Қысқа ғұмырында бір өзі бір зерттеу институтының қызметін атқарып, халықтың көне мұрасын жинап, зерттеп, том-том кітаптар жазып, қазақ әдебиетіне мол қазына қосып кеткен ғалым, белгілі жазушы, ақын Қабиболла Сыдиықұлы Бейнеу ауданына қарасты Қарақұм өңірінде дүниеге келген. Ғалым ағаның атында, Ақтауда облыстық кітапхана, ал Бейнеуде көше бар. Осы жолғы мақаламда ғалымның ғылыми мұралары мен шығармашылығы жайында емес, жас кезімде өз көзіммен көре қалған кейбір естеліктерге тоқталғым келді.
Мен Қабиболла ағаның қадірін қаршадайымнан білген жанның бірімін. Ардақты ағаны ең алғаш Ебейті ауылында өз үйіме келгенде көрдім. Одан бері де қырық жылдан астам уақыт өте шығыпты. Ебейті – Сағыз өзенінің бойына орналасқан, Ақтөбе облысының Байғанин ауданына қарасты кезінде совхоз орталығы болған, қысы-жазы үйлері аппақ болып тұратын тап-тұйнақтай әдемі ауыл болатын. Қаз тұрып, тәй басқан, мектеп есігін ашып, түлеп ұшқан менің сол ауылыма Ығылман әкемді іздеп қазақтың жақсы мен жайсаңдары көп келуші еді. Былайғы кезде де облыс пен ауданнан келген уәкіл түсетін, абыр-сабыр қонағы үзілмейтін, тіпті кейде бір күнде қонақасыға үш қой сойылатын берекелі шаңырақ еді біздің үй. Аядай ғана ауылда тұратын әкемнің кезінде қазақтың талай атақты адамдарымен араласқанын атап айта кетейін, Алматыда тұратын, «Қайта соққан жүрек» атты кітаптың авторы, медицина ғылымдарының докторы Естөре Оразақов, әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев, дәулескер күйші Әзидолла Есқалиев, филология ғылымдарының докторы Мекерия Атымов, бұлардан басқа батыс өңірден шыққан белгілі жыршы, әнші, күйшілер біздің үйге атбасын тірепталай келді. Сондай күндердің бірінде кеңседен келген әкем анама қуана хабар айтты:
- Алматыдан Қабижан келе жатыр! Ал, Зизасұлу жазушы қайыныңды күтіп алуға дайындал!
Бұл хабарды естіген біздің үйдің балалары құлағымыз елең етіп, көңіліміз еліп етіп, өре түрегелдік. Алматыдан, көруге арман астанадан қонақ келетін болса, ол жазушы болса, әрі ағайын болса бұдан артық қандай жаңалық, қандай қуаныш болуы керек?! Бақыттан жүзіміз балбұл жанып, мектептегі балаларға жаңалығымызды жеткіздік. Олар да таңғалып, қызығып, әрі қызғанып қарайды. Сонымен күн санап жүргенде әкем совхоз директорының уазигімен қадірлі қонақты Сағыз стансасынан күтіп алып, ауылға алып келді. Ағамыз өте келісті, сымбатты, маңдайы жарқыраған ажарлы кісі, қасында шашын әдемілеп түйіп қойған, сәнді киінген талдырмаш тұлғалы сұлу келіншегі бар. Екеуінің көрік-келбетіне қарасаң көз тоймайды. «Осындай аға-жеңгеміз бар екен» деп марқайып, масаттанып, жүрегіміз шаттықтан жарыла жаздаған балалық сәттер-ай десеңші! Ауылдағы адам біткен біздің үйге жиналып, тойға бергісіз қонақ күту басталды. Әрине Қаби ағамның ең басты шаруасы үлкен кісілермен, шалдармен лебіздесу. Бізге, балаларға ол әңгімені есту мүмкіндігі бола бермейді. Кішкентай болсақ та сабақтан былайғы кезде қыруар шаруа мойынымызда. Алматыдан келген аға-жеңгемізді ауыл адамдары қонаққа шақыра бастады. Ол кісілер барып қонақасы жеген үйдің балалары да «біздің де ағайынымыз екен» деп мақтанады. Ондайда кейде бір-бірімізге қызғаныш танытатын жәйттарымыз да бар. Сонымен аға-жеңгемізді қимай-қимай Алматыға аттандырып салдық. Содан әкеме әдемі ақ қонвертпен жазуы маржандай тізілген хаттар келіп тұратын болды. Бұл хаттар Қабиболла аға Сыдиқовтан келетін. Қаби ағам отбасылық суреттерін салатын. Қыздары Інжу мен Маржанның, ұлдары Оспан мен Манастың ата-анасымен түскен суреттері біздің үйдің альбомының бастапқы беттерінде ең қымбат естелік болып тұратын. Бірде ағамнан пошта арқылы шетен жәшікпен қомақты сәлемдеме келді. Оны «пәселкі» дейтінбіз. Әлгі пәселкінің ішінде хош иісі мұрынды жаратын Алматының әйгілі қып-қызыл апорты тізіліпті және ораулы бір зат бар. Біз кілең бала апортқа жабыстық. Ал әкем әлгі қағазға оралған затты алды. Әкемнің қуанышында шек жоқ. Бұл мұқият оралған зат кітап болып шықты. Кітаптың аты «Ақберен», алғашқы бетінде маржандай әдемі жазулармен әкеме арнап жазған қолтаңбасы бар: «Көкірегіне халық қазынасын жинаған ардақты да асыл азамат Ығылман ағаға! Құрметпен Қабиболла Сыдиқов» деп жазылған.
