Тәуелсіздік күні қарсаңында Мұнайлы ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған "Тәуелсіздік және Әбіш әлемі" атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференция аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессорлары мен студенттерінің, аудан белсенділері мен тұрғындардың қатысуымен Қызылтөбе ауылындағы мәдениет үйінде өтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Берік Біләлов ашып, түбектің біртуар тұлғасы Ә.Кекілбайұлының қоғамға, тәуелсіздіктің тұғырын биіктетуге сіңірген еңбегі жайында сөз сөйледі. Филология ғылымдарының докторы, профессор Бибайша Нұрдәулетова "Ә.Кекілбаевтың тілдік әлеуеті" тақырыбында баяндама жасады.
Өз сөзін "Өзінің шығармашылық тұлғасымен де, адамдық болмысымен де, елден ерек тұлға-тұрпатымен де қазақ деген тағдыр-талайы талқыға түскіш «құдайдың сүйген құлының» табиғатын таныта алатын, көп азулының шамына тигіш осы бір ұлттың сырбаздығы мен тектілігін, кірпияздығын, соған қарамастан кең қолтық кеңдігі мен замананың жазылмаған заңдарына сия бермейтін шектен тыс сахилығын бір бойына жинаған, Маңғыстау деген өңірде дүниеге келгені өзіне бек жарасатын қазақтың біртуар перзенті, «Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені, Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, Қалайыланған қасты орданың сырығы» (Қазтуған «Мадақ жыры») Әбіш Кекілбайұлының тілдік әлеуеті, қазақтың сөз қазынасындағы әрбір дүниені орнымен қиыстыра білудегі ешкімді қайталамайтын, ешкімге қайталата алмайтын қас шеберлігі тіл өнеріндегі бөлекше әлем деуге татиды.
Сөзді ойната білу шеберлік, шешендік болуы мүмкін, бірақ ойды ойната отырып, белгілі бір ұлттың концептуалдық дүниетанымындағы когнитивтік кеңістікті тілдік астармен әдіптеу кез келген суреткердің пешенесіне жазылмаған қабілет болса керек. Бұл – біз жоғарыда санамалап өткен талаптардың үддесінен табылатын тілдік тұлғаға ғана тән бірегейлік. Ә.Кекілбаевтың тілдік тұлғасы тұтас бір ғылыми зерттеудің нысаны болуға тиіс. Біз мақаланың көлеміне орай, Әбіш тілдік тұлғасының бір ғана қырын сөз етпекпіз", - деп бастаған филология ғылымдарының докторы халық жазушысының өзі атағандай тұстарын әңгімеледі.
Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Әділет Қабылов Кекілбаев феноменін ашатын мағлұматтарды "Әбіш Кекілбаев – ойшыл суреткер, қайраткер тұлға" баяндамасы шеңберінде жеткізуге тырысты. Қайраткердің туғаннан бастап бүкіл өмір жолына тоқталған ол "Халқымыздың дана суреткері, дара тұлғасы Әбіш Кекілбайұлының өмірлік қызметі мен шығармашылық еңбегі – Елін сүю мен Ұлтқа қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның ойлы сөздері мен жауһар шығармалары қазір барша қазақтың жүрегінде. Әбіш есімі қазақтың арғы-бергі тарихында өткен Ұлы тұлғалардың қатарында ғасырда бір туар Ұлт мақтанышына, Даналықтың символына айналды. Дарабоз дарынның тұлғасы мен шығармашылығы арқылы жастарды адамгершілікке, отаншылдыққа тәрбиелеу – баршамыздың міндетіміз", - деп сөзін түйді.
Онан соң облыстық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы, КМТжИУ қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының ІІ курс студенті Нұржан Асамадинов пен №1 жалпы білім беру орта мектебінің 8 «а» сынып оқушысы Ақжүніс Ерғали «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы жасөспірімдер бейнесі» тақырыбында баяндаса, №1 жалпы білім беру орта мектебінің 10 «ә» сынып оқушысы Гүлнұр Кенжебекова «Әке» поэмасынан, №1 жалпы білім беру орта мектебінің 7 «ә» сынып оқушысы Арайлым Басшыбек «Көлденең көк атты» прозасынан, №1 жалпы білім беру орта мектебінің 7 «ә»сынып оқушысы Альбина Абдулла «Құс қанаты» повесінен үзінді оқыды. Асамадинов Нұржан Светқали Нұржанның «Әбіш аға қазасына» атты арнау өлеңін айтты. ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Жоламан Көшкінов жазушыға арналған «Мұнар тау» әнін шырқады.
Шахида ЖҰМАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44634,44632,44635,44633,44638,44637"]