Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Amanat» атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында елдегі газ мәселесін шешуге бағытталған негізгі жобаларға тоқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«2025 жылға дейін нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың көлемі 95%-ке дейін жеткізіледі. Газ мәселесін шешу үшін орта мерзімді перспективада келесі жобалар жоспарланған. Қашаған кен орнында жалпы қуаты 1 млрд текше метрден асатын газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Қашағанда қуаттылығы 4 млрд текше метр болатын тағы 1 газ өңдеу зауытының құрылысы пысықталу үстінде. Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы 4 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу жөнінде шешім қабылданды», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр өңірлерде 640 млрд текше метр газ қорын барлау жоспарланып отырғанын айтты.
«Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы күзге дейін басталады. Сондай-ақ, облыстарда газдың жалпы бағалау ресурстары 640 млрд текше метр болатын қосымша барлау жұмыстары жүргізіледі», - деді ол.