©
9 қаңтар кешкісін Жаңаөзен қаласының "Бағдат" базарында «Ұрланған мал табылыпты» деген хабар желдей гуілдеді. Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылары белсенділік танытуда. Олар сойылған мал терілеріндегі салынған ендер мен белгілерді ұялы телефондарындағы бейнетаспаларына түсіріп, лезде жариялап жатты. Өйткені мал базардың ішінде мал соятын орын да бар.
Бүгін таңертең сәскеде мән-жайды білуге біз де бардық. Барсақ малдарын жоғалтқан жиырма шақты адам жүр. Бәрінің ойы, мақсаты мен үміті мемлекеттік белгісі ресейлік, сары түсті КАМАЗ мәшинесінің бортындағы терілерді түсіріп, жерге жайып, өздері салған ен, белгілері арқылы із-түзсіз жоғалған түйелерінің дерегін анықтау. Сөйтіп тұрғанда сол жерге ішінде учаскелік инспекторы бар, тергеушісі бар, Жаңаөзен қалалық ІІБ-ның 4-5 қызметкері сау-у-у ете қалды. Үзілмеген үміттің нәзік сәулесінен дәм етіп тұрған көпшілік соларға қарай еңсерілді. Келген полицейлердің КАМАЗ бортындағы терілерді түсіруге қауқары жетпей, түске дейін жүрді. Жүргізушісі «Аккумляторы жоқ, мәшине қызбайды» деп сылтау айтып, оп-оңай құтылыпты. Жоқ іздегендерді жұмсап еді, мәшине бортындағы қар басып, мұзға оранған терілерге ешкім қол ұрғысы келмеді. Бір мезгіл уақытты босқа өткізіп, алға басқан қадамы кері кетіп, терілерді түсіретін адам таппай, сіркесі су көтермей тұрған Жаңаөзен қалалық ІІБ тергеушісі, капитан Мақсет Молдабаев бізге де мәлімет беруден бас тартты. Журналист екенімізді білгеннен кейін жиналған жұрт бізге мұңын шаға бастады.
- Жазда 3 бас түйеміз із-түзсіз жоғалды. Бір айдың шамасында тағы 4 түйеміз жоқ болып кетті. Жалпы 4-5 айдың төңірегінде 7 бас түйеден айырылдық. Жер жұтып кеткендей ізім-қайым жоқ. Сол үшін бір дерегі шығып қалар ма екен деген үмітпен келіп тұрмын, - дейді Өзеннің ойындағы Сисен Мұратовтың «Бірлік» шаруа қожалығынан келген азамат.
- Біздің бір түйенің жоғалғанына жиырма шақты күн болды. Түйеміздің мойнындағы «Бектұр» деп жазып, іліп қойған белгіміз мұнай кәсіпшілігінің ішінен табылды. Содан бір хабар шығар ма екен, деп келіп тұрмын, - дейді Қарағия ауданының Қарақұдық ауылынан келген Қыдырбақыт Шалқарбаев.
- Өткен жылғы наурыз, сәуір айынан бері 4 бас түйем жоғалды. Көрдім, білдім деген тірі пенде болмады. Көзбен көрмегесін кімге жабысасың. Полицияға хабарлассаң да, хабарласпасаң да, арыз жазсаң да, жазбасаң да, бәрібір түк шықпайды. Сосын әлдеқандай дерек шыға қоя ма деп, осында келіп тұрмын, -дейді Қарақұдық ауылының тағы бір тұрғыны Жұмабек Бесімбаев.
- Мен 20-30 жылдан бері ет сатумен шұғылданамын. – деді қаланың ет сатушыларының бірі. – Кеше кешкісін қасқарайғанда біреу сойдыруға бір бас түйе алып келді. Қасында малдың тиісті құжаты болмады. «Таңертең әкелемін құжатын» деп түйені осында қораға қамап кеткен. Түйенің негізгі иесі Қызылсай ауылынан келіп, үйіне алып кетті. Әлгі жігіт 10-15 күннен бері пайда болды. Бұрын жоқ еді. Қазір де көрінбейді. Қашып кеткен сияқты. «Күдіктінің түрін көрсең танисың ба?» деп ішкі істер органы қызметкерлері мені осында алып келді. Сол үшін келіп тұрмын.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Жаңаөзен қаласы
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46716,46166"]