Астанада “Amanat” партиясы мәслихат депутаттарының бірінші форумы өтіп жатыр. Форумда сөз алған Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты моноқалаға не жетіспей тұрғанын тізбектеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
“Жанөзенде 54 000 жас бар. Олардың бос уақытын тиімді өткізетін бірде-бір арнайы ғимарат жоқ. Бізді, жаңаөзендіктерді, қит етсе бәрі митингіге шыға береді деп ойламаңыздар. Бізде де мәдениетке, руханиятқа деген сұраныс бар. Осы мәселені шешу үшін жастарға арналған «Болашақ сарайы» ауадай қажет боп тұр”, - деді Асқар Ноғай.
Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаты шаһардағы ауыз су тапшылығына, өндіріс аймағындағы электр қуатының жетіспеушілігіне және қаладағы балабақша санының аздығын тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырғанын айтты. Қаладағы тұрғын үй ғимараттарының әбден ескіргені, инфрақұрылымды дамыту ісінің кенже қалғанын сынға алды.
Бұдан бөлек Асқар Ноғай форумда ҚР Премьер министрі Әлихан Смайыловқа Жаңаөзеннен жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын бастауды жеделдетуді ұсынды.