«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасайұлы өңірде жұмыс істейтін барлық шағын және орта бизнес субъектілері үшін бөлшек салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға түсіру туралы ұсыныс жасады. Ол бұл туралы мәслихаттың экономика және тұрақты бюджет комиссиясының отырысында айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Бектемірдің айтуынша, облыста 360 қызмет түрлері бойынша оңайтылған, жалпыға бірдей белгіленген және бөлшек салық түрлері бойынша барлығы 66 304 (жеке кәсіпкер және заңды тұлға) салық төлеуші тіркелген. Маңғыстау облысы кірістер департаменті ұсынған 2022-2023 жылдарға арналған салық есептемелеріне сәйкес, талдау жұмыстары жүргізіледі.
Талдау барысында, салық мөлшерлемесін 3%-ға немесе 2%-ға төмендеткен жағдайдағы салықтық түсімдердің тапшылық қаупі есептеліп, жергілікті бюджет түсімдерінің көлеміне айтарлықтай әсер ететіндігі анықталғанын жеткізіп, бөлшек салық режимінің белгіленген 4% мөлшерлемесін 3%-ға ғана төмендетілетінін жеткізді.
Айта кетуіміз керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында «Бөлшек салықты енгізу мәселесі қажетті бастама болғанына көзіміз жетті. Осыны ескере отырып, Үкімет оны қолдану аясын екі есе кеңейтеді», - деген болатын.
Партияның облыстық филиалында өткен жылы да осы мәселе бойынша кәсіпкерлермен кездесу өткізілген еді.