Ақтау қаласында Жылыой ауданының мәдени күндері аясында концерт өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Мерекелік кеште Жылыой ауданынан арнайы келген белгілі өнерпаздар әуезді ән шырқап, мың бұрала би биледі. Көңілді іс-шараны қала тұрғындары мен қонақтары тамашалап, жиналған халық Жылыой өнімдерінен дәм татты. Іс-шараға Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов қатысып, жылыойлықтарды мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.
-Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл шараны тамашалауға келген халық қарасы көп. Жылыой ауданы өркендей бергей, - деді Ербол Ізбергенов.
Атырау облысы Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, концерттің басты мақсаты - екі өңірдің мәдени-рухани байланысын бекітіп, сан алуан салада өзара тәжірибе алмасу.
-Жылыой мен Маңғыстаудағы мәдени үдерістер мен өзгерістер жөнінде ақпарат алмасу үшін өнер жауһарларымызбен маңғаз мекенге сапарлап келдік. Мерекелік кештің алдында «Салт-дәстүрім салтанатым» атты этно-ауыл көрінісі мен «Жылыой - қазыналар мен мол мұраның өңірі» атауындағы көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Жылыой жәрмеңкесі мен қонақасы өтті. Маңғыстау халқының көңілінен шығып, жатырмыз деп ойлаймын, - деді Гүлнафис Айшуақова.
Іс-шараға Жылыой ауданынан 300-ге жуық өнерпаз келді. Олардың қатарында аудан өнерпаздары мен өнер ұжымдарының және ауданның танымал жұлдыздары Қайрат Жұмағалиев, Игілік Оразалы мен Инабат Ризабекова, Жанболат Найзабеков және Нұрболат Қанаев болды.
-Жылыой ауданының мәдениет үйінен түлеп ұштым. Әлі күнге дейін шаралар болса отбасымды қолдауға міндетті түрде келіп тұрамын. Бүгін Ақтау тұрғындарына 7 әнімді шырқап, сонымен қоса, 2 әнімнің тұсауын кесіп жатырмын, - деді Нұрболат Қанаев.
Ақтаулықтар концертті ерекше қабылдап, жүрекжарды тілегін білдірді. Шараға келген қала тұрғындарының бірі Мадина Шымбаева. Ол жылыойлықтардың өнеріне тәнті болып, мерекелік кештің жоғары деңгейде өткенін айтады.
-Аталған мерекелік кеш халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, билетіп те жатыр. Көптен бері осындай концертке келмегендіктен жанымыз жадырап, керемет сезімде тұрмыз. Жылыой ауданының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Биік белестерді бағындыра беріңіздер, - деді Мадина Шымбаева.
Шара соңында Жылыой ауданы атынан Ақтау халқына ықылас гүлі тарту етіліп, мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Жиналған көпшілік рухани кештен көтеріңкі көңіл-күймен тарады.