі боларлықтай. Әсіресе, бұл өсиеті жастар үшін баға жетпес кеңес деп ойлаймыз. Мұнда аудан басшысы аудан жайында сөз қозғап, ақсақалға көптеген жаңалықтар айтты. Мерекелік арнайы сыйлық табысталып, ақсақалға, ұл-қыздарына, келіндеріне алғыс айтылды. Мереке күні келген құттықтаушыларға ақсақал мәз-майрам болып, ақ батасын берді.
Тәуелсіздік мерекесі күні арнайы шыққан топ Ақтау қаласында тұратын еңбек ардагері, 87 жастағы ақсақал Сисен Боқыбайұлының шаңырағына барды. Кезінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлесін қосқан Сисен ата Мұнайлы ауданында жемісті еңбек еткен. Зайыбы Ынта Төлепова анамыз да мектепте мұғалім болып, зейнеткерлікке шыққан екен. Сисен атаға Мұнайлы аудандық мәслихатының шешімімен «Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы» атағын аудан әкімі мен мәслихат хатшысы табыстады. Ал Ынта апамызға «Мұнайлы ауданына – 10 жыл» мерейтойлық төсбелгі мен мерейлі мерекеге арналып шығарылған «Ақ арманның ақ бесігі – Мұнайлы!» атты тарихи-танымдық кітапты сыйға тартты. Мерекелік ақжарма тілектер айтылып, ұзақ та қызықты өмір сүре берулеріне ниеттестік білдірді.
Бүгінгі жарқын болашақ үшін кезінде соғыс өртінің алауына шарпылған, ал тылда ерен еңбек үлгісін көрсеткен ата-әжелерімізге қаншама құрмет көрсетсек те аздық етеді. Барын бағалап, асылдарымызды құрметтеу – бүгінгі ұрпақ парызы. Аудан әкімі бастаған арнайы топтың да басты мақсаты осы еді. Мұндай игі іс көпке ой салып жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Д. ХАНСҰЛТАН
Тағы оқыңыздар: «Шетпе» автоматты газ тарату станциясы пайдалануға берілді