©
Ұшаққа мінуді армандадым
Қазақтың өмірінде ерекше орын алған 362 әулие орын тепкен Маңғыстауға келіп, ағаларымның жанында сөйлеу – мен үшін үлкен мәртебе.
«Туған елдің қадірін, жырақта жүргенде түсінесің» деген қазақта әдемі сөз бар. Мен 9 жыл Қытай елінде білім алдым, қазақ студентері бірігіп, жастар саясатын басқардық. Алғаш ұйым құрылған кезде қолдау көрсеткен ҚР Дәне және азаматтық қолдау министрі Нұрлан Ермекбаев болды. Сол уақытта дүниеге келген ұйым қазір VI құрылтайын өткізіп жатыр.
Мен де сіздер сияқты ауыл баласы болып өстім. Көлдің жанында ойнап жүріп, аспаннан ұшақ ұшқанда біз де ел көруді, жер кезуді армандаушы едік. Жағымпазданғаным емес, Елбасының білікті саясаты арқасында қаншама жастарға шетелде оқу мүмкіндігі туды.
Соның ішінде, жолы болған адамның бірі – мен, «Болашақ» бағдарламасының түлегімін. Сіздер төлеген салықтың арқасында, халықтың арқасында Қытайда 9 жыл тегін білім алудың сәті түсті.
Қазақта әдебиет жоқ
11 жыл бойы орыс тілінде білім алдым. Сіздер сияқты Britney Spears, Руки Вверх, Backstreet Boys әндерін тыңдап, Голливуд киноларын көріп өстім. Алланың қалауымен әйгілі ақын Олжас Сүлеймененнің өзі атымды Олжас деп қойған. Орыс әдебиетін өз әдебиетіміздей оқушы едім. Бір күні 9-сынып оқып жүргенде қазақ әдебиеті сабағында мұғалімнің сөзін бұзықтықпен бөле бердім. Бала күнімізде приоритет басқа болды, авторитет дегенге қызығып, атаман болуды армандадық. Қазақ әдебиеті сабағында «Олжас Сүлейменов кім?» деп сұрақ қойды мұғалім. «Мен» деп қол көтергенім сол-ақ еді:
– Сен атыңды ауыстырып тасташы. Олжас деген атқа лайық емессің, – деді мұғалім.
– Неге, – деймін мен.
– Сен өз әдебиетіңді өзің сыйламасаң, онда сен қайдан Олжас боласың?!
– Апай, кешіріңіз, бірақ қазақта әдебиет жоқ қой!
– Балам, Сәбит Мұқановты, Ілияс Есенберлинді оқыдың ба? «Абай жолын» оқыдың ба?
– Жоқ.
– Қазақ әдебиеті жоқ емес, бар! Ал, сенің сауатың жоқ, - деп аяқтады сөзін апайым.
Ол кезде ештеңе оқымасақ та намысшыл едік. Үйге келіп, «Неге қазақ әдебиетін оқытпадың?» деп кінәні анамнан іздедім. Сөйтіп қолыма Сәбиттің «Ботагөзін» алдым. Сәбит атамыз өз кітабында Оқжетпестің сұлулығын қыздың шашының сұлулығымен бейнелегенін оқығанда қазақ тілінің қаншалықты бай, шұрайлы тіл екендігіне таңғалғам. Алғаш рет «қазақ әдебиеті жоқ, ауыз әдебиеті ғана бар» деген ең ұят пікірімнің арқасында ұлттық код деген не екенін түсіне бастадым.
Қытайдағы қандасым неге сүйінші сұрады?
Қытайға алғаш келгенде қай елге барғанымызды аса түсіне қоймадық. Ол жақта Елбасының жолдауы дегенді еститін едік, бірақ жолдауды асыға күтіп, оның мазмұнын жете түсініп оқымаппыз. Бір күні түнгі 3-те ұйықтап жатсам, Қытайда тұратын қандас бауырым сүйінші деп қоңырау шалды. Мен үйленген жаңалығын айта ма десем, «Елбасының жаңа жолдауын тыңдадыңыз ба? Біздерге, оралмандарға, жастарға қажет ең тиімді жобаларды, жақсы өзгерістер туралы айтты. Сол үшін құттықтағалы телефон шалдым», – дегенде қатты ұялдым. Біз сол жақта жүріп Қазақстандағы жағдайға, саясатқа мән бере бастадық, Мейрамбекті, Шәмшінің әндерін тыңдап қазақылана бастадық. Жырақта жүріп ұлттық кодтың не екенін түсіндік.
Ауылда отырып, Гарвард университетінің дәрістерін тыңдауға болатын заман
Аталарымыз, әке-шешеміз өмір сүрген заманға қарағанда қазір оңай. Барлық білімді ғаламтордан алуға мүмкіндік бар заман. Ауылда отырып, Гарвард университетінің дәрістерін тыңдауға болатын заман. Ата-анамыз «Не жеймін, не киемін, ауылдан қалаға қалай көшемін, бауырларымды қалай адам қыламын» деген тұрмыстық сұрақтармен шектеліп қалды. Жаһандық сұрақтарға жауап іздеуге мүмкіндігі болмады. Біз Қазақстанмен шектелмей, халықаралық деңгейдегі стандартқа сай болуымыз керек. Қазақ ешкімнен кем емес.
«Coca-cola» қымыз-қымыраннан артық болған заман
«Coca-cola», «Mc Donalds» сияқты трендтер әлемді жаулап үлгерді. Өкінішке қарай, қазір Coca-cola қымыз-қымыраннан артық болып кетті. Ұлттық кодтың бизнес саласына орасан зор көмегі бар. Кәсіпкерлік халықтың тұрмысына өз үлесін қосып келеді.
Тарихымызға үңілсек, қазір кәсіпкерлер бұрынғы замандағы бай деген сөзбен тең мағына береді. Қай әдеби шығарманы алып қарасақ та, Құнанбай, Базарбай, Оразбай деген тұлғалар бір ауылдың ұйытқысы бола білген, жетімін жылатпағпн, жесірін қаңғытпаған. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған әділетті азаматтар бай деген статусқа ие болған. Сол себепті мен кәсіпкерлерді қоғаммен жұмыс істеуге, ал жастарды кәсіппен айналысуға шақырамын.
«Жаңғыру» сөзі намыспен пара-пар келеді деп ойлаймын. Мен халықаралық Жапония құрылыс мекемесінде жұмыс істегеннен кейін, біздің мекемелер де сол деңгейге көтерілгенін қалаймын. Қазақстандағы құрылыс мекемелерін өзіме бәсекелес деп емес, керісінше үйреніп, тәжірибе алмасатын мекеме ретінде қараймын. Құрылысшымын десем, бәрі «Коррупционер, мошенник, кидало» деген сөздерді айтады. Бұл көзқарасты өзгерту керек. Әріптестеріме «Сіздер құрылысшымын деп лайықты айта алсаңыз, жауапты сезіне алсаңыз, сізді де ел сыйлайды» деймін. Құрылысшы кім? Құрылысшы – Елбасы, Бейбарыс хан, әмір Темір. Ең ұлы тұлғардың бәрі – құрылысшы. Ағаларымыз ренжімесін, бірақ жастар бірден мемлекеттік қызметкер болсам, шенеунік, басшы болсам деп армандайды. Шын мәнінде, кәсіби инженер, кәсіби құрылысшы болудың өзі – ерлік.
Олжас СҮЛЕЙМЕН, «SHEBERBUILDING» ЖШС бас директоры, «Caspian Youth Forum» халықаралық жастар форумында сөйлеген сөзінен
Дайындаған Айгүл ДӘДЕН