©
Бұған дейін 25 қараша күні Жаңаөзенде «Газель» маршруты мен тепловоздың соқтығысқаны туралы жазған болатынбыз. Жол апатынан зардап шеккен азаматтардың отбасыларына көмек қолын созу үшін барлық Маңғыстау жұртшылығы жұмылып отыр.
Бүгін Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов жол апатынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына 20 миллион теңгені бөлу керектігін қадап айтқан болатын.
- «Қазақстан Темір жолы» мекемесінен 20 миллион теңге қаржы бөлінді. Апатта қаза болған 9 азаматтың отбасыларына 1 млн теңге, ауыр халде жатқан 9 адамға 500 мың теңге беріледі. Тағы зардап шеккен 18 адамға 300 мың теңге бөлінеді. Бұл көмек мұнымен тоқтап қалмайды, - деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Звира Есбергенова.
Звира Түгелқызының айтуынша, осы апатты оқиға үшін Жаңаөзен қаласындағы әкімдік жанынан 15 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылған. Комиссия құрамында мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі, мемлекеттік мекеме өкілдері бар. Олар зардап шеккен әрбір отбасыны жеке-жеке зерттеп, көмек беру шаралары тізімін құрып жатыр.
Деректер бойынша, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, қаладағы «Газ өңдеу зауыты», «Бұрғылау», «Өзенмұнайсервис» сияқты басқа да ірі-ірі кәсіпорындар марқұм болғандар мен зардап шеккендердің жеке есепшоттарына қаржы аударып, көмек беруге ұйғарым жасады. Ол үшін бүкіл жұмысшылар бір күндік еңбек ақыларын аударуда.
Аталған мекемелер ауыр жарақат алған азаматтардың емделу шығындары мен оңалту жағдайларына, болашақ өміріне бейімделу үшін де көмектесуге дайын болып отыр.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН,
Серік МАЙЕМЕРОВ