Әкем бұл кітапты қасиетті бойтұмардай қастерледі. Өйткені оның ішінде Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай ақындардың жырлары бар еді.
Айтпақшы кітап келген күні әкем тағы бір қойын сойып ауылдың үлкендерін жинады.
- Мына кітап бізді ата-бабамызбен қауыштырып жатыр. Бір арманым осы кітапты көру, Адайдың арқалы ақындарының айтқаны Қабиболла інімнің арқасында баспаға басылды. Әйтпесе бұл кітапты ғұмырларыңда көре алмай кететін едіңдер:
"Біз Адай деген ел едік!..
Алаңсыз өскен алшаңым!
Тәк-тәксіз өскен тарпаңым!
Осылай деген Қашекемнің«Атамекен» дастаны бар мына кітапта, - деді әкем.
- Оқиық, оқып көрейік, деп жамырасқандарға көрші Нығметолла аға «Атамекенді» оқып, күй тартып берді.
Кейбір үлкен кісілер кемсеңдеп көздеріне жас алды.
Әкемнен бұл кітапты тек ауылымызға өте беделді кісілердің бірен-сараны ғана сұрап алып оқи алды.
«Ақберен» үйдің басқа кітаптарының қатарына қойылған жоқ, өзі бір дара, түпкі үйдегі әкемнің қобдишасына салулы тұратын. Оның ішінде «Ақбереннен» басқа әкемнің шежіре жазба қағаздары, күміс сапты қанжар, бәйге атының өмілдірігі, бәйге аты Кершабақ жайлы жазылған сол кездегі Ақтөбе облысы бойынша шығатын «Ленин туы», «Коммунизм жолы» деп аталатын аудандық, облыстық газеттің нөмірлері, Әбіш Кекілбаевтың әкеме арнаған қолтаңбасымен «Дала балладалары» деген кітабы тұратын, бертінде олардың қатарына «Үркер» кітабы қосылды. Мен оңашада осы кітаптарды әкеме көрсетпей алып, тығылып оқыдым. Журналист болам деген бала арманымды осы қазыналы кітаптар маздатты деп айта аламын. Ол мақсатым бірден жүзеге аса қойған жоқ. Совет үкіметінің саясаты бойынша мектеп бітірген соң аттестатымызды бермей бір жыл совхоз шаруашылығында жұмыс істеуіміз керек болды. Сондықтан мен мектеп бітірген соң өзімді туған әкем есебінде тәрбиелеген Дүйсенбі ағамның қасында көмекші шопан болдым. Бір жыл өткен соң,1976 жылы мамыр айында Ығылман әкем мені Алматыға алып келді. Қаби ағамның үйінде жаттым. Айтпақшы, Қабиболла ағаммен туыстық байланысымызға келсек, тіпті жақын тумалас емес екенбіз. Бірақ Жеменейдің бірі Ақботасы, бірі Олжашы руынан болса да әкем мен ағам бір-бірімен туған аға мен ініден де артық сыйласып, араласты. Қаби ағам мені үш айдай уақыт емтиханға дайындады. Тақырыптар беріп шығарма жаздырып тексереді, қазақ тілінен талдаулар жасатады. Тарих бойынша сауалдар қояды. Сонымен үш ай бойы мені өзі қадағалап, КазГУ-дің сынағына сақадай сай етті. Міне асыл аға өзінің қисапсыз толып жатқан жұмысы болса да, үйіне алыс ауылдан келіп жатып алатын ауыл баласы абитуриенттерге осылай көңіл бөлетін. Неткен кішіпейілділік, неткен қамқорлық десеңізші! Ағам маған қай кезде де өзіңе сенуді үйретті.
Ол үйде үш ай болған кезде арасында бүкіл үй ішінің адамдары болып ағамның саяжайына барып тұрамыз. Бірде саяжайда болғанымызда толықша келген әсем келіншек екі баласымен қонаққа келді. Сонда ағам маған:
- Айнаш, бұл Рузия жеңгең, Меңдекеш Сатыбалдиевтің жары. Мыналар Руслан, Ербол деген бауырларың. Ал сен өзің Меңдекеш ағаңның қандай кітаптарын білуші едің?-деп сұрады.
