«Caspi Leader camp» лагеріндегі бизнес-жобалар қаржылай қолдау тапты
[ 2017 ] 21 қыркүйек, 11:38 | Жастар беті
«Caspi Leader camp» лагеріндегі үш күнге созылған бизнес тренинг аяқталып, ең үздік жобалар анықталды. Лагерьдің жабылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұхамбетова арнайы келіп қатысып, республиканың түкпір-түкпірінен жиналған жас көшбасшыларға өзінің жылы лебізін білдірді.
«Каспий жастар форумының» аясында
ашылған лагерьде республиканың әр өңірінен 100-ге жуық жас келіп, тәлім алған болатын. Жастарға осы үш күн ішінде елімізге танымал бизнес жаттықтырушылар дәріс оқыды. Сарапшылар мен бизнес-жаттықтырушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерлік пен көшбасшылықтың қыр-сырын үйретті. Жастар алты топқа бөлініп, өздеріне Синергия (Ресей) бизнес мектебінің қазақстандық өкілдігінің директоры Б. Қасымбергебаев, WAKE UP Technology бас директоры А. Әбжанов, «Yuframe» жобалық менеджері Р. Абдуллаев, АлмаU университетінің бизнес-тренерлері В. Островский мен Р. Абдуллинді тәлімгер етіп таңдап алды. Оларға аз ғана уақыттың ішінде тәлімгерлерімен бірге
бизнес-жоба жасау тапсырылған болатын. Кеше «Балдәурен» демалыс орнындағы «Caspi Leader camp» лагерінің қатысушылары бірлесе жасаған бизнес жобаларын таныстырды. Байқаудың шарты бойынша, үздік жобалардың тәй-тәй басып кетуі үшін ақшалай қолдау көрсетілді.
Ең үздік жобаны «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАҚ Басқарма төрағасы, тәлімгер Н. Өтешовтың тобы ұсынды. Олар #aqshabar жобасын таныстырды. Түрлі қызмет түрінен 19,2 миллион теңге табыс тауып, оны әлеуметтік жағынан аз қорғалған 160 адамға көмек көрсетуге жұмсаймыз деген «Угол юрты» командасына 200 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.
Екінші орынды иеленген «Өмір» миға биоокустикалық коррекция жасау орталығының жобасын ұсынған «Жалын» тобына 150 мың теңге қаражат берілді. «Q тур» мобильдік қосымшасын таныстырған «Каспийдің пираттары» үшінші орынды иеленіп, оларға 100 мың теңге көлемінде ақшалай қолдау жасалды.
Басқа үш команда да марапатсыз қалмады. Мәселен, «Travel Q» туризм орталығын ашу арқылы Маңғыстауда туризмді дамытамыз деп шешкен топқа «Алматы менеджмент университетінің ректорының сыйлығы» тағайындалды. Г. Қорғанбаеваның ерекше назарына іліккен «Leader Q» командасы өз жобасын бастау үшін 150 мың теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.
Ал, бір емес, екі түрлі бағыттағы жобаны ұсынған «Болашақ» тобы Маңғыстау облысы атынан марапатқа ие болды. Бұлар – қалдықтарды қайта өңдеу және гидропоника жүйесі жобалары болатын.
Тағы бір ақшалай сыйлықты «iloveqaz.com» сайтының жобасын ұсынған «Жаңа ұрпақ» командасы жеңіп алды. Сайттың жұмыс жасап кетуі үшін «Водолей» компаниясының басшысы Нұрлан Туеғалиев 200 мың теңге көлемінде бастапқы инвестиция салды.
- Қазыларды таңғалдыру қиын емес, өз жобаңның өміршеңдігіне және шынайы пайда әкелетініне инвесторларды сендіру – бәрінен қиын. «Жаңа ұрпақ» тобы өз жобасына нағыз кәсіпкерді сендіріп, одан қаржылай қолдау алды, – деп атап өтті «Алматы менеджмент университетінің» ректоры Г. Қорғанбаева.
Уақыттың тығыздығына қарамастан, бизнес-жоба жасап, қазылардың алдында қорғап, оның жұмыс істейтініне сендіре білген жас көшбасшыларға сертификаттар тапсырылды. Лагерьдің жабылу салтанаты көңілді ән-күймен, поэзия кешімен аяқталды.
Естеріңізге сала кетсек, «Caspi Leader Camp» лагері Каспий маңы елдерінің І халықаралық жастар форумы осы форум аясында ұйымдастырылған болатын. Шараны Маңғыстау облысының әкімдігі мен Алматы Менеджмент Университеті бірлесе өткізді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген автор
[gallery ids="36566,36577,36573,36572,36570,36569,36568,36567,36578"]
1072
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.