Түпқараған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық орталықтандырылған кітапханада кітапханашылардың қатысуымен «Латын әліпбиіне көшу – болашаққа қадам» атты дөңгелек үстел өтті.
«Латын әліпбиі – әлемдік өркениетке жол ашатын әліпби» тақырыбында аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Роза Аташева баяндама жасап, дөңгелек үстелді ашып, жүргізіп отырды. «Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңестігіне кіруге тиімді мүмкіндік туады. Және түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге жол ашылады. Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуіміз – дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алады. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз. Жаңа латын әліпбиі қолдануға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға бейімделген, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа да сан ұлттың тілдік жағдайларын да қамтитын жақсы алфавит болып шықты деп ойлаймын» - дейді Р.Аташева.
«Латын әліпбиі – болашақтың жазуы» тақырыбында баяндама жасаған «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Г. Рамашева баяндама жасай отыра осыдан оншақты жыл бұрын басылым беттерінде жарық көрген мақалалардағы атақты академиктердің латын әліпбиіне көшу туралы жазған публикацияларына шолу жасады.
Мұражайлар кешенінің қор бөлімінің меңгерушісі Қ.Ходжаева латын әліпбиі тарихты тануға көмектесетіндігі жөнінде өз ойын айта отырып, мұражайда сақталған латын әріпінде жазылған хаттар, марапаттар мен сол жылдар жарық көрген басылым қиындыларымен таныстырды.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстаудың Құлбарақ батырыЛатын әліпбиіне көшу – заман талабы тақырыбында орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры А.Таңатарова баяндама жасап, кітапханада латын әліпбиінде жазылған кітаптар бар екеніндігін, болашақта жас ұрпақ оларды оқып, құнды деректер ала алатындығын жеткізді. Сол кітаптардың бірі 1939 жылы «Әдебиет баспасында» жарық көрген «Амангелді Иманов Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістің көсемі» кітабын көпшілікке таныстырды. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі тақырыбында Ғ.Айдаров атындағы мектеп-лицейінің кітапханашысы Р.Сатыбалдиеваның баяндамасы тыңдалды. Барлық баяндамашылар тыңдалып болған соң латын әліпбиінің болашағы туралы қызу пікірталас өтті. Жиын соңында қатысушыларға танымдық сәт ұйымдастырылып, латын әліпбиін меңгеруді бүгіннен және өзіңнен баста деген ұранмен ойын ұйымдастырылды. Ол жерде сөйлемдер мен сөз тіркестерін латын әліпбиімен жазып, сол әліпбиде жазылған сөздерді оқып жаңа әліпбиге кітапханашылар үлкен-кішісі барлығы дайын екендіктерін көрсетті.
Ж. ЖОЛДАСОВА