- «Қоңыр қозы»...Аға, мен бір өлең оқып берейінші..,-дедім де,
«Менің жарым болсаң сен, Мен жоқта да қабылдай бер қонақты..» деп ақынның жарына арнаған өлеңінің екі-үш шумағын оқып бердім. Сонда ағам өзіне тән аса бір мейіріммен риза болып:
- Біздің Айнашжан ауылда жүріп барлық кітапты оқып тастаған!-дегені әлі есімде.
Бірде ағам маған Сәттігұл Жанғабыловтың жүз жылдығына арнап өлең жазуымды тапсырды. Әп-сәтте жазып әкеліп бердім. Сол өлеңімді кейін Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінде журналистік қызмет бастағанымда газет тігінділерін ақтарып отырып көрдім. Ағам осы мерейтойға келгенде әлгі өлеңімді газетке жариялатып, мені сыртымнан қамқорлапты.
Ерлі-зайыпты Қаби ағам мен Гүлшат жеңешем екеуі де аса көрікті, өте сыпайы, көрген адам сүйсінерлік жарасымды жұп,сыйластық салтанат құрған үлгілі отбасы болатын. Ағай төрт қыздың ортасындағы жалғыз ұл болса, жеңгей төрт ағаның ортасындағы жалғыз қыз. Ағамның бала тәрбиесіне өте көңіл бөлетіні соншалық, балалары үйде ешқандай орысша сөйлемейтін. Кіші қызы Маржан арнаулы физика-математика мектебінде оқып жатақханада тұрады екен. Бірде Маржаннан сұрап жатыр:
- Бөлмеңде кімдер бар? Қаланың балалары ма, ауылдың балалары ма?
Ауылдың балаларымен бірге тұр, ауылдан келген балалар өте жақсы, олар көп ертегі, көп қызық әңгімелер біледі. Әңгімелесіп жатасыңдар! Сөйт балам!
Ағамның отбасы сол кезде Алматыдағы ең жаңа шағынаудан 4 Орбитада төрт бөлмелі үйде тұратын. Жоғарғы оқу орындарына емтихан тапсыратын мезгіл таяғанда ағаның үйі Маңғыстаудан, Атыраудан, Ақтөбеден келген абитуриенттерге лық толды. Олардың тек өздері емес, қастарында әке-шешелері де бар. Гүлшат жеңешемнің көңілінің кеңдігін айтсаңшы. Өзі қызметте болса да, қабағын бір шытпайды, етін пісіріп, палауын бастырып, мантысын бүріп, тамақ дайындап, дастарханын жайып ауылдан келгендерді күтеді де жатады, өзі үйдің тазалығына өте қатты көңіл бөлетін аса ұқыпты келіншек болатын.
Сөйтіп мен КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түспек болғанмын. Ол ойым жүзеге аспады. Шығармашылық емтиханда менде газетке шыққан кілең өлеңдер болды. Сол кезде журналистика факультетінің кейбір ғалым ұстаздары ұстанған қағида менің де алдымнан шықты, «Қыздардан журналист шықпайды, мақалаң жоқ, ақын болатын болсаң, филфакқа бар» деді. Мен жылап ағама келдім. Ағамның айтқаны «Мен де филфакты бітіргенмін, осыны бітіріп те журналист боларсың» деген. Мен сөйтіп, құжаттарымды КазГУ-дің филология факультетіне тапсырдым. Сөйтіп мен КазГУ-ге ағамның үйінде жатып оқуға түскен едім.
- Енді студент болдың. Ең бастысы денсаулығыңды күтіп, уақытылы тамақтанып жүр. Адамдардың ішінде түлкісі болады, қасқыры болады, соларды айыра біліп, айналаңа қарап сақтанып жүр!-деген қайран ағам жанашырлықпен.
Ағамның айтқаны келді. Мен журналист болып шықтым. Менің Маңғыстауға келіп журналистік қызметпен айналысқаныма отыз төрт жылдай уақыт өтіпті.
Ұлтының рухани дүниесіне бүкіл саналы ғұмырын сарп етіп, бір өзі бір институттың жұмысын атқарып кеткен қайран ағам, нағыз ұлы адамның үлгісі еді. Қазақ халқының рухани дүниесіне өлшеусіз үлес қосты. Қазақ халқының фольклорын, жыршы жырауларын, оның ішінде әсіресе Маңғыстаудың өткен ғасырлардағы жыр тарихын, өнер мұрасын тірілтуде ол кісідей еңбек сіңірген адам жоқ деп есептеймін. Осы мақсатта өз шығармашылығын ысырып қойып,бүкіл денсаулығын, өз ғұмырын арнады. Қабиболла Сыдиқов ғалымдардың ғалымы еді.
Айнахан ЕСЕТ
Суретте: солдан оңға қарай түрегеліп тұрғандар - Қабиболла Сыдиқов, филология ғылымдарының докторы Мекерия Атымов. Отырғандар - медицина ғылымының докторы, аты аңызға айналған дәрігер Естөре Оразақов және елдің белгілі ақсақалы, шежіреші Ығылман Есетұлы.
Суретке 1975 жылы 16 маусымда түскен.