Қош бол, алтын ұя мектебім!
[ 2017 ] 26 мамыр, 11:32 | Жастар беті
Кеше ауданымыздың барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған түлектер білім ордаларымен қоштасты.
Қоңырау үні – бұл мектеп қабырғасынан шыққан әрбір адамның құлағына таныс, жүрегіне жақын. Өйткені, алғашқы қоңырау – балалық арманыңды жетелеп, білім алып, мақсатыңды айқындауға шақырса, соңғы қоңырау үні –қанаттанған бозбала мен бойжеткендерді арман биіктеріне ұшырып, ең үлкен өмір мектебіне шығарып салады. №5 орта мектеп түлектерін соңғы қоңырау салтанатымен құттықтаған аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев осылай деді. Айтуынша, өткен жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде аудан бойынша 147 түлек мемлекеттік білім грантына ие болса, «Серпін-2050» әлеуметтік бағдарламасымен 58 түлек жоғарғы оқу орнына түскен. Ал, биылғы оқу жылында аудан бойынша үздік оқып, білім алған 21 түлек «Алтын белгіге» және 31 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер екен. Оның ішінде №5 орта мектептен 10 түлек «Алтын белгіге» және 8 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
Кеш барысында мектеп директоры Жамал Бөкен түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, жақсы жетістіктерге жетіп, ауданымыздың білім саласындағы беделінің артуына өзіндік үлестерін қосқан бірқатар оқушылар мен ізгі ұрпақ тәрбиелеген бір топ ата-аналарды «Алғыс хатпен» марапаттады.Бастауыш сынып жетекшілері мен 11 сынып жетекшілері, мектеп мақтаныштарының құттықтау сөздерінен кейін 11 сынып оқушыларының «Қош бол, мектебім» әні орындалып, «Қоштасу вальсі» биленді.
Білім-дерек:
-Биыл 1-сыныпты 3294, 9- сыныпты 1734 оқушы бітірсе, ал, 11-сыныпты 579 оқушы аяқтамақ, бұл санға кешкі мектептің 55 түлегін қосыңыз;
-2016-2017 жылғы 11-сыныпты бітіретін мектеп түлектерінің 21-і «Алтын белгіге», 31-і «Үздік аттестатқа», 51-і «Үздік куәлікке» үміткер болып отыр;
-Осы жылы мектептерден түлеп ұшқалы отырған 579 шәкірттің 524-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 61,61 пайызды құраған еді; Биыл одан 28,89 пайызға артқан.
Әсел ТАҢАТАРОВА, «Мұнайлы»
1098
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.